Accessibility links

Наразылық шарасында балалар қаншалықты қорғалған?


"Саяси тұтқындарды" қолдау акциясына шыққандарды ұстаған полицияның қоршауындағы ересек адамның қолындағы бала жылап тұр. Алматы. 10 мамыр 2018 жыл.

Қазақстанда түрлі наразылық акциялары кезінде ересектермен бірге балаларды да ұстау оқиғалары тіркеліп жүр. Құқық қорғаушылар Астана бекіткен халықаралық келісімдер бойынша кәмелетке толмаған балалардың акция ұйымдастырып, өткізуге құқығы бар дейді.

Астанада мамырдың 10-ы күні билікке "саяси тұтқындарды босату" және "азаптауды тоқтату" туралы талап айтылған қарсылық акциясы кезінде полиция ересектермен бірге кәмелетке толмаған балаларды да ұстаған.

Осы шарадан Азаттық тілшілері түсірген видеода қауіпсіздік күштері жасағының кәмелетке толмаған баланы ұстап, автобусқа кіргізіп жатқанын көруге болады. Қарсылық акциясы барысында балалардың ұсталғаны туралы видеолар мен суреттерді әлеуметтік желілерден де көруге болады.

Қарсылық акциясына шыққандарды ұстау (Астана, 10 мамыр 2018 жыл):

Астанадағы наразылық
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00

"БЕС ЖАСАР БАЛАММЕН ПОЛИЦИЯДА 8 САҒАТ ҰСТАДЫ"

Астаналық белсенді Раушан Қалмомынұлы мамырдың 10-ы күні полиция қызметкерлері өзін бес жасар ұлымен Есіл аудандық ішкі істер бөліміне қарасты полиция учаскесінде сегіз сағат жібермей ұстағанын айтады.

Белсендінің сөзінше, ол сол күні қарсылық акциясында ұсталған азаматтарды қолдау үшін полицияға барған. Ол үйінде қарайтын ешкім жоқ болғандықтан бес жасар ұлын ертіп, "жай ғана азаматтарды сұрап" барған кезде полиция учаскесіне өзін "күштеп кіргізгенін" айтады.

- Қолымда бес жасар ұлым болды. Соған қарамастан "Сендер билікке қарсылық көрсетіп жатырсыңдар" деп Қайырлы ағамен (Қайырлы Омар - Азаттық) қоса мені ішке тартып кіргізді. Біз ол жерде ештеңе істеген жоқпыз. Баланы ажыратып, оны сыртта қалдырып, мені ішке кіргізіп жіберді. Жарты сағаттай іште жүгіріп жүріп, соңынан баламды да ішке кіргіздім. Не ювеналды полиция шақыртқан жоқ, не психолог болған жоқ. Ересек 30 шақты адаммен бірге баламды 8 сағат бойы ұстады. Ешкім оған қараған да жоқ, - дейді Раушан Қалмомынұлы.

Фотогалерея. Наразыларды жаппай ұстаған күн (10 мамыр 2018 жыл)

Белсенді полиция мекемесіне кірісімен телефонын билік өкілдері телефонын алып қойып, ешкімге хабарласуға мүмкіндік бермегенін айтады. Оның сөзінше, сол күні полиция учаскесіне жеткізілген ұсталған адамдардың арасында баласы бір жасқа толмаған әйел де болған.

- Мұны сол күні полиция бөлімінде болған 30 шақты адамның бәрі көрді. Ол "баламды емізуім керек, мені жіберіңіздерші" деп шырылдап жүрді, бірақ ешкім оны тыңдаған жоқ. Таңертеңгі сағат 10-11-лерде ұстап әкеткен оны жіберместен таңғы сағат 4-ке дейін ұстады. Ал соттан кейін бәрімізді полицияға апарып, тағы да тергеді, - дейді Раушан Қалмомынұлы.


Ол осыған ұқсас жағдай мамырдың 17-інде қайталанғанын айтады. Белсендінің сөзінше, полициядан оған хабарласып, "телефоныңызды қайтып береміз, келіңіз" деген соң полиция учаскесіне ұлымен барған кезде, тағы да шамамен алты сағаттай ұстаған.

- Баламның ұйқысы бұзылды. Шок алған. Әлгі полицияға барған күні дірілдеп-қалтырап қайта-қайта "кетейікші" деп айта берді. Қазір үйден шыққан сайын "қайда барасыз", "қашан келесіз" деп сұрай береді, - дейді Раушан Қалмомынұлы.

Ол полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне байланысты арыз түсіргенімен әзірше жауап ала алмағанын айтады.

Баламның ұйқысы бұзылды. Шок алған. Әлгі полицияға барған күні дірілдеп-қалтырап қайта-қайта "кетейікші" деп айта берді

Азаттық тілшісі Раушан Қалмомынұлының шағымына байланысты Астана қалалық полиция департаментіне хабарласқанымен жауап ала алмады. Бұл мәселе бойынша Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі, парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиеваға хабарластық. Уәкіл бұл жағдайдың толық мән-жайын білмегендіктен түсініктеме бере алмайтынын айтып, ол баланың жақындарының телефонын беруді сұрады.

Қазақстандық құқық қорғаушылар ата-анасы "әкімшілік заңды бұзып" ұсталғанымен жас балаларды ұстауға, қамауға немесе сыртқа шығарып жіберуге болмайтынын айтады.

- Қазақстан "Бала құқықтары туралы" халықаралық конвенцияны ратификациялаған. Яғни, бізде тиісті заң бар. Мемлекет бала мүддесін қорғау тұрғысынан әрекет етуі керек. Мұнда жағдай әртүрлі. Нақты осы жағдайда баланың заңды өкілі – әкесі жанында болған, бірақ оның өзін полиция ұстағаны себепті баласының құқығын қорғауға мүмкіндігі болмаған. Мемлекеттің үстінен шағымдану үшін себеп-салдарлық байланыс табу керек. Яғни, сараптама жасалуы керек. Соған сай баланың денсаулығына келген зардаптың неден болғанын анықтауға болады, - дейді құқық қорғаушы Мария Расулова.

НАРАЗЫЛЫҚ ШАРАСЫНА БАЛАМЕН БАРУҒА БОЛА МА?

Қазақстан заңдарында қандай да бір шара, акция немесе демонстрацияға баламен баруға тыйым салынбаған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстан бекіткен халықаралық келісімдерге сәйкес, балалар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер де митинг, акция ұйымдастырып, өткізе алады.

Тұрғын үй проблемасына байланысты наразылық танытқан адамдарды балаларымен бірге полиция көлігіне тиеп жатыр. Астана, 6 наурыз 2014 жыл.
Тұрғын үй проблемасына байланысты наразылық танытқан адамдарды балаларымен бірге полиция көлігіне тиеп жатыр. Астана, 6 наурыз 2014 жыл.

Елде бұған дейін бірқатар наразылық акциялары кезінде ересектермен бірге балалар мен жасы 18-ге толмаған жеткіншектер ұсталған оқиғалар болған.

Қоғамда билік ұйымдастыратын шараларға балаларды қатыстыруды кейбіреулер "қалыпты құбылысқа" жатқызса, енді біреулер "балаларды саяси мақсатта пайдалануға болмайды" деп санайды.

Оқушылар шеруінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасының нышаны - Бүркіт макетін көтеріп бара жатқан балалар. Алматы, 1 маусым 2018 жыл.
Оқушылар шеруінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасының нышаны - Бүркіт макетін көтеріп бара жатқан балалар. Алматы, 1 маусым 2018 жыл.

Астанада мамырдың 10-ы күні болған қарсылық акциясында балалардың ұсталғаны туралы Азаттық тілшісінің сұрағына бала құқығы жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева "мұндай шараларға апармас бұрын ата-анасы баласының қауіпсіздігін ойлауы тиіс" деп жауап берді.

- Балаларды митинге апаруға бола ма екен? Бала туралы ойлау керек. Тағы да айтайын, мен ешқандай түсініктеме бермеймін [10 мамырда ұсталған балалар туралы. – Азаттық]. Мен балаларды қорғаймын. Мен үшін бірінші кезекте балалар маңызды. Ал балалар қауіпсіз жағдайда өмір сүрулері керек. Ата-аналар олардың қай жерде, қандай жағдайда жүргенін және оған қалай әсер ететініне жауап берулері керек. Су қоймасында ма, көшеде ме, тауда ма, саябақта ма - барлық жағдайда баланы ойлауы керек, - дейді Зағипа Балиева.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің пікірінше, бейбіт жиын өткізу құқығы – тыныс алу, өмір сүру сияқты адамның ажырағысыз негізгі құқықтарына жатады. Бірақ елде бейбіт жиын өткізу құқығы әлі күнге дейін "советтік үлгідегі" негізінде жазылған заңмен реттеліп, азаматтардың оның ішінде балалар мен жасөспірімдердің де құқықтары тапталып келеді деп санайды ол. Сонымен бірге халықаралық нормалардың ұлттық заңнамадан басымдығы да ескерілмейді дейді құқық қорғаушы.

- Біздегі бейбіт жиын өткізу туралы заңды 1995 жылы әйтеуір осындай заң керек деген соң советтік заңның үлгісін алып, кейбір жерлерін өзгерткендей болып қабылдады. Бірақ негізгі іргетасы содан қаланған. Кейбір түсінік, анықтамалары да өзгермеген. Әбден ескіріп кеткен заң. Кәмелетке толмағандардың құқықтары көрсетілмеген, - дейді Ерлан Қалиев.

Құқық қорғаушы заң дұрыс істемегендіктен балалардың құқықтарына да кері әсерін тигізіп отыр деп есептейді.

Кәмелетке толмаған жастардың акциясын реттеу тәжірибесі әлемде әртүрлі.

АҚШ-та қару саудасына бақылауды күшейтуді талап етіп шеруге шыққан жастар. Флорида, 17 ақпан 2018 жыл.
АҚШ-та қару саудасына бақылауды күшейтуді талап етіп шеруге шыққан жастар. Флорида, 17 ақпан 2018 жыл.

Биыл ақпанда АҚШ-тың Флорида штатындағы мектепке жасалған қарулы шабуылдан көп адам қаза тапқан соң америкалық мыңдаған оқушылар биліктен қару-жарақ саудасына бақылауды күшейтуді талап етіп, жаппай наразылық акциясын өткізген. Олардың бір тобы АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескен.

Ресей полициясы оппозициялық саясаткер Алексей Навальный ұйымдастырған қарсылық акциясына қатысушыны ұстап жатыр. Мәскеу, 5 мамыр 2018 жыл.
Ресей полициясы оппозициялық саясаткер Алексей Навальный ұйымдастырған қарсылық акциясына қатысушыны ұстап жатыр. Мәскеу, 5 мамыр 2018 жыл.

Ресейде мамырдың басында Владимир Путиннің президенттік инаугурациясы қарсаңында оппозициялық саясаткер Алексей Навальный ұйымдастырған "Ол бізге патша емес" ("Он нам не царь") қарсылық акциясына жасөспірімдер қатысып, кейбірін полиция ұстаған. Ресей депутаттары кәмелетке толмаған балалар қатысқан акция ұйымдастырушыларына әкімшілік жазаны күшейтетін заң жобасын қарастыруды ұсынған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Митинг өтпеген күнгі жаппай ұстаулар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00
XS
SM
MD
LG