Accessibility links

"Әйелді ұру" жайлы уағыз дау тудырды


"Әйелді ұру" жайлы уағыз айтылған видеодан скриншот.
"Әйелді ұру" жайлы уағыз айтылған видеодан скриншот.

Әлеуметтік желіде видеосы тараған "әйелді ұру" туралы уағызды көпшілік сынға алды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі "ескі" бейнетаспада "жеке адамның көзқарасы" айтылған деп түсіндірді. Әйел құқығын қорғаушы белсенді мен заңгер даулы уағызды "теңсіздік пен зорлық-зомбылықты насихаттау" деп бағалайды.

УАҒЫЗ ТҮРТКІ БОЛҒАН ПІКІРІТАЛАС

Жаңа жылдың басында Facebook әлеуметтік желісінде "әйелді денесіне жарақат салмай ұруға болатыны" туралы қазақша уағыздың видеосы жарияланысымен қолданушылар арасында қызу пікірталас туды. Бірнеше күннің ішінде 450-ден астам адам әлгі видеомен парақшаларында бөлісті. Қолданушылардың көпшілігі видеода айтылған уағызды сынға алды.

Кей қолданушылар дау туғызған видеоның бұдан бірер жыл бұрын YouTube желісінде жариялағанын, ондағы Мұхаммед пайғамбардың хадистеріне сілтеме жасап сөйлеген адам – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) жанынан құрылған Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі болған, қазір Алматыдағы "Нұр Мүбəрак" университетінде қызмет істейтін Ризабек Батталұлы деп жазды. Видеодағы айтылған жайтқа байланысты пікірін сұраған Азаттық тілшісіне Ризабек Батталұлы комментарий беруден бас тартты.

Бейнероликте көпшілік алдында сөйлеп отырған адам: "Жарақаттап, дене мүшесінің бір жерін сындырып алмайтын деңгейде әйелді ұруға шариғатта рұқсат етілгені", әйелдің "желкесінен қатты қысып қоюға" болатыны және "ата-бабаларымыз әйелдерге сес көрсетіп, керек кезінде "жөнге салу" үшін үйге қамшы іліп қойғаны" туралы айтады. Видеоның соңғы жағында уағызшы жамағатты әйел затын ұруға шақырып отырмағанын, "ол әлсіз еркектің әрекеті" екенін де ескертеді. "Ең мықты ер – ұрып-соқпай өзін сыйлата білген адам" дейді ол.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

"Әйелді жақсылап сабап алу" туралы уағызды қызу талқылаған Facebook қолданушыларының көпшілігі уағызшының сөзіне сын айтты. "Әйелді ұру – ақымақтық, надандық!" деп жазды Берік Нұрболат. Тойлыбай Қуаныш есімді қолданушы: "Әйелді ұрғаның – анаңды ұрғаның! Әйеліңді ұрғаның – қызыңды, келініңді, әпке, қарындасыңды ұрғаның!" деген пікір білдірген.

Әлсіз, өзіне сенімсіз, ақылы таяз ғана балаларының анасына қол көтереді

Күләш Өсербаеваның сөзінше, "әлсіз, өзіне сенімсіз, ақылы таяз еркек қана балаларының анасына қол көтереді". Оксана Шундыбеева да: "Әйелін соғып жатқанда анасын немесе қызын ойлап, жаны ашыса қол көтермес еді. Бала тауып, қазан-ошағын жөндеп отырған әйелге әлімжеттік көрсеткен – ең қорқақ, бейшара еркек" деп жазған.

"Ер адам шариғат жолымен жүрсе, әйел адам ешқашан таяқ жемейді" деп санайды Фарида Ильясова.

Кей қолданушылардың пікірінше, бұл мәселеде мемлекеттің де әлсіздігі байқалып отыр. "Отбасылық озбырлықтан заң әйелді де, баланы да қорғай алмай жүр ғой" дейді Амантай Исин.

Базаркүл Қалбыр видеодағы уағызшының айтқанын "тыңдап отырған жас жігіттерге жаным ашып отыр. Ертең қоқиланып, талай жас жарының обалына қалады-ау..." деп жазыпты.

Facebook қолданушы Бекет Сманов болса "Осы дiни нанымда неге қарама-қайшылык көп, мысалы, мал-жануарды да ұрып-соғуға болмайды, арғы дүниеде жауап бересiң дей тұра әйелiңдi ұру керек дейдi, парадокс" деген сұрақ қояды.

Күйеуінен зорлық-зомбылық көрген әйел. Шымкент, 13 мамыр 2016 жыл.
Күйеуінен зорлық-зомбылық көрген әйел. Шымкент, 13 мамыр 2016 жыл.

Тоғас Байжігіт есімді қолданушы: "Орта ғасырдың қара түнегінен шыға алмай қалған надан, зорлық-зомбылыққа шақырып отыр, дінді жамылып" деп уағызшыны сөксе, Алишер Тойгулиев "осындай уағыздардан кейін діннен көңілі қалып бара жатқаны" туралы жазған. Ануар Омар "уағыз айтып жатқанды жауапкершілікке тарту" туралы ой білдірген.

Сонымен бірге желі қолданушыларының арасында уағызшының сөзін құптағандар да табылды. "Бұл кісі шариғатты айтып отыр" деп жазған Пердебай Оспанов. Оның сөзіне қосылған Серик Кулманов та "ойынан шығып отырған жоқ ол, хадистен алып отыр, әйелдер, терең түсініңдер" деп кеңес береді.

Баянды Халамжав "Айтқаныңа көнбей күнде берекеңді қашырып тұрса не істер едің?" деген сауал қояды. Жанат Турганбаев есімді қолданушы: "Ұстаздың айтып отырғаны шектен шықпау, барынша ондайға жеткізбеу" десе, Guljan Erjanova видеодағы уағызды "Күйеуін тыңдамайтын, СЕН деп күйеуіне жекіретін, намазын оқымайтын, оразасын ұстамайтын əйелдерге айтылған" деп қабылдайды.

"БҰЛ ОНЫҢ АЗАМАТТЫҚ КӨЗҚАРАСЫ"

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы "Әйелді әркез ұрып тұруға болады" деген видео-уағызға байланысты комментарийін Facebook-тегі парақшасында жариялады. Ол "үш жыл бұрын таспаға жазылған" видеода уағыз айтып отырған адам сол кезде ҚМБД жанындағы ақпараттық-насихат тобының мүшесі болған, қазір Алматыдағы "Нұр Мүбəрак" университетінде қызмет атқаратын Ризабек Батталұлы екенін растаған.

"Ризабек Батталұлы осыған дейін имамдық қызметте болмаған. Ақпараттық-насихат тобының мүшесі ретінде жамағат тарапынан түскен сауалға азаматтық көзқарасын білдірген" деп түсіндіреді Қонарбай.

ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының Facebook-тегі парақшасынан скриншот.
ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының Facebook-тегі парақшасынан скриншот.

Бұған қоса ол "кез-келген уағызшының шариғаттағы шетін, нәзік мəселені өз танымы мен табиғатына салып түсіндіруіне жол берілмейтіні" туралы да ескерткен.

Əйелді күшпен бағындыру – шарасыздық, бəлкім əлсіздік. Ризабек Батталұлының сөзін қоғам қабылдамай жатса - бұл табиғи құбылыс
ҚМДБ өкілі Ағабек Қонарбайұлы

"Жағымсыз мінез көрсеткен жарымызға көркем түрде түсіндіру, оған насихат айту, шынайы жанашырлық сезіміңді жеткізу, төсекте жалғыз қалдыру, дәлелденген айыбы үшін уақытша сөйлемей қою, тағы басқа тəрбиенің əдеп шеңберіндегі амалдар қамшының соққысынан асып түсетін тəсілдер. Қиыны – қисық қабырғаны түзеймін деп оны сындырып алу. Əйелді күшпен бағындыру – шарасыздық, бəлкім əлсіздік. Ризабек Батталұлының сөзін қоғам қабылдамай жатса – бұл табиғи құбылыс" дейді Ағабек Қонарбайұлы.

Ол қазіргі уақытта ҚМДБ әзірлеп жатқан уағыз айтудың əдебі мен тəртібіне қатысты арнайы Ереже жобасы болашақта уағыз айтудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді деп хабарлаған.

"ӘЙЕЛДЕРДІҢ ШЫНАЙЫ ЖАҒДАЙЫН КӨРСЕТТІ"

Қазақстандық әйелдер құқығын қорғаушы Feminita бастама тобының негізін қалаушылардың бірі Гүлзада Сержан видео-уағыз Қазақстан қоғамындағы әйелдердің шынайы жағдайын көрсетті деп санайды.

Feminita бастамашы тобын құрушылардың бірі Гүлзада Сержан.
Feminita бастамашы тобын құрушылардың бірі Гүлзада Сержан.

- 2018 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктi жою комитетіне есеп береді. Осы ресми есептің жобасында гендерлік тепе-теңдік туралы, барлық салада әйелдердің жағдайы жылдан-жылға жақсарып келе жатқаны туралы жазылған. Бірақ мынадай көпшілік баратын мешітте ашық түрде ерлерді әйелдерін ұрып-соғуға, кемсітуге шақыруға, ол уағыздың әлі күнге дейін интернеттен табылуына қарап, Қазақстан әйелдерінің жағдайы жақсармағаны былай тұрсын, 1917 жылға дейінгі кебінен кері шегініп кетіп бара жатқанына куә болып отырмыз, - дейді Гүлзада Сержан.

Адвокат Айман Омарова.
Адвокат Айман Омарова.

Бұған дейін әйелдерге зорлық жасау ісі бойынша өткен сот процестерінде жәбір көруші тараптың мүддесін қорғаған адвокат Айман Омарова даулы видео-уағызда "зорлық-зомбылықты насихаттау, әйелдер теңдігін бұзу белгілері бар" деген пікір айтады.

- Ол [видеодағы адам – ред.] хадистерді, баяғыда болған дәстүрлерді мысал етіп айтады. Бірақ оның астарында құқық теңсіздігін насихаттау жатыр. Әрине, оны анықтау үшін сарапшы болу керек. Заңгер ретінде айтарым, видеоның соңында әйелге қарсы қол көтеруге шақырмайтынын ескертсе де, ол жалпы әйел "көнбіс" болуы керек дегенді айтып тұр. Бұл жеке тұлғаның құқығына қол сұғу, зайырлы мемлекет саналатын Қазақстанның конституциялық негіздеріне қайшы. Конституцияның 14-бабында тегіне, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына қарамастан барлық азаматтардың құқықтары бірдей екені жазылған, - дейді Айман Омарова.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына арналған перформанс өткізіп тұрған белсенділер. Алматы, 16 сәуір 2016 жыл.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына арналған перформанс өткізіп тұрған белсенділер. Алматы, 16 сәуір 2016 жыл.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) статистикасына сәйкес, әлемде әр үшінші әйел тұрмыста зәбір көрген немесе жыныстық зорлыққа ұшыраған. ДСҰ дерегінше, қазіргі "агрессордың" білімінің таяздығы, бала кезінде қатігездік көргені, ішімдікке салынуы, жұбайының көзіне шөп салуы, бір жыныстың артықшылығын, көбінесе ер адамның мәртебесін жоғары санайтын қоғамдық нормалар отбасындағы зорлық-зомбылыққа итермелейтін факторлар болып саналады. БҰҰ дерегі бойынша, Қазақстанда тұрмыстағы әрбір сегізінші әйел отбасында зорлық-зомбылық көреді.

Қазақстан бас прокуратурасының мәліметінше, 2016 жылы елде "Денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру" бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартуды сұраған 4401 шағым түсіп, сот белгілеген шектеулерге бағынбағаны, тұрмыстағы әлімжеттік әрекеттерін қайталағаны үшін 2892 адам жауапқа тартылса, отбасындағы зорлық-зомбылықтан 36 әйел мен бір бала қаза болған.

XS
SM
MD
LG