Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында (ОҚО) алимент төлегісі келмейтін азаматтардың саны 2015 жылға қарағанда 2016 жылы 200-ге көбейген. Мыңға жуық борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«АЛИМЕНТТІҢ ҚАРЫЗЫ ЕКІ МИЛЛОНҒА ЖЕТТІ»

Шымкентте тұратын 42 жастағы Нәзира - бес баланың анасы. Үлкен ұлы мен қызы кәмелет жасқа толған. Қалған үш бала - мектеп оқушысы. Нәзираның күйеуінен ажырасқанына төрт жыл болған.

Нәзираның «күйеуі жұмыссыз қалған, көп ұзамай араққа салынған, болмашы нәрсені сылтауратып жанжал шығаратын болған». Ерлі-зайыптылар «16 жылдан кейін ажырасып кеткен».

- Қазір Шымкентте бір дәмханада аспаз болып істеймін. Пәтер жалдап тұрамыз. Үлкен ұлым әскерден енді келді. Қызым сырттай оқиды. Жалғыз өзімнің табысым түкке жетпейді. Өлместің күні, - дейді Назира.

Қатты қиналып кеткен соң сотпен алимент кестірдім. Сонда да қайыр болмады. Екі жылдан асты бір тиын көмек бермеді.

Көпбалалы жесір әйелдің сөзінше, «айына алатын 70 мың теңгенің 30 мыңы пәтер жалдауға кетеді. Қалған 40 мың теңгеге азық-түлік алады». Балалардың киім-кешегіне, басқа да мұқтаждарына қаражат жетпейді.

- Оған (бұрынғы күйеуін айтады – ред.) балалардың ас-суына көмектессеңші десем, тыңдамайды. Қатты қиналып кеткен соң сотпен алимент кестірдім. Сонда да қайыр болмады. Екі жылдан асты бір тиын көмек бермеді. Алғашында бес балаға 50 мың теңге алимент шыққан. Қазір айына 63 мың теңге төлеуі керек. Бірақ алимент қарызы екі миллонға жетіп қалды, - дейді Назира.

«11 МЫҢНАН АСТАМ АРЫЗ ҚАРАЛЫП ЖАТЫР»

ОҚО прокуратурасы басқарма басшысының орынбасары Қантөре Хандиллаев «алимент төлемей жүргендердің көбеюінің негізгі себебінің бірі жұмыссыздық» екенін айтады.

ОҚО сот орындаушылары палатасының мәліметтеріне қарағанда, «2015 жылы сот орындаушылары бөлімдеріне 28 164 адамның құжаты түссе, алименттер қарызы бұл жылдың басында 246 миллион теңгеге жеткен. Ал 2016 жылы сот орындаушыларына 28 365 азаматтың құжаты түсіп, олардың қарызы 170 миллион теңге екені анықталған. 2015 жылы 1 миллиард 200 миллион теңгедей алимент өндірілсе, 2016 жылғы көрсеткіш те осы шамада болған».

Сот орындаушыларының мәжбүрлеуімен алимент төлейтін адамдардың көбеюін, бірақ қарыз көлемінің азаюын ОҚО прокуратурасы өкілі Қантөре Хандиллаев «өндіру жұмыстарының күн сайын жүріп жатқанымен түсіндіреді».

- Күнделікті алимент өндіріліп жатқан соң қарыз көлемі азайып келеді. Алимент бала санына қарай төленеді. Бір бала болса - айлық табыстың төрттен бірі, екі бала болса - үштен бірі төленеді. Ал жұмыссыздар алиментті күнкөріс деңгейінің мөлшерімен төлейді, - дейді басқарма басшысының орынбасары Хандиллаев.

Ол «Алимент төлемегендерге әкімшілік және қылмыстық жаза қолданылатынын» айтады.

- Борышкердің атында мүлкі болып, табысын жасырса, қылмыстық жазаға тартылады. Қылмыстық жазаға тартпас бұрын ескерту беріледі. Одан кейін әкімшілік жаза қолданылып, қоғамдық жұмысқа тартылады немесе бес тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін, - дейді басқарма басшысының орынбасары.

ОҚО әділет департаменті берген мәліметтерге қарағанда, тиісті органдар жазалаумен ғана айналыспайды. Департаменттің Азаттыққа жолдаған жауабына қарағанда, «2015 жылы сот орындаушылары жұмыспен қамту орталығына үш айдан артық алимент берешегі бар 1701 борышкерді, 2016 жылы 1552 борышкерді жұмыспен қамту ұсынысын жолдаған».

Борышкердің атында мүлкі болып, табысын жасырса, қылмыстық жазаға тартылады . Қылмыстық жазаға тартпас бұрын ескерту беріледі.

Әділет департаменті мамандары «қазір ОҚО соттарында алимент өндіру туралы 11 мыңнан астам өтініш қаралып жатқанын» айтады.

Ал «ажырасқан отбасылардың балалары әдетте анасының қарауында қалатынын» айтқан психолог Айсұлу Бөрібаева:

- Ажырасудың сан алуан себебі бар. Көбіне ажырасуға жетіспеушілік себеп болады... Қазір қоғамда ашушаң адамдар көп. Көбі мәселені балаша шешеді. Ересектерше шешу сирек кездеседі. Ерлі-зайыптылар бірін-бірі түсінуге тырыспайды, - дейді.

Әділет департаментінің бөлім басшысы Шахаризада Досанованың мәліметіне қарағанда, «2016 жылы ОҚО-да 21 716 неке қиылса, 5190 неке бұзылған. Өзара келісіммен ажырасатындарға қарағанда, сот арқылы ажырасатындар көп. 2016 жылы бұзылған 5190 некенің 4529-ына сот шешімі шыққан, 661 неке өзара келісіммен бұзылған. Келісіммен ажырасқандардың көбінде ортақ балалары, ортақ мүлкі болмайды».

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG