Accessibility links

Қазақстанда жиын өткізетін орынға рұқсат алу қиын


Полицейлер наразылыққа келген азаматтарды ұстап алып бара жатыр. Алматы, 23 маусым 2018 жыл
Полицейлер наразылыққа келген азаматтарды ұстап алып бара жатыр. Алматы, 23 маусым 2018 жыл

Алматы тұрғыны арнайы белгіленген орында митинг өткізуге рұқсат бермеген Алматы әкімдігін сотқа беріп, жеңілді. Қоғамдық белсенділер бейбіт жиынға рұқсат алу қиындап кеткеніне, рұқсатсыз жиын өткізгендерді жазалау көбейіп бара жатқанына алаңдайды.

"32 КҮНГЕ 32 ӨТІНІШ"

Мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің қазасынан кейін құқық қорғау органдарының қызметіне қоғам наразылығы күшейген кезде Алматы тұрғыны Әлнұр Ильяшев қала әкімдігінен митинг өткізуге рұқсат сұраған. Ол бейбіт митинг кезінде Ішкі істер министрлігін реформалауды талап етпек болған.

"Мамандығым заңгер, саяси ұйымдарға қатысым жоқ" деген Ильяшев тамыздың 11-і мен қыркүйектің 11-іне дейінгі аралықта, яғни 32 күннің кез келген күніне митинг өткізуге рұқсат беруді сұрап, 32 өтініш жазған. Алайда Алматы әкімдігі "қоғамдық саяси жиын өткізуге арналған жалғыз орын – Сарыарқа кинотеатры алаңында дәл сол аралықта жөндеу жұмыстары жүреді" деп жауап берген.

Алматы әкімдігін сотқа берген Әлнұр Ильяшевтің шағымы бойынша өтіп жатқан сот. Алматы, 25 қыркүйек 2018 жыл
Алматы әкімдігін сотқа берген Әлнұр Ильяшевтің шағымы бойынша өтіп жатқан сот. Алматы, 25 қыркүйек 2018 жыл

Бұрын қоғамдық саяси шараларда белсенділігімен көзге түсе қоймаған Әлнұр Ильяшев әкімдіктің бейбіт жиын өткізетін орын беруден бас тартқанына таңырқайды.

"Бұл - әрбір азаматтың конституциялық құқығы, оған билік нұқсан келтірмеуі тиіс" деген ол Алматы әкімдігін сотқа берген. Алайда қыркүйектің 25-інде Алматы қаласы Бостандық аудандық соты Әлнұр Ильяшевтің шағымын қанағаттандырмады.

Алматы әкімдігінен келген үш адам сот шешіміне қатысты комментарий бермеді. Азаттық тілшісі әкімдік өкілдерінен: "Митинг өткізуге рұқсат беру туралы өтініш қаншалықты жиі түседі және олардың қаншасына рұқсат берілді?" деп сұрады. Бірақ әкімдіктен келгендер бұл сұраққа жауап бермеді.

Әлнұр Ильяшев бұл шешімге келіспей апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Қажет болса, БҰҰ-ның адам құқықтары комитетіне дейін шағымданатынын жеткізді.

- Осылай боларын сездік. Әкімдік "жөндеу жұмыстары басталды" деп сылтау айтқанымен тамыздың 4-і спорт күніне орай "Сарыарқа" кинотеатры алаңында балаларға арналған шара өткізді емес пе? - дейді ол.

Әлнұр Ильяшевтің шағымы бойынша өткен отырысқа қатысқан белсенділердің бірқатары билікті сотқа беріп жеңу қиын екенін айтады.

Белсенді Маржан Аспандиярова
Белсенді Маржан Аспандиярова

Ильяшевтің қоғамдық қорғаушысы Маржан Аспандиярова да заңсыз жиынға қатысқаны үшін әкімшілік жазаға тартылып, кейін сотқа да шағымданып көрген. Бірақ шағымданудан нәтиже шықпаған.

