Accessibility links

Коалиция: Бес ай ішінде 50-ден астам адам азаптау жайлы шағым түсірді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

2019 жылы қаңтар мен мамыр айы аралығында Азаптауға қарсы коалицияға 53 адам азаптау жайлы шағымданды, адамның ар-намысын қорлайтын әрекетке байланысты 95 шағым түсті. 10 қазанда Алматыда "Аман-саулық" қоғамдық қоры өткізген баспасөз жиынында осындай дерек айтылды.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл фактілердің кейбірі ғана сотқа жеткен.

"Шағымданушыларға көмектесіп, қолдау көрсетсек те, тек жекелеген жағдайларда ғана мәселе сотқа жетеді. Бұған сот-медициналық сараптама жүргізу кезінде [азаптаудың] денсаулыққа тигізген зардабын анықтау қиындығы, жарақат түскен уақыттан бері ұзақ уақыт өтуі сияқты жайттар себеп" делінген баспасөз хабарламасында.

Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы қоғамдық кеңес төрайымы Надежда Петухова жиын кезінде Қазақстанда дәрігерлер даярлайтын медициналық университеттерде сот-медициналық сараптама кафедрасының жоқтығы үлкен мәселе екенін айтты. Денсаулық сақтау министрлігінің 2010 жылы шығарған бұйрығына сәйкес, аурухана және емхана дәрігерлері зорлық-зомбылық пен азаптау оқиғаларымен байланысты жайттар жөнінде хаттама толтыруы тиіс. Бірақ оқу орындарында сот-медициналық сараптама жүргізу бойынша пәндерге қатысу факультатив болып саналады және көп дәрігер хаттаманы дұрыс толтыруды білмейді. Бұл да азаптау фактілерінің ашылуына кедергі келтіріп жатыр.

Қоғамдық кеңес төрайымы Алматы мен Алматы облысында осындай хаттамаларды толтыруға үйрететін жобаларды жүзеге асыру жоспары барын да айтты.

"Аман-саулық" қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменованың айтуынша, азаптауға қарсы коалиция, құқық қорғаушылар және құзырлы органдар Стамбул хаттамасына сүйене отырып, азаптау мен қатыгездіктерді анықтау, тіркеу және құжатқа түсіру бойынша денсаулық сақтау жүйесіне ұсыныстар әзірлемек.

"Бұл профилактика сипатындағы жоба. Әуелі пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, кейіннен барлық аймаққа таралады. Зорлық-зомбылық жасайтындар бұл бойынша барлық желі сақадай дайын тұрғанын білетін болады. Сот-медициналық сараптама үшін көбірек дәлелдер пайда болады. Қамау орындары ғана емес, қарттар үйінде, түрлі интернат, балабақшаларда да қатыгездік болуы мүмкін. Азаптау - бұл ірі ұлттық проблема, азаптауға қарсы конвенцияны қабылдаған мемлекет үшін масқара жайт" деді Бақыт Түменова.

Осыдан екі ай бұрын интернетте Алматы облысы ЛА-155/8 мекемесіндегі азаптау туралы видео тараған. Видеода түрме қызметкері мен тұтқындар формаcын киген бірнеше адамның бір азаматты ұрып жатқаны көрінеді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті кейінірек түрменің жеті қызметкері "жазаланғанын" хабарлап, дегенмен мұндай оқиғалар Қазақстан түрмелерінде сирек кездесетінін мәлімдеді.

Ал "Халықаралық түрме реформасы" (PRI) ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігі бұған дейін бірнеше рет Қазақстан түрмелерінде азаптау мен өз-өзіне зақым келтіру фактілері көбейгенін айтқан.

Оқи отырыңыз: "Азаптау" видеосынан соң түрме басшысы қызметтен кетті

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдерінің үкіметтері Қазақстанды бірнеше рет түрмедегі азаптауды жоюға шақырған. Наурыз айында қабылданған Еуропарламент резолюциясында Қазақстанда "сотталушылар мен күдіктілерді азаптаған адамдардың жазасыз қалуы қалыпты жайтқа айналып барады" делінген. АҚШ мемлекеттік департаменті биыл жариялаған адам құқығы ахуалына арналған баяндамасында да түрмедегі азаптау мәселесін айтып өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG