Accessibility links

Апелляциясы қаралуға екі күн қалған тұтқын өлі күйінде табылды


Түрме терезесі. (Көрнекі сурет)
Түрме терезесі. (Көрнекі сурет)

Билік Павлодар колониясында отырған тұтқын Бақытжан Әбдікәрімов өз-өзіне қол салған деген мәлімдемесінен танбайды. Қазақстан президентіне «азаматтардың көбі құқық қорғау органдары құқымызды бұзады деп шағымданады» деп баяндалған күні оны өлі күйінде тапқан.

Ақпанның 24-і күні Павлодардағы АП 162/3 колониясының медицина бөлімінде тұтқын Бақытжан Әбдікәрімов өлі күйінде табылған. Түрме басшылығы өлім себебін «суицид» деп атайды.

Павлодар түрмесіндегі "суицид"
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:05 0:00
Жүктеп алу

«МОЙЫНЫН КЕСКІЛЕП ТАСТАҒАН»

Павлодар қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметі жетекшісі Борис Гаврилюк Азаттыққа: «Мойын тұсын кескілеп, зақым келтірген. Оған дереу медициналық көмек көрсетіп, АП 162/3 мекемесінің соматикалық ауруханасына жатқызған. Ол жан сақтау бөлімі дәрігерлері жүргізген шараларға қарамастан есін жимаған күйі қайтыс болған. Оқиға орнына ішкі істер департаменті мен прокуратураның тергеу тобы барып келді. Оқиға орнын тексерген кезде тұтқынның көз жұмар алдында жазған хаты табылған жоқ» деп хабарлады.

Қайтыс болған тұтқынның бауыры, адвокат Жандос Әбдікәрімовтің баспасөз өкілдеріне мәлімдеуінше, 12 ақпанда Бақытжан Әбдікәрімов колонияның басшы қызметкерлерінің бірінің қудалауына ұшырағанын айтып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрап арыз жазған.

Облыстық ҚАЖК өкілдерінің айтуынша, тұтқын Әбдікәрімов қудалауға қатысты шағымданбаған.

Облыстық ҚАЖК өкілдерінің айтуынша, тұтқын Әбдікәрімов қудалауға қатысты шағымданбаған. «Ол әкімшілікке арыз бермеген» деді Борис Гаврилюк Азаттыққа. Оның дерегінше, Әбдікәрімов колонияның медицина бөліміне «басым ауырады» деген шағыммен келген.

Бақытжан Әбдікәрімовтің өлі денесі оның жазаны жеңілдету жайлы жазған арызы қаралуға екі күн қалғанда табылды. Облыстық ҚАЖК қызметкерлері оның жазасын жеңілдетуге мүмкіндігі болғанын айтады. Баспасөз қызметі жетекшісі Борис Гаврилюктің айтуынша, Әбдікәрімов АП 162/3 колониясына 2015 жылдың 18 желтоқсанында түскен, ал 2016 жылдың 8 қаңтарында сот оның жаза түрін ауыстыруды сұраған арызы мен құжаттарын қарай бастаған.

Бақытжан Әбдікәрімов «өктемдік көрсетті, денсаулыққа қасақана әрі адам өліміне соқтырған ауыр зардап келтірді» деген айыппен 2015 жылдың 5 маусымында бес жылға сотталып, сот оны жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге кескен. Павлодардағы дзюдо спорт мектебі сайтындағы дерекке қарағанда, Бақытжан Әбдікәрімов спорт шебері, дзюдодан Қазақстан чемпионы, жастар арасында өткен СССР біріншілігі жүлдегері болғаны, көптеген халықаралық жарыстарға қатысқан.

«АДАМ ТӨЗГІСІЗ ЖАҒДАЙҒА ЖЕТКІЗУ»

Павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова «Бақытжан Әбдікәрімов өз-өзіне қол салған» деген ресми болжамға сенбейді. Ол тұтқынның қазасы жайлы интернетте жариялаған хабарламасында «бұл – соңғы алты ай ішінде Павлодар облысы түрмелерінде мерт болған екінші адам» деп жазған.

Құқық қорғаушы Елена Семенова.
Құқық қорғаушы Елена Семенова.

– Олар өтірік айтады. Өз-өзіне мұндай зақым келтірген деу ақымақтық қой. Әбден қинап, адам төзгісіз жағдайға жеткізген соң ол өлгенім артық деп шешкен шығар. Мұндай жағдайлар бұрын да болған. АП 162/3 – жалпы режимдегі колония, бірақ ол жердегі қатігездік сұмдық. Тұтқындарды қорлап-кемсітетін қызметкерлердің аты-жөндері аталған талай шағым түскен, бірақ оларға ешқандай шара қолданылмады. Ал менің арызым бойынша екі қылмыстық іс қозғалып, тұтқындар жәбірленуші деп танылды, – дейді құқық қорғаушы Елена Семенова Азаттыққа.

Павлодар облысындағы қоғамдық бақылау комиссиясы төрайымы әрі ұлттық азаптауға қарсы превентивті іс-қимыл механизмі белсендісі Елена Семенова әлеуметтік желілерде Павлодар облысы түрмелерінде отырған кей тұтқындардың қатыгездік, қорлап-кемсіту әрекеттері мен нашар тұрмыстық жағдай жайлы шағымдары туралы жазады. Қазір ол азаматтық қызметіне – колониялар мен түрмелерге кіруіне кедергі келтіретін билікпен соттасып жүр.

Азаматтар көбінесе құқық қорғау органдары тарапынан құқық бұзуға, соттар мен пенитенциарлық органдардың әрекеттері мен шешімдеріне, мемлекеттік әкімшілік саладағы заң бұзушылықтарға қатысты шағымданады.

Жуырда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа елдегі адам құқығы ахуалына қатысты жағдай баяндалған. 24 ақпанда оның сайтында адам құқығы жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровтің 2015 жылғы есебі жарияланған. Уәкілдің хабарлауынша, оған 1340 шағым түскен. Омбудсменнің есебінде «азаматтар көбінесе құқық қорғау органдары тарапынан құқық бұзу, соттар мен пенитенциарлық органдардың әрекеттері мен шешімдеріне, мемлекеттік әкімшілік саладағы заң бұзушылықтарға қатысты шағымданады» деп жазылған.

Тұтқын Бақытжан Әбдікәрімовтің қазасына қатысты жайттарды тексеру барысын бас прокуратура өз бақылауына алған. Азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясы Қазақстан халықаралық азаматтық және саяси құқық пактісі мүшесі ретінде өз азаматтарының, оның ішінде жабық мекемелердегі азаматтарының өмірін қорғау жөнінде міндеттеме алғанын ескертіп, тергеу органдарын бұл істі шұғыл, жан-жақты әрі әділ тексеруге шақырады,

XS
SM
MD
LG