Accessibility links

Қазақстан БҰҰ-да адам құқығы ахуалына байланысты есеп берді


БҰҰ Адам құқығы сессиясында Қазақстандағы адам құқығы жайлы есеп беріп отырған әділет министрі Марат Бекетаев (ортада). 7 қараша 2019 жыл.

7 қарашада Женевада БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесінде Қазақстан билігінің адам құқығы ахуалына байланысты есебі тыңдалды. Қазақстандық делегацияны бастап келген әділет министрі Марат Бекетаев Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін орындауға тырысып отырғанын жеткізді. Қазақстан есебін тыңдаған кейбір мемлекеттер сайлау заңнамасын жетілдіруге, азаптау фактілерін толық зерттеуге, бейбіт жиналу құқығын шектемеуге кеңес берді.

Марат Бекетаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "халықтың пікіріне құлақ салатын" мемлекет құру туралы мақсат қойғанын, соған сәйкес биліктің "азаматтық қоғаммен тығыз жұмыс жасап жатқанын" алға тартты. Ол мысал ретінде қоғаммен диалог орнатуды көздейтін "ұлттық қоғамдық сенім кеңесі" құрылғанын, оның құрамына құқық қорғаушылар, экономистер, түрлі сала мамандары кіргенін айтты.

Бекетаев Қазақстанның сот ашықтығын қалыптастыруды да көздеп отырғанын жеткізіп, қазір сот құжаттарының 90 пайызын онлайнда оқуға болады деді. Оның айтуынша, Қазақстанда барлық сот залдары аудио-видео құрылғыларымен жабдықталған. Министр бұған қоса, бала және әйел құқығы, аз топтардың құқығы, діни бостандық және өзге салалардағы Қазақстан билігінің "жетістіктеріне" тоқталды.

Сессия барысында Австрия Қазақстанда құқық қорғаушылар мен белсенділердің қуғындалуы жайлы хабарламаларға алаңдап отырғанын айтты. Австралия елде азаптау фактілерін толық әрі ашық зерттеуге шақырса, АҚШ "ар-намысты қорлау" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауға кеңес берді. Сонымен бірге сессия кезінде Қазақстан жағына сайлау заңнамасын жетілдіру, бейбіт жиналу құқығын шектемеу, үкіметтік емес ұйымдарды тіркеуді жеңілдету, әйелдерге күш көрсеткендерді жазасыз қалдырмау жайлы кеңес берілді.

Қазақстан адам құқығына байланысты әмбебап кезекті шолуды 2010 жылы ақпан айында және 2014 жылы қазан айында таныстырған.

Осы уақыт аралығында үкімет азаптауды тию, әйел мен балаға күш көрсетпеу, сөз бостандығы мен пікір айту еркіндігін қорғау және өзге мәселелер бойынша БҰҰ-ның рекомендацияларын орындауы тиіс болған.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы БҰҰ Адам құқығы кеңесінің 34-сессиясы қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген уәделері сөз жүзінде қалды деп сынаған.

Сессияны тікелей эфирден көрсетті:

Error rendering webtv un.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNews 11.12.2019
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:15:15 0:00
XS
SM
MD
LG