Accessibility links

Оңтүстік Қазақстанда ажырасу көбейді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері үш мыңға жуық неке бұзылған. Мамандар ерлі-зайыптылардың ажырасу себептерінің алуан түрлі екенін айтады.

«ҚОЛ КӨТЕРЕДІ»

Екі баланың анасы 35 жастағы Гүлнәр Бейсенбаева (аты-жөні өзгертілді – ред.) заңды некедегі күйеуі Ержан Бейсенбаевпен (аты-жөні өзгертілді – ред.) ажырасу үшін сотқа осыдан бір ай бұрын арыз түсіргенін айтады. Гүлнәрдің сөзіне қарағанда, «ерімен отасқанына бас жылдан асқан». Оның әңгімесінен ерінің табыс таппағанын және онысын айтса, қол жұмсағанын білуге болады.

- Үлкенім төрт жаста. Кенжем әлі жасқа толмады. Күйеуіммен мінезіміз үйлеспейді. Бірге өмір сүре алмайтыныма көзім жетті. Бес жылдан бері балаларым үшін шыдап келдім. Жұмыс істемейді. Жұмысқа шық десем, ұрады. Айта берсем жыры көп. Шаршадым, - дейді Гүлнәр Бейсенбаева.

Азаттық тілшісі сөйлескен әйелдердің айтқанынан ажырасуға себеп болатын негізгі себептің бірі ер адамның қол жұмсауы екені аңғарылды. Шымкент қаласының Еңбекші ауданы сотына неке бұзу туралы арыз түсірген 25 жастағы Гүлбаршын Сариеваның (аты-жөні өзгертілді – ред.) аяғы ауыр, айы-күні жақындап қалған. Бір ай бұрын жазған арызын қайтарып алған ол «күйеуіммен түсініскендей болғанын» айтады.

- Тұрмысқа шыққаныма үш жылдай болды. Үш жылда қанша рет сөзге келіп қалғанымыз есімде жоқ. Әйтеуір тіл табысуымыз қиындап кетті. Соңғы кездері қол көтере бастаған соң ажырасуға арыз тастағам. Қазір сөйлесіп, түсініскендей болдық, - дейді Гүлбаршын Сариева.

АТА-ЕНЕНІҢ «ҚЫСАСЫ»

Ал 27 жастағы Айдай Арғынның (аты-жөні өзгертілді – ред.) ажырасу себебі«ата-енемнің қазымырлығынан, әрбір тірлігімізге араласа беретіндігінен» күйеуімен ажырасып кеткенін айтады. Оның сөзінше, «отбасын құрғаны болмаса, күйеуі ата-анасының сөзінен шыға алмайды».

Бірақ ата-енем ажыраспауға қоймады. Олардың мінез-қылықтарына тойдым. Мені қабылдағысы келмеді, қабылдамады да.

- Ортада алтындай ұлымыз бар. Сол үшін де ажырасқым келмеген. Бірақ ата-енем ажыраспауға қоймады. Олардың мінез-қылықтарына тойдым. Мені қабылдағысы келмеді, қабылдамады да, - дейді ол.

Азаттық тілшісі неке бұзудың себептерін білу үшін Шымкенттегі Еңбекші аудандық сотының бірнеше отырысына қатысуға тырысты. Күніне үш-төрт неке бұзу ісін қарайтын сотта көп жағдайда ажырасушы азаматтар істі қарау барысына көлденең адамның қатысуына қарсы екендерін білдіріп, тілшінің шығуын талап етті.

СОТ ПЕН МЕДИАТОР МӘЛІМЕТІ

Неке бұзу ісін жиі қарайтын судъя Мұхтар Айменовтің Азаттыққа айтуынша, «неке бұзуға арызданғандардың көбі жастар». Алайда «ажырасуға арыз жазған азаматтардың ішінде 70 жастағы ақсақал да бар». Маманның сөзінше «ажырасатын жұптардың 85-90 пайызының кәмелет жасқа толмаған бір немесе бірнеше баласы бар».

- Сот кезінде анық болатыны неке бұзуға көбіне мінездерінің үйлеспеуі, көзқарастарының керағар болуы, екі жақтың ата-анасының отбасына араласуы және ұрып-соғу оқиғалары себеп болады. Бірақ арызданатындардың үштен бірі татуласып, жазған арызын қайтып алады, - дейді судья.

Қаладағы бірнеше сотта медиатор қызметін атқарып жүрген Алпамыс Иманбековтің сөзіне қарағанда, сот неке бұзу туралы арызды қабылдамай тұрып және қабылдағаннан соң да талапкер мен жауапкерді медиаторға жібереді.

Бізге келетіндер негізінен әлеуметтік мәселелер мен қарым-қатынастың қиындығынан ажырасатындар. Мысалы, күйеуі ішетіндер, жұмыссыздық, отбасындағы зорлық-зомбылық.

- Арызданушылардың бәрі бірдей келеді деп айта алмаймыз. Бізге келетіндер негізінен әлеуметтік мәселелер мен қарым-қатынастың қиындығынан ажырасатындар. Мысалы, күйеуі ішетіндер, жұмыссыздық, отбасындағы зорлық-зомбылық. Кейбір отбасында ерлі-зайыптылардың ортасына ата-аналарының араласуы да ажырасуға себеп болады. Әсіресе, әйелдің шешесі отбасының тірлігіне килігетіні байқалады, - дейді ол.

Алпамыс Иманбеков айтқан мәліметтерге қарағанда, «неке бұзуға көбіне әйелдер арызданады». Маманның сөзінен кейінгі жылдары азаматтардың ажырасуға деген көзқарастары өзгере бастаған.

- Қазір қанша баласы бар екеніне де қарамайды, балаларын ойламайды, ажырасуға арызданады. Бұрын ажырасуды ұят санайтын. Қазір «кім ажыраспай жатыр» дейтіндер көбейді. Бір күнде бір отбасын сақтап қалсақ қуанамыз, - дейді Алпамыс Иманбеков.

ӘЛЕУМЕТТІК ФАКТОР

Психолог Абылайхан Рысдәулеттің пікірінше, «отбасын алдын-ала жоспарлаудың болмауы, әлеуметтік-экономикалық факторлар, рухани құлдырау ажырасуға себеп болады».

- Адамдарда ішкі агрессия, негативті эмоция өте көп. Мұны әлеуметтік факторлармен байланыстыруға болады. Яғни, баспанасыздық, жұмыссыздық, жоқшылық, ертеңге деген сенімнің жоқтығы, тұрақсыздық. Қазіргі уақытта отбасылық институт өзінің принципін жоғалтқан, - дейді ол.

Психологтың мәліметіне қарағанда, қазір «жеке өмір сүргісі келетін әйелдер көбейген» және «көбіне ажырасуға әйел адамдар бірінші ниет білдіреді».

- Әйелдер күйеулерінің мінезі қиындағанына шағымданады. «Ішеді, түртпектейді, миымды жиді» дейді. Еркектердің бар көрсететін агрессиясы – осы. Сол әйелдердің күйеулерімен сөйлескенде жұмысы жоқ екенін білеміз. Оларда тұрақсыздық, қорқыныш, үрей басым. Міне, бұл – әлеуметтік фактордың бірі, - дейді психолог.

Биылғы жартыжылдықта ажырасу саны былтырғыдан 119-ға көбейіп, 2739-ға жетті. Әр төртінші неке бұзылып жатыр.

Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) әділет департаментінің бас маманы Лариса Өмірбекова биыл ерлі-зайыптылардың ажырасуы көбейгенін айтады. Маманның сөзінше, «ажырасудың себебі сан-алуан». «Үй-күйдің жоқтығы, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, ерлі-зайыптылардың мінездерінің жараспауы ажырасуға себеп болып жатыр» деген ол ажырасатындардың 90 пайызы 20 мен 40 жас аралығында екенін баяндады.

- Биылғы жартыжылдықта ажырасу саны былтырғыдан 119-ға көбейіп, 2739-ға жетті. Әр төртінші неке бұзылып жатыр. Ажырасатын азаматтардың 70пайызы - 20-30 жас аралығында, 20 пайызы 30-40 жас аралығындағы азаматтар болса, 10 пайызы 40-тан асқан азаматтар. Егер ерлі-зайыптылардың ортақ баласы мен мүлкі болмаса әділет департаментінде арызы бойынша некесі бір ай мерзімде бұзылады. Ал ортақ баласы не мүлкі болса, неке сот арқылы бұзылады. Кейде некесін бұзған азаматтар қайта табысып, некеге қайтадан тұрады, - дейді бас маман.

2016 жылы ОҚО-да 21716неке тіркеліп, оның 5190-ы бұзылған.

XS
SM
MD
LG