Accessibility links

Семенованың үстінен кезекті іс қозғалды


Құқық қорғаушы Елена Семенова.
Құқық қорғаушы Елена Семенова.

Павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенованың үстінен сотқа шағым түсіп, бүгін сот алдындағы тыңдау өтті. Құқық қорғаушыны "ар-намысымыз бен беделімізге нұқсан келтірді" деп түрме қызметкерлері сотқа берген.

КЕЗЕКТІ ІС

Қазанның 18-де Павлодар қалалық сотында құқық қорғаушы Елена Семеноваға қарсы түскен шағым бойынша сот алды тыңдау өтті. "Іскерлік беделді қорғау туралы" шағымды Семей қаласындағы ОВ - 156\15 түзету мекемесінің қызметкерлері Сұңғат Абраев пен Жәнібек Жаңғазиев берген.

- Олар менің Facebook-тегі биыл ақпанда жазған жазбама қатысты шағым түсірген. Онда мен мекеменің қызметкерлері жазасын өтеушілердің өз сөздерінен бас тартуға мәжбүрлеп жатыр. Операциядан кейін палатада жатқан жазасын өтеушіні тұншықтырғанын жаздым. Енді арада сегіз ай өткеннен кейін олар сотқа "ар-намысы мен беделіне нұқсан келтірді" деп шағым түсіріп отыр, - деді Семенова.

Ол жазбасында түрме қызметкерлерінің фамилиясын жазбағанын, тек бірінің есімін ғана көрсеткенін айтады.

- Мен жариялаған жазбалардың 99 пайызының дереккөзі сенімді, дәлелі бар ақпараттар. Бір пайызында ғана расталмайды, себебі тұтқындар қорқады, өміріне қауіп төнгенен кейін сөзінен бас тартуға мәжбүр. Бұл жазбаға да осындай арыздар негіз болған, - дейді құқық қорғаушы.

Семенованың үстінен сотқа арызданған түрме қызметкерлерінің бірі Сұңғат Абраев Азатыққа қысқы ғана комментарий беруге келісті. Оның сөзінше, сотқа арыздануға "жазбадағы жалған ақпарат" түрткі болған.

- Менің Семенованың жеке өзіне ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ ол жалған ақпаратты жариялады. Оның сөзінше біз жазасын өтеушіні тұншықтырып, өлтірмек болғанбыз. Мен әріптестеріммен тінту жүргізгенім рас. Мекемедегі жедел өкіл Сұңғат жалғыз менмін, сондықтан ол жазбадағы адам мен екені анық, мен сол үшін арыздандым, - деді талапкер.

Ол өзге сұрақтарға жауап беруді қаламады. Ал екінші талапкермен сөйлесудің реті келмеді. Бірақ сотқа жазған шағымында «жазбадағы жалған мәлімет жақындары мен таныстары арасындағы беделіне нұқсан келтіріп, өзіне негативті әсер еткені» көрсетілген. Осы үшін С.Абраев соттан Елена Семенованың өзінен әлеуметік желі арқылы кешірім сұрауын және бес жүз мың теңге моральдық өтемақы төлеуін сұрайды. Ал Ж.Жаңғазиев тек кешірім сұрауын талап етеді, әлеуметтік желі арқылы. Бұл іске қатысты ендігі отырыс қазанның 25-і күні жалғасады.

ЕШКІМ КӨРМЕГЕН ТЫЙЫМ

Бұл Семеноваға қатысты қазір жүріп жатқан бір ғана іс емес. Бұған дейін құқық қорғаушының үстінен қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша ("көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату") іс қозғалған. Әзірге тергеу жалғасып жатыр.

Бұл істе Семенова тек күдікті екеніне қарамастан ол қазан айының басында Страсбург қаласына ұшып кете алмады. Оны әуежай қызметкерлері ұшаққа өткізбеген. Семенова Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының депутаттарымен кездесуге баруы тиіс болатын. Әуежайдағы шекара қызметкерлері құқық қорғаушыға "Қарағанды облыстың ішкі істер департаментінің тапсырмасы бойынша оған Қазақстаннан шығуға болмайды" делінген қағаз ұсынған.

- Менің қолымда Қазақстан бас прокуратурасының Еуропарламент депутаты Яромир Штетинаның сұрауы бойынша берген жауабы бар. Ол жауапта бас прокуратура "Елена Семеноваға қатысты ешқандай сот алды бұлтартпау шарасы жоқ. Оған өзінің қоғамдық ісін жүргізуге ешқандай шектеу қойылмаған" деп көрсетілген. Алайда, Қарағанды облысының ішкі істер департаменті маған Қазақстан аумағынан шығуыма тыйым салған екен. Мен әлі күнге дейін ондай қаулыны көрген емеспін, білмеймін де, - дейді құқық қорғаушы.

Сотталушылардың жақындары мен Елена Семенова (оң жақтан санағанда бірінші) Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/12 түрмесінің жанында тұр. 23 сәуір 2018 жыл.
Сотталушылардың жақындары мен Елена Семенова (оң жақтан санағанда бірінші) Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/12 түрмесінің жанында тұр. 23 сәуір 2018 жыл.

Мұндай қаулының бар-жоғын анықтау үшін Азаттық қазанның оны күні Қарағанды облысы ішкі істер департаментіне ресми сауал жіберген. Мақала жарияланар сәтке дейін жауап келген жоқ. Ведомствоның баспасөз хатшысы Жанатай Сембеков телефон арқылы "жауапты мақұлдау үшін прокуратураға жібергендерін" ғана айтты.

Құқық қорғаушы Елена Семенова биыл шілденің 3-і мен 5-і аралығында Страсбургте Еуропарламенті мүшелерімен кездесу барысында Қазақстан түрмелері мен қамауда ұстау орталықтарына түскен адамдардың ахуалы туралы баяндаған. Құқық қорғаушының сөзінше, тұтқындар ұрып-соғу, зорлау, қорлау және медициналық жәрдемнен айыру тәрізді азаптау мен қатыгездікке душар болып жатыр.

Бірақ Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшылығы Семенованың бұл сөздерін "жала жабу" деп таныған. Ізінше Қарағанды облыстық ішкі істер департаментіне арыз жазып, шілденің 12-сі күні қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша ("көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату") іс қозғалған. Бұл айып бойынша бес жылға дейін соттау жазасы қарастырылған.

Ал 2015 жылы күзде Қазақстан билігі өзін үнемі сынап жүрген құқық қорғаушыға "әлеуметтік желіде көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айып тағып, бірақ бір жылдан соң істі жапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG