Accessibility links

Рақымшылықтан бас тартқан кәсіподақ белсендіcі бес айға қамалды


Ерлан Балтабай сотта отыр. Шымкент, 16 қазан 2019 жыл.

16 қазан күні кешке Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты "Сеніп тапсырған мүлікті иемдену" бабы бойынша жеті жылға сотталып, кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рақымшылығымен босап шыққан кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабайды 5 ай 8 күнге қамауға қаулы шығарды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Судья Еркін Оспановтың сөзінше, Ерлан Балтабайға президент рақымшылығынан соң түрме жазасы 1 млн 595 мың теңге (4150 доллар) айыппұлға алмастырылған. Бұл айыппұлды сотталушы төлеуден бас тартқан. Сот айыппұлды бір айдың ішінде төлемеген Балтабайды бас бостандығынан айыруға шешім шығарды.

"Сот орындаушысы Нұрғали Сейітбековтің сотталған Ерлан Балтабайға тағайындалған айыппұл жазасын басқа жаза түріне ауыстыру туралы ұсынысы қанағаттандырылсын. Айыппұлды 5 ай 8 күн мерзімге бас бостандығынан айыру жаза түрінде ауыстырылсын. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтесін" деді судья.

Сотталушы Ерлан Балтабай зот залынан қамауға алынды. Ол соттың қаулысына апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Балтабайдың сөзінше, рақымшылықтан бас тартқаннан соң айыппұлды төлеудің мәні жоқ.

"Рақымшылықтан бас тарттым. Еңбекші аудандық соты мені "Сеніп тапсырған мүлікті иемдену" бабы бойынша 7 жылға соттады. Мен өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдегім келді. Бірақ мұрша бермеді" деді кәсіподақ белсендісі.

Балтабайдың айыппұлды өтеу туралы ісі сотта 7 қазан күні қарала бастаған. Алғашқы сот отырысында сот орындаушысы Нұрғали Сейітбеков түрме жазасы айыппұлға алмастырылған Ерлан Балтабай 1 млн 595 мың теңгені (4150 доллар) қасақана төлемей жүргенін айтқан. Ол "Балтабай рақымшылықтан бас тартса да, айыппұлды төлеуі керек" деп санайды.

1 қазан күні сот орындаушысы борышкердің айыппұл төлемей отырғанын айтып, айыппұлды басқа жаза түріне алмастыруды сұрап, сотқа шағымданған.

17 шілде күні Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайды Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырған мүлікті иемдену» бабы бойынша кінәлі деп тауып, 7 жылға соттаған. Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, істің саяси астары бар екенін айтқан. Ал оның ісін қараған судья "Балтабайдың кінәсі толық дәлелденді" деген.

Сот үкімі шыққан соң қазақстандық құқық қорғаушылар және бірқатар халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін үкімнің күшін жойып, белсендіні босатуға шақырған. Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросы, "Халықаралық құқықтық бастама" және "Либерти" қоры 31 шілдеде таратқан мәлімдемесінде Балтабайға шығарылған үкім "еңбек саласындағы бірлесу еркіндігі туралы халықаралық стандарттар мен қазақстандық заң нормасы өрескел бұзылғанын көрсетті" деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар "билік тәуелсіз кәсіподақтар қозғалысын қорқыту және құрту науқанын" жалғастырып отыр деген.

9 тамызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Балтабайға рақымшылық жазған. Бірақ ол кезде Балтабайдың жазасы айыппұлмен алмастырылғаны жайлы айталмаған. Бірақ қыркүйекте Балтабай түрмеден шыққанымен кәсіподақ жұмысына қайта төрағалық етуге кедергі барын айтып, рақымшылықтан бас тартатынын мәлімдеген. Ол президент Тоқаевқа хат жазғанын, енді сот арқылы заңсыз сотталғанын дәлелдеуге тырысатынын айтқан.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Карантин көп балалы шаңыраққа қалай әсер етті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00
XS
SM
MD
LG