Қоғамдық белсенділер митинг өткізу туралы өтінішке әкімдіктің рұқсат бергенін кезін еске түсіруге қиналады. Бірақ белсенділер "рұқсат ала алмай жиын өткізіп, әкімшілік жазаға тартылғандардың көптігін" айтады.​

Олардың түсіндіруінше, "қандай да бір қоғамдық саяси жиын өткізу туралы өтініш берілген кезде міндетте түрде ол орын бос болмайды немесе міндетті түрде басқа сылтау табады".

Қоғамдық белсенді Сергей Дувановтың айтуынша, Қазақстанда азаматтар бейбіт жиын өткізу құқығын пайдаланудан қала бастаған.

- Оның екі себебі бар. Біріншіден, қоғамдық саяси сипаттағы жиын өткізуге жоғары жақтан бейресми түрде тыйым салынғанға ұқсайды. Билік өзі рұқсат бермеген жиындарды қуып тарату былай тұрсын, жиынға барғысы келетін ниеті үшін ескерту беріп, үйінен шыға бере ұстайтын болды. Екіншіден, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде қару қолдану - жұртшылықты тіксінтті. Яғни, қамау, айыппұл салудан да қатыгездік көрсетуі мүмкін деп сескенетін болды, - дейді ол.

Қоғамдық белсенді Сергей Дуванов
Қоғамдық белсенді Сергей Дуванов

ЖИЫН ӨТКІЗЕТІН ОРЫН САНЫ ҚАНША?

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Ильяшевтің БҰҰ-ға дейін барса да, талабын орындата алатынына күмәнмен қарайды. Қоғамдық белсенділікпен шұғылданып, бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған Төреғожина БҰҰ-ның адам құқықтары комитетіне дейін шағымданып көрген.

- БҰҰ адам құқықтары комитеті менің үш талап арызымды заңды деп санап, Қазақстан билігін орындауға міндеттеген. Бірақ түрлі сылтаулармен орындалған жоқ, - дейді ол.

Әйткенмен Төреғожинаның БҰҰ-ға ұзақ жылдар бойы шағымдануынан кейін Қазақстанның бас прокуратурасы екі жыл бұрын жергілікті билік органдарына оппозициялық бағыттағы жиын өткізетін бес орын белгілеуді тапсырған.

- Қазақстанда барлығы 800-ге жуық орын белгіленді. Ондай орындар облыстық және аудандық мәслихаттардың шешімімен бекітілді. Бірақ Алматы әкімдігі оны "тек ұсыныс қана" деп орындаудан бас тартты. Сондықтан "Сарырқа" кинотеатрының алаңынан басқа жиын өткізетін жер жоқ. Тіпті, ол бес орнының өзі де бейбіт жиын өткізу талабын сай келеді деуге болмайды, - дейді құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина

Қазір қолданыстағы "Қазақстан Республикасында бейбіт жиын, шеру, демонстрация өткізу тәртібі туралы" заң 1995 жылы күшіне енген. Ол заңда қоғамдық саяси сипаттағы кез келген жиын биліктің рұқсатымен белгіленген орында ғана өткізіледі. Тәуелсіз сарапшылар бірнеше рет заң жобасына өзгертулер еңгізуді ұсынған, бірақ ұсыныстар қабылданбаған.

"РҰҚСАТ БЕРСЕ, ЖИЫН КӨБЕЙЕДІ"

Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылар Жаңаөзен оқиғасынан соң 2016 жылдың көктеміндегі Жер митингілеріне дейін ірі жиындар өтпей қалды деп санайды. Бұл аралықта Қазақстанның Кеден одағына қосылуына қарсы, Ресей жалға алған Байқоңырдан ұшқан зымырандардың апатқа ұшырап, улы гептилдің төгілуіне байланысты наразылықтар, Қазақстанның Еуразия экономикалық одағына қосылуына қарсы кейбір топтардың жиыны жабық ғимараттарда өткен. Ал жиын өткізуге рұқсат ала алмаған кейбір белсенділер бір адамдық пикет өткізіп, қарсылық білдірген.

2016 жылы көктемде биліктің рұқсатынсыз бірнеше облыс орталығы мен қалада өткен Жер заңына қарсы наразылыққа қатысушылар жаппай әкімшілік жазаға тартылған.

Атыраудағы "жер митингісінің ұйымдастырушысы" деп танылып, істі болған Макс Боқаев пен Талғат Аянға қолдау білдірушілердің шағын жиыны да басталмай жатып, полиция қамауына ұласқан. Ұстаулардың барлығы ақшалай айып салумен, ондаған тәулікке қамау жазасымен аяқталды.

Құқық қорғау органдарының жиынға қатысушыларды ұстау, қуып тарату тәжірибесі қуғындағы бизнесмен Мұхтар Аблязов "Қазақстан демократиялық таңдауы" (ҚДТ) саяси қозғалысын құрғанын жариялағаннан кейін күшейе түсті. Әблязов әлеуметтік желілер арқылы халықты көшеге шақырған. Бас прокуратура ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныды. Кейін Астана және Алматыда өткен "саяси тұтқындарды босатуды талап еткен жиында" полиция ондаған адамды ұстаған. Олардың көбіне "рұқсат етілмеген митингіге шыққаны үшін" айыппұл салынған.

Видео: Алматы мен Астанада полиция ондаған адамды ұстады

Қарағанды қаласында тұратын қоғамдық белсенді Айтқожа Фазыл билік рұқсат етпейтінін біле тұра биыл көктемде бір адамдық пикет өткізу туралы әкімдікке өтініш жазған. Бірақ қала билігі рұқсат бермеген.

- Қаланың кез келген рұқсат берілген жеріне бір өзім шығып, пикет жасамақ болдым. Неден сескенгенін білмедім, рұқсат бермеді. Шешімдерін еш қисынға жатқыза алмадым. Азаматтардың ой-пікірін білдірудің бір түрінен біржола айырылған сияқтымыз, - дейді ол.

Халықаралық құқық саласының маманы Руслан Түсіпбековтің айтуынша, бір адамдық пикетке шығу халықаралық тәжірибеде митинг болып саналмайды, сондықтан оған биліктің рұқсаты керек емес.

- Алайда бір адамдық пикетке Қазақстанда басқаша қарайды. Өз басым, соңғы бірнеше жылда билік қоғамдық саяси күштердің жиын өткізуіне рұқсат бергенін естіген жоқпын. Билік халықтан сескенеді. Егер рұқсат берсе жиын көбейеді. Өйткені халықтың әл-ауқаты жақсарып бара жатқан жоқ. Билік бақылаудан айрылудан қауіптенеді, - дейді ол.

Азаттық тілшісі қанша азамат рұқсатсыз жиын өткізгені үшін әкімшілік жазаға тартылғанын Қазақстан бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен сұрап көрді. Сайттарына Қазақстан аумағында қоғамдық орындарда темекі шегіп, әкімшілік айыппұл салынғандар саны ашық жариялап отыратын комитетте рұқсатсыз митингіге қатысып, жазаға тартылғандардың статистикасы жүргізілмейтін болып шықты. Комитет өкілі басқа сұрақтарға тек ресми хат арқылы жауап беретіндерін жеткізді.

Ал заңгер Руслан Түсіпбеков мұндай статистиканың жарияланатынына сенбейді.

- Ол ақпарат жарияланса, Қазақстанның адам құқығын сақтамайтынының нақты көрінісі болып шығары еді, - дейді маман.

Қазақсан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы мамырдың 31-і күні ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде сөйлеген сөзінде: "Қазақстанда саяси қуғын-сүргін жоқ. Біз мүлде басқа мемлекет құрдық. Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен еркіндіктері қорғалған, саяси қуғынға ұшырағандар, бұл тұрғыдағы тұтқындар жоқ" деген.

Биыл сәуірдің 28-і күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының 26-сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев "ел тыныштығы мен дамуы үшін шу шығаратындарды кім екеніне қарамай жазалау керектігін" айтқан. Бірақ Назарбаев өз сөзінде "шу шығаратындардың" нақты кім екенін атаған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG