Accessibility links

"Үйге барсам күйеуім өлтіреді". Қазақстанда әйелге қол көтеру тыйылмай тұр


Тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбына перформанс өткізіп тұрған белсенділер. Алматы, 16 сәуір 2016 жыл.

БҰҰ есебінше, Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылықтан жыл сайын 400 әйел көз жұмады. Елде әлімжеттік көргені жайлы полицияға арызданатын әйел көбейген. Сарапшылар қоғамда әйелдің рөлін арттырып, отбасында зәбір көрсету қылмысқа теңестірілгенде ғана қол жұмсауды азайтуға болады деп санайды.

"ІШІП КЕЛІП ҰРАДЫ"

33 жастағы Нәзира (өз өтінішімен есімі өзгертілді) Алматыдағы дағдарыс орталығында үш баласымен тұрып жатыр. Күйеуінен таяқ жеп, қысым көрген әйел елдің батыс өңірінен Алматыдағы осы орталыққа қашып келгенін айтады.

- Батыс жақтағы дағдарыс орталығына барып тығылып едім, күйеуім онда есік-терезесін шағып кіріп, төбелес шығарды. "Қайт" дейді, үйге қайтсам өлтіреді. Ал мен өлсем балаларым не болады? Амалсыз инспекторлар тамызда мені Алматыға жіберді, - дейді ол.

Отбасындағы әлімжеттік. Көрнекі сурет.
Отбасындағы әлімжеттік. Көрнекі сурет.

Нәзира өзінен 11 жас үлкен жігітке өз еркімен тұрмысқа шыққан. Ерлі-зайыпты алғашқы жылы тату-тәтті өмір сүрген, бірақ кейін күйеуі үйге мас болып келіп әйеліне қол көтеруді шығарған.

- Мас болса не істеп, не қойғанын білмейді. Әйелсің, баласың демейді, бас салып ұрып-соғады. Үшінші қызыма аяғым ауыр кезде, үш айлығында мені тепкінің астына алды. Ішім қатты ауырғанын білем, кейін жазылып кетті. Жүктіліктің жетінші айында қансырап, кесір тілігімен босандым. Кезіндегі алған соққыдан ішімде қан ұйып қалған екен. Дәрігерлердің сөзінше, бала шошынған. Соның кесірінен қызым ДЦП-мен дүниеге келді. Күйеуімнің әңгіртаяғына төрт жыл шыдадым. Төрт жылда полицияға ажырасу туралы екі рет арыз жаздым, бірақ қайтарып алдым. Кешірім сұрап, "енді қайталанбайды" деп келді. Ауру қызымды, балаларымды ойлап, көмектесер деп ойладым. Бірақ кейін ішіп келіп, "сен мені соттатпақ болғансың" деп тисетін болды. Шыдамай, тамызда ажырасуға арыз жаздым. Алғашқы отырысқа келмеді, сот кейінге қалды. Қазір қорқытып "қайтпасаң, әке-шешеңді, ағаңды өлтіремін" деп смс жазады, - дейді әйел.

Нәзираның күйеуіне оралғысы жоқ. Жақындары да "қайтпа" деген. Үлкен ұлы қазір Алматыда бірінші сыныпта оқиды. Анасының айтуынша, ұлы ортаға сіңісе алмай жүр. Сіркесі су көтермей қалатын әрі мінезі тұйық баламен психологтар жұмыс істеп жатыр.

Отбасындағы айғай-шудан мезі болған қыз бала. Көрнекі сурет.
Отбасындағы айғай-шудан мезі болған қыз бала. Көрнекі сурет.

"БАЛАМДЫ ТАРТЫП АЛЫП МЕНЕН КЕК АЛМАҚ"

Алты жыл отасқан күйеуі күн бермей сабаған 31 жастағы Виктория қазір бір баласымен Алматыдағы дағдарыс орталығында тұрып жатыр.

- Күйеуім дойыр мінезді, оны енді бұрынғы күйеуім десе де болар. Себебі жақында сот бізді әйтеуір ажырастырды. Осы орталыққа күйеуімнен тығылып келдім. Себебі бір жылға жуық ұрып-соқты, далаға қуып шығады, баламмен бірге қуып жіберген кез де болды. Оған менің жұмысым ұнамады. Арақ-шарап сататын компанияда маркетинг бөлімінде жұмыс істеймін. Жұмыс кеш аяқталады, кейде демалыс, тіпті мереке күндері жұмыс істейміз. Артық істеген күндерге жақсы ақша төлегесін жұмысқа шығамын. Оған сол ұнамайды, ал өзі жұмыс істегісі келмейді, - дейді Виктория.

Виктория еріне қарсы полицияға шағым бермеген. Отбасын сақтап қалуға тырыстым деп түсіндіреді ол. Күйеуінен таяқ жеген соң бір-екі рет дәрігерге барғанда алған медициналық қағаздардың ажырасатын кезде сотта көмегі тиген. Енді алты жастағы ұлының шешесі я әкесімен бірге тұратынын ювеналды сот шешпек.

- Баланың кіммен қалатынын шешетін соттың қашан болатыны әзірге белгісіз. Бірақ ол қазірден бастап полицияға арыз түсіріп, баламды менен тартып алуға талпынып жатыр. Орталыққа учаскелік полицей келіп кетті. Оған бала керек те емес, ол кетіп қалғаным үшін менен осылайша кек алғысы келеді. Ұлым бәрін көрді, ол әкем ұрып, шешем оған шыдаса, бұлай жасауға болады екен деп ұғуы мүмкін. Баламның ондай болғанын қаламаймын. Ол ашуланшақ болып кетті, сарт еткізіп ұрып жіберуі мүмкін, кейін "ой, кешірші" дей салады. Қазір күйзелісте жүр, жүйкесі тез сыр береді. Невропатологқа қаралып жүрміз, - дейді әйел.

Виктория "көп жағдайда әйелдердің өздері зорлық-зомбылыққа шыдап жүре береді" деп санайды.

- Күйеуім алғаш қол көтергенде-ақ полицияға арыз жазып, оған бұлай жасауға болмайтынын, қол жұмсаса әкімшілік жауапқа тартылатынын көрсетуім керек еді. Отбасындағы зорлық-зомбылық бізде қылмыстық іс емес, әкімшілік іс екенін білемін. Сонда да болса, онымен профилактикалық жұмыс жүргізер еді, ол бұлай жасауға болмайтынын түсінер ме еді. Бірақ біз, әйелдер, бәріне көне береміз, бәрі жақсы болып кетер деп үміттенеміз. Бұл жерде әйелдің еш кінәсі жоқ. Ол өзіне, болашаққа сенбейді. Себебі көбі жұмыссыз, сондықтан ақшасыз далада қалам ба деп қорқады, - дейді Виктория.

"ТҰРМЫСТАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫ ҚЫЛМЫС ДЕП ТАНУ КЕРЕК"

Алматыдағы 50 адамға арналған дағдарыс орталығы үнемі адамға толы. Қазақстанның 11 аймағында осындай орталықтар жұмыс істейді. "Дағдарыс орталықтары одағы" ұйымының жетекшісі Зүлфия Байсақованың сөзінше, ондай орталықта әдетте бос орын болмайды.

- Елдегі әр бесінші отбасында зорлық-зомбылық болады. Психологиялық, экономикалық, физикалық қысым жасау, зорлау... Қазақстанда еш шара қабылданып жатқан жоқ. Тұрмыстағы зорлық-зомбылықты құқық бұзушылық емес, қылмыс деп тану керек. Сонда отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған адам өзінің қысым көргенін дәлелдеуге тырысып жүгіріп жүрмейді. Ондай іспен құқық қорғау органдары айналысар еді, - дейді ол.

2017 жылы Қазақстан отбасындағы әлімжеттік туралы баптарды Қылмыстық кодекстен алып тастаған. 2017 жылы шілденің 3-іне Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Сабау" және "Денсаулыққа жеңіл дәрежеде зақым келтіру" баптарын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы заңға қол қойған. Оған дейін отбасындағы әлімжеттік қылмыс ретінде қаралып, кінәлілер 226 900 - 453 800 теңге аралығында айыппұл төлейтін немесе екі айға дейінгі мерзімге қамалатын. 2017 жылдың шілде айынан бастап, айыппұл көлемі бірнеше есе азайды, қамау мерзімі де 20 тәулікке дейін қысқарды.

Шымкенттегі дағдарыс орталығын паналаған әйел мен бала. 22 тамыз 2014 жыл. Көрнекі сурет.
Шымкенттегі дағдарыс орталығын паналаған әйел мен бала. 22 тамыз 2014 жыл. Көрнекі сурет.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымының биылғы мәлімдемесінде Қазақстан заңнамасы іс жүзінде зәбір көрсетушіге "ақша төлеп, күш көрсетуге құқық береді" деп жазған. HRW "биліктің әйелдерді отбасындағы зорлық-зомбылықтан заң жүзінде қорғамауы Қазақстанның адам құқығы саласындағы міндеттемелеріне қайшы келеді" деп есептейді.

Қазақстандағы құқық қорғаушылар да биліктен "Сабау" және "Денсаулыққа жеңіл дәрежеде зақым келтіру" бабын қылмыс қатарына қосуды ұсынған. Нұр-Сұлтан әзірге үнсіз.

"ҚОҒАМ ӘЙЕЛГЕ ҚОЛ КӨТЕРУДІ ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙ ДЕП ҚАБЫЛДАЙДЫ"

БҰҰ-ның есебінше, Қазақстанда жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылықтан шамамен 400 әйел көз жұмады. Ал Қазақстан билігінің дерегінше, 2018 жылы отбасындағы әлімжеттік туралы арыз-шағымдар 2015 жылмен салыстырғанда 104 пайызға көбейген. Ресми дерек бойынша, 2017 жылы Қазақстанда 18 бен 75 жас аралығындағы әйелдердің 17 пайызын күйеуі не бұрынғы күйеуі ұрып-соққан я зорлаған.

Әлеуметтанушы Серік Бейсенбаевтың пікірінше, қоғамда әйелге деген көзқарас өзгермей отбасындағы зорлық-зомбылықтың азаюы қиын.

- Бізде патриархалды көзқарас басым, бұл консерватив қоғамдарда кең таралған. Яғни, ондай қоғамда әйелге орны төмен деп қарайды. Қоғамда "әйел әрқашан өзін екінші-үшінші кезекке қойғаны жөн және отбасында не көрсе де оны ешкімге жария етпеуі керек" деген ұстаным да бар. Мұндай ұстаным – ерлердің әйелге қол көтеруіне, оның тыйылмай келе жатқанына себепкер болып отырған фактордың бірі, - дейді маман.

Әлеуметтанушы елдегі зорлық-зомбылықтың көбі ашылмай қалатынын айтады. Ал құқық қорғаушы Евгений Жовтистің пікірінше, әйелді ұрып-соғу, зорлау Қазақстан қоғамында үйреншікті құбылысқа айналған.

- Өкінішке қарай, отбасындағы әлімжеттік қоғамдағы дәстүрдің бір бөлігіне айналып кеткен. Мұндай жағдай тек Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы басқа елдер мен Ресейге де тән. Отбасында ер адам басшы, тиісінше ол әйелі мен баласын қалай тәрбиелеу керегін өзі шешеді. Ал отбасында әңгіртаяқ ойнату үйдегі тәртіпті ұстап тұру үшін қажет деп біледі. Меніңше, бұл қоғамдағы көзқарасқа байланысты. Бұған мемлекетті емес, қоғамды айыптау керек. Егер қоғам бұл жайтқа қарсылық білдірсе, отбасындағы зорлық-зомбылық біршама азаяр еді. Қоғам мұны қалыпты жағдай деп қабылдайды, тіпті қолдайтындар да бар. Мұндай қоғамда зорлық-зомбылыққа тоқтау жоқ, - дейді құқық қорғаушы.

Алматыдағы дағдарыс орталығын паналаған жас әйел. Көрнекі сурет.
Алматыдағы дағдарыс орталығын паналаған жас әйел. Көрнекі сурет.

Қазір Алматыдағы дағдарыс орталығын паналап жатқан Нәзира алты айдан кейін бұл жерден шығуы тиіс. Ол қайда баратынын білмейді. "Орта білімім ғана бар" деген әйел науқас қызымен жұмыс таба алатынына да сенімі жоқ.

Ал Виктория сот баласын өзінде қалдырса, ұлын алып өзге елге кетпек. "Мұнда қалсам, өмір сүргізбейді" дейді ол күйеуі туралы.


  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG