Accessibility links

Ардақ Әшімнің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады


Ардақ Әшім, шымкенттік белсенді.
Ардақ Әшім, шымкенттік белсенді.

Шымкенттегі Түркістан облыстық соты белсенді Ардақ Әшімнің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады деп хабарлады 27 маусымда Азаттыққа облыстық соттың баспасөз қызметі. Ардақ Әшім Абай аудандық сотының өзін "заңмен тыйым салынған әрекетті жасаған уақытта есі дұрыс емес күйде болғанына байланысты" қылмыстық жауапкершіліктен босатып, жүйке жүйесі ауруханасында мәжбүрлі амбулаторлық емге жіберуімен келіспей апелляциялық шағым түсірген.

Облыстық сот Ардақ Әшімнің апелляциялық шағымын маусымның 19-ы күні қарай бастаған.

Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге шақыртумен барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған.
Бұған дейін Абай аудандық соты Ардақ Әшімнің Facebook желісінде "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жариялағаны анықталғанын", осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша іс қозғалғаны жөнінде хабарлаған.

Оқи отырыңыз: Сот Ардақ Әшімнің қылмыстық ісін тоқтатып, мәжбүрлі емдеуге жіберді

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Ардақ Әшімді "ар-ождан тұтқыны" деп танып, Қазақстан билігін еркінен тыс емдеуге жатқызылған белсендіні ауруханадан шығарып, оған қатысты істерді тоқтатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG