Accessibility links

Feminita тобы: "Әлімжеттік көретін әйелге заң өзгерісі ауыр тиді"


Қазақстандық әйелдер құқығын қорғаушы белсенділер БҰҰ-на жолдайтын балама есебінде отбасындағы әлімжеттік үшін жауапкершілікті қылмыстық кодекстен алып тастау Қазақстанда әйелдердің жағдайын айтарлықтай ауырлататыны жайлы баяндамақ.

Лаурита Музычко үш айдан бері Астанадағы дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Ол осында босанып, дүниеге ұл бала келген. Лаурита құрылыс бригадасында жұмыс істейтін күйеуін отбасында болған соңғы әлімжеттік оқиғасынан кейін көрмегенін айтады.

- Кейде ұрып-соғатын. Бірде тіпті қызының қолын да сындырған. Қолын қалпына келтіре алмаймыз ғой деп ойлап едім. Құдайға шүкір, тәуір болды. Оның достарымен наша шегетін әдеті бар, сол кезде есіріктеніп кететін. Мені ғана емес, тіпті туғандарын да сабап тастайтын, - дейді Лаурита Музычко.

Келіншектің сөзінше, күйеуі жазадан қашып, Шымкентке кетіп қалған. Әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын қазақстандық Feminita бастамашыл тобының белсенділері биыл жазда қабылданған жаңа өзгерістер Лауританы ұрып-соққан адамның қылмыстық жауапкершіліктен сытылып кетуін заңдастырып қойды дейді.

Feminita тобының негізін қалаушылардың бірі, қазақстандық белсенді Жанар Секербаева. Варшава, 14 қыркүйек 2017 жыл.
Feminita тобының негізін қалаушылардың бірі, қазақстандық белсенді Жанар Секербаева. Варшава, 14 қыркүйек 2017 жыл.

Feminita тобының негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаева:

- Бұл Қазақстанда әйелдердің жағдайын нашарлатып, қоғамда "әйелді сабауға болады, ол үшін жазаға тартпайды" деген теріс түсінік қалыптастырады. Өйткені елде мұндай заң бұзу оқиғасын әкімшілік құқық бұзу кодексіне ауыстырып тастады, демек енді ондай жағдайда ақша төлеп немесе болмашы мерзіммен құтылуға болады, - дейді.

Қазақстанда адамды ұрып-соғып, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру бұрынғыдай қылмыс болып саналмайды. Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев шілде айында қол қойған "Кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға сәйкес, қылмыстық кодекстегі әлгіндей іс-әрекеттері үшін жаза тағайындау көзделген 108-ші және 109-баптар әкімшілік кодекске ауыстырылған.

Астанадағы дағдарыс орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Айым Алпысованың айтуынша, 50 адамға арналған орталықта қазір 12 әйел мен 30 бала тұрып жатыр.

- Әйелінің күйеуімен ажырасу процесі басталады немесе ондай ештеңе басталмайды, өйткені ең бастысы – олардың осында келгені. Мұнда оларға еш қауіп жоқ, ал ерлер заңға тартылмайды. Өйткені, 2017 жылғы шілдеде қабылданған жаңа заң бойынша, енді ұрып-соғу қылмыс емес, әкімшілік заң бұзушылық болып саналатындықтан олар (жапа шеккендер – ред.) заң жүзінде толық қорғана алмайды, сот арқылы шеше алмайды, - дейді Айым Алпысова.

"КазФем" феминистік тобының тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына арналған перформансы. Алматы, 16 сәуір 2016 жыл.
"КазФем" феминистік тобының тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына арналған перформансы. Алматы, 16 сәуір 2016 жыл.

Feminita бастамашы тобының жетекшілері БҰҰ-на балама есеп жолдап, Қазақстандағы әйелдердің жағдайына қолданыстағы заңға енгізілген өзгерістердің қалай әсер еткені жайлы баяндамақшы.

- Мемлекеттің тұрмыстағы зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны жеңілдетіп қойғаны, әрине, қапаландырады. Қазір біз адамдар бір-бірін саналы түрде ұрып-соқпайтын деңгейге жеттік деп айта алмаймыз. Біз, яғни қазақстандық Feminita тобы балама есептер әзірлеп жатырмыз. Келер жылы Қазақстан конвенция бойынша, әйелдерге қатысты кемсіту түрлерінің барлығын жою шаралары жөнінде есеп береді, сонда біз Қазақстандағы әйелдердің жағдайы өте мүшкіл екеніне дәлелдер келтіріп, балама есеп жолдаймыз, - дейді Feminita тобын құрушылардың бірі Гүлзада Сержан.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің өкілдері болса заңға енгізілген өзгерістердің арқасында отбасында әлімжеттік көрсеткендерді дер кезінде жауапқа тартуға мүмкіндік туды дейді. Ішкі істер министрлігінің Азаттыққа жолдаған жауабында отбасындағы әлімжеттік іс-әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастауға негіз ретінде "бұрын зорлық-зомбылық құрбандары, әсіресе ері әлімжеттік жасаған әйелдер сотқа жүгіну үшін дәлел-айғақтар жинауы тиіс болғандықтан ішкі істер органдарына жәбірлеушіні жауапқа тарту мүмкін болмай келгені" аталған.

Алматыдағы дағдарыс орталығын паналаған жас әйел. (Көрнекі сурет.)
Алматыдағы дағдарыс орталығын паналаған жас әйел. (Көрнекі сурет.)

Жаңа өзгеріске сәйкес, енді отбасының шырқын алып, заң бұзған адамға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің "Ұрып-соғу" бабы бойынша 10 тәулікке әкімшілік қамау шарасы қолданылып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (22 690 теңге) айыппұл салынады.

"Денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру" бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылғандар 15 тәулікке қамалып, 15 айлық есептік көрсеткіш (34 мың теңгеден астам) көлемінде айыппұл төлейді.

XS
SM
MD
LG