Accessibility links

Үш айда екі рет соттады. Ерлан Балтабайдың ісі


"Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабай сотта. Шымкент, 16 сәуір 2019 жыл.
"Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабай сотта. Шымкент, 16 сәуір 2019 жыл.

Шымкент соты "айыппұл төлемегені үшін" бес айға түрмеге қамалған кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабайдың апелляция шағымын қанағаттандырмады. Балтабай сот шешімімен келіспейді. Халықаралық ұйымдар Қазақстанды белсендіні қудалауды доғарып, түрмеден дереу босатуға шақырған.

"ТУЫСТАРЫНА СОТ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАМАДЫ"

Шымкент қаласының соты биыл шілдеде жеті жылға түрмеге отырғызылып, тамызда Қазақстан президентінің рақымшылығымен босап шыққан, ал қазанда сот үкімімен 5 ай 8 күнге абақтыға қайта қамалған кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабайдың берген апелляция шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Белсенді соңғы шыққан үкімге келіспейтінін айтып, шағым түсірген болатын.

Ерлан Балтабайдың Әл-Фараби аудандық сотының қазанның 16-ы күні шығарған үкіміне қарсы берген шағымы қанағаттандырылмағаны туралы ақпаратты Азаттыққа желтоқсанның 6-сы күні қалалық сот судьясы Наурызбай Әуезов растады. Судьяның сөзінше, қарашаның 27-і күні апелляция соты шағымды қарауды бастағанда қорғау тарабы мемлекеттік адвокаттың қызметінен бас тартып, Ерлан Балтабайға жеке адвокат жалдайтынын айтқан.

- Бірақ қарашаның соңында да, желтоқсанның басында да қорғау жағынан ешкім келген жоқ. Қорғау жағы басқа адвокатты жалдағаны туралы жасалған келісім-шартты немесе ордерді бізге тапсырған жоқ. Сондықтан біз мемлекеттік адвокат тағайындадық. Ол іспен танысты. Біз істі қарап, Әл-Фараби ауданы сотының қазанның 16-ы күнгі қаулысында келтірілген материал бойынша шешім шығардық, - деді судья Әуезов Азаттық тілшісіне.

Түрмеге қамалған кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай шағымын қарап жатқан апелляция сотына бейнебайланыс арқылы қатысып отыр. Шымкент, 27 қараша 2019 жыл.
Түрмеге қамалған кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай шағымын қарап жатқан апелляция сотына бейнебайланыс арқылы қатысып отыр. Шымкент, 27 қараша 2019 жыл.

Апелляция шағымын қараған сотқа телебайланыс арқылы түрмеден қатысқан Ерлан Балтабай сот қаулысымен келіспейтінін айтқан.

Ерлан Балтабайдың інісі әрі қоғамдық қорғаушысы Ержан Балтабайдың Азаттыққа айтуынша, сот отырысы туралы кәсіподақ белсендісінің туыстарына ешкім хабарламаған.

– Соттан апелляция шағымын қарауды желтоқсанның 5-іне қалдыруын сұрап өтініш бергенбіз. Бірақ сот желтоқсанның 3-і күні біздің қатысуымызсыз өткен. Сот Балтабайдың қорғануына толық мүмкіндік бермеді. Жоғарғы сотқа шағым түсіреміз, - деді Ержан Балтабай.

Қарашаның 27-і күні өткен сот отырысында мемлекеттік адвокаттың қызметінен бас тартатынын мәлімдеген Ерлан Балтабай соттан інісі Ержан Балтабайды өзіне қоғамдық қорғаушы етіп белгілеп, тәуелсіз адвокат жалдауға мұрсат беруін сұраған болатын.

ПРЕЗИДЕНТ РАҚЫМШЫЛЫҒЫНАН БАС ТАРТУ

Биыл шілденің 17-іне Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайды "қызметін пайдаланып кәсіподақ жарғысының талаптарын бұзды", "кәсіподақ ақшасын есепсіз жұмсады" және "кәсіподақ ақшасын иемдене отырып жәбірленушіге аса ірі көлемде залал келтірді" деп танып, 7 жылға соттаған еді. Өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартқан Балтабай істің саяси астары бар деп мәлімдеген.

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросы, "Халықаралық құқықтық бастама" және "Либерти" қоры шілденің соңында таратқан мәлімдемесінде Ерлан Балтабайға шығарылған үкім "еңбек саласындағы бірлесу еркіндігі туралы халықаралық стандарттар мен қазақстандық заң нормасы өрескел бұзылғанын көрсетті" деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар "билік тәуелсіз кәсіподақтар қозғалысын қорқыту және құрту науқанын" жалғастырып отыр деген. Балтабайға шығарылған сот үкімін халықаралық ұйымдары да айыптап, Қазақстан билігін белсендіні қамаудан босатуға шақырған.

Тамызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Балтабайға рақымшылық жариялап, ол түрмеден бостандыққа шықты. Балтабайдың түрме жазасы 1 млн 595 мың теңге (4150 доллар) айыппұлмен алмастырылғаны кейін мәлім болды. Қыркүйекте Балтабай жазда түрмеде отырғанда өзіне жолыққан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері "рақымшылық сұрап өтініш берсең, қамаудан босап, бұрынғы жұмысыңды атқара бересің деп сендірген соң келіскенін", ал енді кәсіподақ басшылығына оралуына кедергі жасалып, айыппұл төлеуін талап етіп жатқанын айтып, рақымшылықтан бас тартатынын және заңсыз жауапқа тартылғанын сотта дәлелдеуге тырысатынын мәлімдеген болатын.

Ерлан Балтабай (сол жақта) сот залында отыр. Шымкент, 16 қазан 2019 жыл.
Ерлан Балтабай (сол жақта) сот залында отыр. Шымкент, 16 қазан 2019 жыл.

Қазанның 16-сы күні Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты президент рақымшылығынан соң Ерлан Балтабайдың түрме жазасы айыппұлмен алмастырылғанын, бірақ Балтабайдың оны төлеуден бас тартқанын айтып, белсендіні 5 ай 8 күнге қайтадан түрмеге қамауға үкім еткен.

Қазан айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттықтың сауалына жолдаған жауабында "ҰҚК органдары кәсіподақ жетекшісі Ерлан Балтабайдың сотқа дейінгі ісімен айналыспағанын және онымен ҰҚК қызметкерлері кездеспегенін" хабарлады.

"МАЗАҚҚА ҰҚСАЙДЫ"

Ерлан Балтабайдың Еңбекші аудандық сотының шілдеде шығарған үкіміне қарсы күзде берген апелляция шағымын "мерзімі өтіп кеткендіктен" сот қарамай тастағаны туралы қарашаның 27-і күні Шымкент қалалық сот судьясы Наурызбай Әуезов хабарлаған болатын. "Балтабай сот қаулысымен келіскен жоқ" деген ол.

Үш айдың ішінде сот үкімімен екінші рет түрмеге қамалған Ерлан Балтабайдың ісіне байланысты алаңдаушылық білдірген қазақстандық және халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды кәсіподақ белсендісін дереу босатып, оны қудалауды доғаруға шақырды.

Кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 3 қазан 2019 жыл.
Кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 3 қазан 2019 жыл.

"Ерлан Балтабайды әуел бастан негізсіз қамады. Оның үстінен қозғалған қылмыстық іс тұтастай сот әділдігін мазақ қылуға ұқсайды. Оның президент жарлығымен босап шығуын құптадық. Билікті президент жарлығы негізінде белсендіні босатуға, сонымен бірге әуелде негізсіз шығарылған саяси астары бар сот үкімінің күшін жоюға шақырамыз" деп мәлімдеді қазанда Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының бас хатшысы Шэран Барроу.

Human Rights Watch ұйымы Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы жайлы мәлімдемесінде биліктің тәуелсіз кәсіподақтарға қатысты іс-әрекетін сынаған Ерлан Балтабайдың кейін түрмеге қамалғанын атап көрсеткен.

Қарашаның 7-і күні Женевада Қазақстанның есебін тыңдаған БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесінде Батыс елдері Нұр-Сұлтанды ел азаматтарының бостандықтары мен құқықтарын сақтауға, солардың қатарында тәуелсіз кәсіподақтардың жұмысына кедергі келтірмеуге шақырған.

Қарашаның басында Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы IndustriALL одағымен бірігіп, Қазақстан билігін Ерлан Балтабайды босатуға шақырған шара бастаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG