Accessibility links

"Өзгеріс керек". Қазақстандағы адам құқығының қазіргі жағдайы


Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы күні наразылық акциясына шыққане азаматтарды полиция көшеден әкетіп барады. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.

Желтоқсанның 10-ы – Халықаралық адам құқығын қорғау күні. Жыл басынан бері халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін адам құқығын сақтауға, бейбіт митингіге рұқсат беруге, әйелдер құқығын қорғауға, Қылмыстық кодекстен "Жала жабу" бабын алып тастауға, түрмедегі азаптауды жоюға шақырумен болды.

Азаттық құқық қорғаушылардан "Биыл елде адам құқығын қорғауда өзгеріс болды ма?", "Қазақстан халықаралық ұйымдардың ұсынысына құлақ түрді ме?" деп сұрап көрді.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.
Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.

Ерлан Қалиев, құқық қорғаушы: 12 мың адам конституциялық құқығын пайдаланғаны үшін ұсталды

Біздің есебімізше, Конституциядағы бейбіт митингіге шығу, ой-пікірін еркін айту құқығын пайдаланғаны үшін 12 мың адам ұсталды. Олардың үштен бірі, шамамен үш мыңдай адам әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төледі не қамалды. Бұдан бөлек, полиция көп жағдайда "құқық қорғау органы өкіліне бағынбады" деп, жол полициясы сияқты бірден айыппұл салуды шығарды. Сондықтан бізде адам құқығының жайы бойынша бәрі жақсы деп айту қиын. 12 мың адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін емес, конституциялық құқығын пайдаланғаны үшін ұсталды. Бір жарым жылдың ішінде көптеген наразылық шарасы өтпей қалды. Сонда да статистика осындай.

Полиция жасағының наразыларды алаңнан ұстап әкетуі. Алматы, 9 маусым 2019 жыл

Арнайы жасақтың наразыларды ұстаған сәті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:45 0:00

"НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Дина Смаилова.
"НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Дина Смаилова.

Дина Смаилова, "НеМолчиKZ" қоғамдық қорының жетекшісі: Әйелдер дәстүр мен өз құқығын ажырата бастады

Қазақстан заңдары әйелдерді қорғауға келгенде өте әлсіз, себебі агрессордың жазадан құтылып кетуіне мүмкіндік көп. "Отбасындағы зорлық-зомбылық", "Сексуалды зорлық" және Қылмыстық кодексте мүлдем жоқ "Жыныстық бопсалау" баптары әйелдер құқығын қорғамайды. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық "сабау, ұрып-соғуға" жатқызылған. Бұл баптан қорғау тиімділігі көрінбейді. Қазір заңды өзгертуге тырысып жатыр, бірақ мүлде жеңілдетіп жібере ме деп қорқамын. Себебі онда отбасындағы зорлық-зомбылық, әйелді сабағаны үшін қылмыстық жауапқа тарту және жәбірленушіні агрессордан қорғау сынды негізгі талаптар жоқ. "Жыныстық бопсалау" бойынша да әйелдер мүлде қорғалмаған. Әйел құқығы кез келген жерде бұзылады. Яғни, әйелді кез келген жерде бопсалайды және бұл "ұзақ бұзақылық" деп бағалануы мүмкін. Оны дәлелдеу өте қиынға түседі, ең қатаң дегенде, айыппұлмен құтылады. Жақсы жағына келсек, былтырғымен салыстырғанда биыл әйелдер өз құқықтарын белсенді түрде қорғап, ұлттық дәстүр мен әйел құқығын ажырата бастады.

Feminita белсенділері рұқсат етілген акцияда тұр. Алматы, 8 желтоқсан 2019 жыл.
Feminita белсенділері рұқсат етілген акцияда тұр. Алматы, 8 желтоқсан 2019 жыл.
Құқық қорғаушы Елена Семенова.
Құқық қорғаушы Елена Семенова.

Елена Семенова, құқық қорғаушы: Түрме суық, тұтқын аш

Сотталғандардың құқығына келсек, аз-маз өзгеріс бар. Прокуратура түрмеде отырғандардан түскен шағымдарды жіті тексере бастады. Сотталғандарға тағайындалған кейбір заңсыз шешімдерді жойды. Бұған қоса, қамау орындарынан шағымдар жібере бастады. Өзіме түрмелерден азаптау мен қинауға ұшырағанын айтқандардан көп шағым түседі. Қазір кедергі де азая бастады. Сотталушылар да азаптау мен қинау азайғанын айтады. Бірақ түрме суық, тұтқындар аш, яғни түрмеде дұрыс жағдай жасалмайды. Дер кезінде медициналық көмек көрсетпеу әлі бар. Бұл жағынан алғанда, сотталушының құқығы әлі де қорғалмайды. Ұсталғаннан бастап, жазасын өтеп шыққанға дейін құқықтары сақталмайды. Тұтқынның жүріп-тұруы ғана шектелуі тиіс. Бірақ оның құқығы барлық жағынан шектеледі.

Алмат Мұхамеджанов, "Не молчи. Дети" ұйымының жетекшісі: Балаларға құқығы жайлы ешкім оқытпайды

Қазақстанда бала құқығы бойынша жағдай қиын. Балаларға құқығы жайлы ешкім оқытпайды, үйретпейді. Осыдан бастап бала құқығы бұзылады. Себебі балаға құқығымен қатар міндетін де түсіндіру керек. Ал мұғалімдерге, тәрбиешілерге, ата-анаға баланы ұрып "міндетін түсіндірген" жеңіл. Баламен өз құқығы жайлы ешкім сөйлескісі келмейді. Себебі балаға құқығын түсіндіруді міндетіне алмайды. Осылайша, үлкендер өз міндетін орындамау арқылы бала құқығын бұзады. Одан кейін мектепте әлімжеттік бар.

"Әлімжеттік көрген оқушы кімнен көмек сұрарын білмейді"

"Әлімжеттік көрген оқушы кімнен көмек сұрарын білмейді"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:10 0:00

Былтырмен салыстырғанда биыл бір олқылық болды. Зағипа Балиева балалар құқығы жөніндегі уәкіл болып тұрғанда қиын жағдайда қалған балаларға арналған 111 сенім телефоны ашылған. Қазір ол сенім телефонына атаулы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы бойынша хабарласуға болады. Сенім телефонында ел бойынша 40 оператор отыратын, арасында психологтар да бар еді. Қазір ондағылар көп уақытын атаулы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы бойынша сұрақтарға жауап беріп, түсіндіріп отырады. Бұған қоса, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өз желісі бар. Балалар мұндай сенім телефонына қоңырау шала бермейді. Егер шалған жағдайда желі бос болмаса, баланың кейін қайта қоңырау шалуы екіталай. Баланы жоғалтып алуымыз мүмкін. Ал оң істерге келсек, биыл елде жастар жылы жарияланды, "Нұр Отан" партиясының жанынан балалар құқығын қорғау кеңесі құрылды, белсенділер аймақтарды аралап, мәселелерді анықтауға тырысты. Бірақ бұл жұмыстарға баға беруге әлі ерте.

"Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева.
"Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева.

Тамара Калеева, "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі: Биылғы жыл былтырғыдай нашар болды

Қазақстанда баспасөз еркіндігі сақталмайды. Заңнамада ешқандай оң өзгеріс болған жоқ. Керісінше, 2009 жылдан бері биыл алғаш рет "Жала жабу" бабымен журналист қамалды (қыркүйекте Түркістан облысы Сарыағаш ауданы соты жергілікті "Сарыағаш инфо" газетінің редакторы Амангелді Батырбековті желіде жергілікті шенеуніктің "қадір-қасиетін қорлайтын" жазба жариялағаны үшін 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған – ред.). Биылғы жыл былтырғыдай нашар болды. Бірақ аса бір кері кету болды деп те айта алмаймын. Біз тек жақсылық болып қалар деп күтумен отырмыз. Биыл үкіметтегі шенеуніктер бастап, іле-шала Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдап Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" және "Алауыздық қоздыру" баптарына назар бұрып жатыр. Бұл – жақсылықтың нышаны, дегенмен мұның соңы немен аяқталатыны белгісіз. Қалай болғанда да үміт бар, былтыр дәл осы күні ондай үміт мүлде болмаған еді.

Журналистерге шабуыл қалай жасалды? Алматы, 22 шілде 2019 жыл

Хроника. Тілшілерге шабуыл қалай жасалды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:42 0:00

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ ҰСЫНЫСЫ

Биыл қарашаның 7-сі күні Женевада Қазақстан БҰҰ құқық қорғау органында елдегі адам құқығының жағдайы бойынша есеп берді.

Жиын кезінде Батыс елдерінің көбі Қазақстаннан азаматтарға бейбіт митингіге шығуға рұқсат беруге, сыни ой-пікірін ашық айтқандарды қудаламауға, ЛГБТ өкілдерінің құқығын қорғауға, Қылмыстық кодекстің 174-бабын (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздыру) қайта қарауға шақырды. Кей елдер Нұр-Сұлтаннан БАҚ туралы заңды қайта қарауды, әйелдерге қарсы кез келген заңсыз іс-әрекетті қылмыс деп тануды, белсенділерді, құқық қорғаушыларды, журналистерді қудалауды тоқтатуды сұрады.

Ал тамыздың басында Human Rights Watch халықаралық ұйымы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты "қысымды доғаруға" шақырған. Ұйымның Еуропа мен Орталық Азия бойынша атқарушы директоры Хью Уильямсон Ақордаға хатында биліктен реформа жүргізуді сұрады.

Human Rights Watch ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша атқарушы директоры Хью Уильямсон.
Human Rights Watch ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша атқарушы директоры Хью Уильямсон.

Уильямсон Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында биыл маусымда ұлықтау рәсімінде айтқан сөзінде тұрып, реформалар жасауға шақырған (Тоқаев биыл маусымның 9-ы күні өткен кезектен тыс президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша жеңімпаз деп танылған. Ол елді отыз жылдай басқарып, биыл наурызда кенеттен президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына сайланды. Назарбаев президенттіктен кетсе де, "Нұр Отан" партиясының, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр).

"Қазақстан басшылығы көп жылдар бойы адам құқығы жайлы дұрыс сөздер айтып келгенімен, іс жүзінде өз еліндегі негізгі құқықтар мен бостандықтарды тұншықтырып отырды. Егер ұлықтау рәсіміндегі сөз жай хаттама үшін ғана айтылмаған болса, президент Тоқаев мазмұнды да мардымды реформаларға кідіріссіз кірісуі керек" деп жазған Уильямсон.

Ресми Нұр-Сұлтан хатқа байланысты пікір білдірген жоқ. Жалпы Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың адам құқығына қатысты мәлімдемелерін, сындарын тек "ұсыныс" ретінде қабылдайды.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Балаларыммен қауышамын". Жүкті әйел коронавирусты жеңді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:06 0:00
XS
SM
MD
LG