Accessibility links

Құқық қорғаушылар мен омбудсменнің бағасы әртүрлі


Алматыдағы наразылық шарасы. 10 мамыр 2018 жыл.

Жыл аяғында құқық қорғау ұйымдары Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты мәлімдеме жасады. Олар елдегі ахуалды талдап, баға берген. Құқық қорғаушылар жылды қалай қорытты? Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық не дейді?

"КЕРІ КЕТУ БАЙҚАЛАДЫ"

"Әділ сөз" баспасөз бостандығын қорғау ұйымы Қазақстандағы сөз еркіндігіне талдау жасап, сәл ілгерілеушілік байқалғанымен, "демократия принциптерін шектеу әлі жалғасып жатыр" деп мәлімдеді.

Адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюро норвегиялық Хельсинки комитетімен бірлескен мәлімдемесін жариялап, Қазақстанда желтоқсанның 16-ы мен 17-сіндегі азаматтарды жаппай ұстауды сынады.

Қарай отырыңыз: Тәуелсіздік күні ондаған адам ұсталды (16 желтоқсан 2018 жыл)

"Әділ сөз" қорының басшысы Тамара Калееваның пікірінше, Қазақстанда "БАҚ тәуелсіздігі барған сайын жойылып барады, сөз бостандығын қорғауға тырысқан азаматтық белсенділерге түрлі қысым көрсетіледі".

– Биыл адам құқығы саласында кері кету бар, әсіресе сөз бостандығына қатысты соны байқадым. Алауыздықты қоздыру айыбына қатысты соттар көбейді. Ресейден де жаман болып кеттік. Адамдарды әлеуметтік желіде постты бөліскені үшін, лайк басқаны үшін, философиялық-діни еңбектерді таратқаны үшін қамап, соттап жатыр. Адамдар интернетте пікір жазудан шошитын болды, - дейді Калеева.

"Әділ сөз" қоры журналистерге қысым жасалған бірнеше жағдайды мысалға келтірген.

"Сот "Трибуна. Саяси қалам" газетінің бас редакторы Жанболат Мамайдың журналистикамен айналысуына тыйым салды, "CentralAsiaMonitor" газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллинге бас бостандығынан айрылу қаупі төніп, журналистикадан кетті, "Радиоточка" интернет-порталының бас редакторы Бекжан Ыдырысов елден кетуге мәжбүр болды. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы қабылданғанына 70 жыл толған шақта ұлттық заңнама мен халықаралық стандарттарды өрескел бұзып, аса танымал Ratel.kz онлайн-басылымын жапты, оның журналистері жұмыссыз қалды. "Дат" және "Уральская неделя" тәуелсіз басылымдары сот пен әкімшілік тарабынан жиі қысым көріп келеді" делінген қор мәлімдемесінде.

- Журналистика стилі мен саяси баяндау тәсілі өзгерді. Тұспалдау, теңеу, одағай сөздермен жеткізу басым болып кетті. Маңызды дүниелерді Эзоп тілімен айтуға көштік, себебі еш қылмысыңыз болмаса да, тек пікір білдіргеніңіз үшін тұтқындау, қудалау мен сотталу қаупінен осылай ғана сақтана аласыз, - дейді Калеева.

Тамара Калеева
Тамара Калеева

Құқық қорғаушы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің "БАҚ саласындағы заңнаманы сақтауда тәуекел деңгейін бағалау өлшемі және тексеру парақтарын бекіту туралы" бірлескен бұйрығына алаңдайды. Бұған қатысты "Әділ сөз" жеке мәлімдеме жасаған.

- Барлық жерде жаппай аңду күшейді. Әлеуметтік желілерді қылмыстық және азаматтық кодекс арқылы бақылайды, "қомақты" деп тапқандарын Ақпарат және коммуникациялар министрлігі нұсқауымен, бұйрығымен бақылайды. Қазір адамдар сыни пікір жазбай тұрып жан-жақты ойланып алады, сақтық жасайды. Ал негізгі маңызды заңдар өзгеріссіз қалды, - дейді Тамара Калеева.

"ЕЛДЕ ҮРЕЙ БАР"

Адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюро сайтының (bureau.kz) редакторы Андрей Гришин жыл аяғында әдеттегідей "күйініш пен түңілу сезімі" бар екенін айтады.

Бюро елдегі саяси себептермен қудалау, бейбіт жиын өткізу құқығының бұзылуы, азаптауға қатысты жағдайларды бақылайды.

– Билік елде үрей-қорқыныш атмосферасын орнатты, Қазақстанның Түркіменстанды үлгі етіп алғаны түсінікті болды, - дейді Гришин.

Андрей Гришин
Андрей Гришин

Оның дерегі бойынша, биыл Бюро 33 бейбіт жиынды тіркеген (2017 жылы - 36). Олардың бәріне рұқсат берілмеген, жартысы адамдарды қамаумен аяқталған. Алдын ала қамау (акция өткенге дейін – ред.) мен ескертулер саны көбейген. Гришиннің мәлімдеуінше, мемлекеттік мекемелерді сынауды көздеген бейбіт жиын өткізу туралы өтініштің ешбіріне билік рұқсат бермеген.

Гришиннің айтуынша, қазір колонияларда саяси себеппен қамалған немесе сотталған 14 адам отыр (құқық қорғаушы Ескендір Ерімбетов пен Мұхтар Жәкішевті де атады – ред.), бір адам мәжбүрлі психиатриялық емдеуден өтіп жатыр (Наталья Уласик).

"Бұрынғы" саяси тұтқындардың біразы еркіндікке шықты, олардың ішінде Талғат Аян, Саят Ыбырай, Вадим Курамшин, Әмин Елеусінов, Нұрбек Құшақбаев пен Теймур Ахмедов бар.

2018 жылдың көктемінде экстремистік ұйым деп танылып, Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысқан, соны насихаттаған немесе қолдайтынын білдірген он шақты адам сот үкімімен шартты жаза алды немесе түрмеге қамалды, кейбірі әлі тергеуде отыр.

Қазақстанның азаптауға қарсы үкіметтік емес коалициясына жабық мекемелер мен полиция бөлімшелеріндегі азаптау мен өзге де қатыгез қарым-қатынас туралы 116 шағым түскен.

- Қазақстанда адам құқығына қатысты жағдай одан әрі нашарлап кетті. Осының бәрі талайдан бері тұрақты түрде жалғасып келе жатқандықтан, келер жылы одан әрі нашарламақ, - дейді Андрей Гришин.

"ҚҰПИЯ" ДЕГЕН БЕЛГІМЕН НАСИХАТҚА БӨЛІНГЕН АҚША

Гүлмира Біржанова - жеке БАҚ-тың қайсысы мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орындау үшін бюджеттен ақша алатынын және қанша алатынын анықтау мақсатында Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен (АКМ) соттасқан "Құқықтық медиа-орталығы" ұйымының заңгері.

Министрлік бұл деректерді "ашық емес" деген санатқа енгізген. Сот та оны қолдап, қордың шағымын қанағаттандырудан бас тартқан.

- Биылғы жылды жақсы аяқтадық деп айта алмаймыз. Соттың барлық инстанцияларында жеңілдік, енді тек Жоғарғы сот төрағасына жүгіну қалды. Халықаралық сотқа үміт артамыз, - дейді Гүлмира Біржанова.

Гүлмира Біржанова
Гүлмира Біржанова

​Үгіт-насихатқа бюджет қаржысын жұмсауда ашықтықтың жоқтығына қоғам назарын аударту үшін қор өз сайтында "Насихатпен қалай ақша табуға болады?" атты онлайн-ойын жасап қойған. Онда әркім мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа бөлінген ақшаны шартты түрде қалауынша жұмсай алады.

Заңгердің айтуынша, биыл журналистер мен азаматтық белсенділерді, блогерлерді қылмыстық кодекстің "алауыздық қоздыру", "көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату" баптарын бұзғаны үшін сотқа беру оқиғалары жиілеген.

- Жақсы оқиғалар да болды. БАҚ туралы заңға сәйкес, (ондағы кемшіліктерге қарамастан - Г.Б) журналистердің көше мен қоғамдық орындарда адамдарды өз келісімінсіз суретке түсіруіне рұқсат ететін норма пайда болды, - дейді Біржанова.

Заңгердің пікірінше, биылғы жылдың басында күшіне енген БАҚ туралы заңдағы түзетулер "бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайын нашарлатады". Олардың арасында анонимді түрде пікір жазуға тыйым салатын норма да бар.

- Мемлекет қоғамда балама ақпарат алатын жалғыз көз интернет екенін біледі, сондықтан заңға пікір жазу және постпен бөлісуге қатысты түрлі түзетулер енгізіп жатыр. Билік интернетті бақылауын күшейтті, мемлекеттік тапсырыс саласында билік бөлген қаржы көлемі артып келеді, біздегі БАҚ-тың 90 пайызы ақшаны бюджеттен алады. Елімізде тәуелсіз басылым жоқтың қасы, оппозицияны айтудың да керегі жоқ. Соңғы жылдары қабылданған және қабылданып жатқан заңның бәрі жағдайды қатайтуға бағытталған, - дейді Біржанова.

"КҮШ ҚОЛДАНУ КҮШЕЙДІ"

Адвокат әрі құқық қорғаушы, АҚШ мемлекеттік департаментінің "Батылдығы үшін" марапатының иегері (International Women of Courage Awards) Айман Омарова зорлық-зомбылық жағдайларымен, соның ішінде әйелдер мен балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету оқиғаларымен жұмыс істейді.

Ол терроризм мен экстремизм айыбымен сотталғандарды, саяси себеппен сотталған және қамауға алынғандарды қорғайды, олардың арасында 2016 жылы "заңсыз митинг ұйымдастырды", "алауыздық қоздырды" және "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айыптармен бес жылға сотталған Макс Боқаевтың да ісі бар. Amnesty International құқық қорғау ұйымы оны "саяси тұтқын" деп таныған.

Адвокат Айман Омарова
Адвокат Айман Омарова

- Адам құқығына қатысты жағдай бұрын қалай болса, сол күйінше қалды. Еш оң өзгеріс жоқ. Шенеуніктер түрлі жобаны өз бетімен жүзеге асырып жатыр, адамдарға еш қатысы жоқ. Бұрынғы АЛЖИР мен КАРЛАГ-тар елі енді "ГУЛАГ-тар еліне" айналды. Жаңа жылда Қазақстан адам құқығын қорғау саласында бір қадам алдыға, екі қадам артқа баспаса екен дейміз, - дейді 2018 жылды қорытындылаған Омарова.

Биыл адвокат 30-дан астам қылмыстық істі қарауға қатысқан. Қазір сегіз іс бойынша соттар жалғасып жатыр. Істердің көбі балаларға күш көрсетумен байланысты екен.

– Талғарда екі ұл баланы зорлаған, Шымкентте екі іс бар, Алматы облысы мен басқа аймақтарда осындай бірнеше іс бар, - дейді Айман Омарова.

Қазір ол "он төрт адам зорлады" деген қостанайлық қыздың құқығын қорғап жатыр.

– Күш көрсету оқиғалары көбейді. Көбі "бұрын бәрі үндемейтін, ал қазір бәрі айта бастады" деп санайды. Олай емес! Бұрын мұндай жаппай күш көрсету оқиғалары болмайтын. Құдай сақтасын, қазір көшеде жалғыз қалсаң, баланы немесе әйелді жалғыз тастасаң, зорлап кету не басқа бір қылмысқа тап болу ықтималдығы көп, - дейді қорғаушы.

Айман Омарова қылмыстың артуын тұрғындардың әлеуметтік деңгейімен байланыстырады.

- Мысалы, кейбір алыс аудандарда адамдар немен айналысарын білмейді. Қылмыскерлерді ақтап тұрған жоқпын, бірақ профилактика жүргізілмейді. Адамдар өз құқығын да, өзгенің құқығын да білмейді. Балалардың көбі зорлану немесе біреуді зорлау – қылмыс екенін білмейді, - дейді адвокат.

Оның айтуынша, "заңнама жетілмегендіктен экстремизм мен терроризм үшін әділетсіз сотталғандар" саны артқан.

- Менің пікірімше, оқиғалардың кем дегенде жартысында адамдар заңсыз сотталған. Тергеушілердің біліктілігі төмен. Адам сақалын өсірсе немесе бір теріс қылық көрсетсе, оны дереу радикалдар санатына қосады. Анық-қанығын ажыратпайды. Мұсылмандар ғана емес, христиан ағымдарына қатысты да қуғын-сүргін әдістері қолданылып жатыр. Мысалы, "Новая жизнь" баптистік шіркеуін қудалау басталды, - дейді адвокат Омарова.

ОМБУДСМЕННІҢ ОҢ ӘСЕРІ

Азаттық Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкілетті өкіл Асқар Шәкіровке хабарласып, биылғы жылғы адам құқығына қатысты жағдайға түсініктеме беруді сұрады.

Омбудсмен орнына Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталықтың сараптамалық жұмыс басқармасының жетекшісі Динара Оспанова жазбаша жауап берді. Оспанованың айтуынша, омбудсменге жыл сайын 1500 хабарлама түседі. Оның ішінде құқық қорғау мекемелерінің іс-әрекетіне шағымдану, сот шешімі мен үкіміне келіспеу және сапасыз мемлекеттік қызметке байланысты шағымдар көп.

Динара Оспанованың хабарлауынша, Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық онкологиялық аурулар, эпилепсия, қант диабеті мен гемофилияға шалдыққан адамдарға дәрі-дәрмектің жетіспеуі, "Алтын алқа" медалімен марапатталған көп балалы аналардың мемлекеттік тұрғын үй алу мәселесі, Астанадағы қоғамдық көліктің жағдайы және құқық қорғау мекемелерін реформалау тәрізді мәселелерді қарастыруға бастамашы болған.

Оспанова биылғы жылды "бәсекеге қабілетті азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға қатысты оң әсер қалдырған жыл болды" деп сипаттап, "елдің құқық қорғау әлуетін арттыруға тікелей қатысы бар әлеуметтік, құқықтық, экономикалық салада өзгерістер бола береді" дейді.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG