Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында әйелдерге күш көрсету көбейе түсті


Күйеуінен әлімжіттік көрген әйел. Шымкент, 7 желтоқсан 2017 жыл.
Күйеуінен әлімжіттік көрген әйел. Шымкент, 7 желтоқсан 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысында әйелдерге қарсы құқық бұзу оқиғалары былтырмен салыстырғанда биыл көбейе түскен. Мамандар мұның бірнеше себебін айтады. Сарапшылар ішінде бүкіл қоғам менталитеті өзгермейінше проблеманың шешілмейтінін айтқандар да бар.

«ЖЕЛКЕМЕ ЫСТЫҚ СУ ҚҰЙДЫ»

30 жастағы Шымкент тұрғыны Анар Қуанышованың (аты-жөні өзгертілді – ред.) төрт баласы бар. Оның сөзінше, «олардың үшеуі - бірінші күйеуінен, біреуі - екінші күйеуінен». Анардың әңгімесіне қарағанда, «бірінші күйеуі сияқты екінші күйеуі де арақ ішіп алып қол жұмсайды». Азаттық тілшісі онымен тұрмыстық жанжалдан кейін күйеуі қуып жіберіп, төркінінде жүрген жерінен әңгімелесті.

- Бірінші күйеуім де арақ ішетін. Ұрып-соға берген соң ажырасып кеттім. Көп өтпей ол жол апатынан қаза тапты. Төрт жыл бұрын екінші күйеуіммен танысып, бас қостық. Бір ұлымыз бар. Ол да арақ ішетін болып шықты. Ішіп, тыныш жүрсе мейлі ғой, баламмен бірге қосып ұрады, - дейді ол.

Анардың сөзінше, қазіргі жолдасы жұмыссыз. Ішіп алған кезінде ақша бер деп бопсалайды.

Ішіп алады да, «ақша тауып бер» дейді. Жоқ ақшаны қайдан табамын? Таппаған соң шашымды жұлып, ұрады. Күнде айқай-шу. Кейде түнде ішіп келіп, үйден қуып шығады.

- Жарытып жұмыс істемейді. Ішіп алады да, «ақша тауып бер» дейді. Жоқ ақшаны қайдан табамын? Таппаған соң шашымды жұлып, ұрады. Күнде айқай-шу. Кейде түнде ішіп келіп, үйден қуып шығады. Міне, төрт күн болды үйге кіре алмай жүрмін. Балаларымды төркініме алып бардым. Далада қалдық, - дейді Анар Қуанышова.

Анар Қуанышова «ішімдікке салынып кеткен күйеуін емдетейін деп, наркологиялық диспансерге апаруға тырысқан».

- Бармай қойды. Енді кейінгі кезде «сотталсам сотталып кетейін, сені өлтіремін» дегенді шығарды. Қазір күйеуім енемнің үйінде жүр. Кеше енемнің үйіне барсам басымнан, желкемнен ыстық су құйып, күйдірді. Жыладым. Екі жарым жастағы балам шошып қалды. Ол үйден қашып шықтым, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Шымкент қаласындағы Абай ауданы ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен бірге Анар Қуанышованың отбасы тұрған Құрсай шағын ауданындағы жеке тұрғын үйге де барып көрді. Үйдің есігіне құлып салынған. Іштен ешкім байқалмайды. Аудандық ішкі істер бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлвира Бектемісова:

- Полиция бөліміне учаскелік инспектор күйеуі жиі ішімдік ішіп, үйінен қуып жіберіп, ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсеткен осы әйелді алып келді. Бұл бір емес бірнеше рет қайталанып отыр. Күйеуіне сотпен ерекше талап та қойылды. Наркологиялық диспансерге құжаттарын екінші рет дайындап жатырмыз, - дейді.

Абай аудандық ішкі істер бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлвира Бектемісова. Шымкент, 7 желтоқсан 2017 жыл.
Абай аудандық ішкі істер бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлвира Бектемісова. Шымкент, 7 желтоқсан 2017 жыл.

Гүлвира Бектемісова «Анар Қуанышованың денесі көгергенін, оған сараптама тағайындалғанын, бірақ ауыр жарақат болмаған соң істі қылмыстық тергеуге жібере алмай отырғандарын» айтты.

- Іс әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 73-бабы бойынша сотқа жіберіледі, - дейді аға инспектор.

Азаттық тілшісі Анар Қуанышованың ісі сотқа жіберілетін күйеуімен сөйлесу мүмкіндігін таппады.

«БЫЛТЫР - 17 МЫҢ, БИЫЛ - 18 МЫҢ ОҚИҒА»

Оңтүстік Қазақстан облыстық (ОҚО) ішкі істер департаменті (ІІД) жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Алма Серғазиеваның айтуынша, әлімжеттікті азайту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанымен, зорлық-зомбылық көрсеткіші өңірде 2016 жылға қарағанда көбейе түскен.

- 2017 жылдың 11 айында облыс көлемінде әйелдерге қарсы 18 мың 99 қылмыс тіркелген. Өткен жылы осы мерзімде 17 мың 170 қылмыс тіркелген болатын, - дейді ол.

Инспектор мәліметінше, «зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдердің көбі - жұмыссыз, жоғары білімі жоқ жандар; араларында жалдамалы жұмысшылар да жиі ұшырасады». Олардан бөлек, әлімжеттікке ұшырағандардың ішінде мектеп оқушыларынан бастап жеке кәсіпкерлер де бар.

- Мысалы, биыл 1241 жеке кәсіпкер әйел зорлық-зомбылыққа тап болса, 268 оқушы қызға әлімжеттік көрсетілген, - дейді Алма Серғазиева.

Полиция ақпаратына қарағанда, әлімжеттік ішінде ең көп кездесетіні «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiру» және «ұрып-соғу». Алма Серғазиеваның сөзінше, зәбір көрген әйелдердің көбі арыз жазбайды.

- Әлімжеттік көрсеткендермен әуелі профилактикалық әңгіме жүргізіледі, зорлық-зомбылық көрсетсе, ішкі істер органдарына жеткізіліп, қорғау нұсқамасы шығарылады. Қорғау нұсқамасын бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Одан кейін ескерту салынып, әкімшілік қамауға алынады, - дейді ол.

Зәбір көрген әйелдің үйіне барған полицейлер. Шымкент, 7 желтоқсан 2017 жыл.
Зәбір көрген әйелдің үйіне барған полицейлер. Шымкент, 7 желтоқсан 2017 жыл.

Шымкентте қысым көрген әйелдерге құқықтық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсететін «Сана-сезім» қоғамдық бірлестігі өкілі Шахноза Хасанова да әйелдерге әлімжеттік көрсету азаймай тұрғанын айтады.

- Кейінгі бес жылда әлімжеттік көрген әйел азаймады. Бұл жағдай әрбір бесінші әйелдің басында бар. Кәмелет жасқа толмаған қыздардың зорлық-зомбылыққа ұшырауы да көбейіп келеді. Әлімжеттік көретіндердің көбі – тұрмысы нашар, баратын жері жоқ жұмыссыз әйелдер. Олар полицияға арызданудан бас тартады. Уақытша қиындық деп қарайды. Арызданған әйелдердің көпшілігі шағымын сотқа дейін қайтарып алады, - дейді ол.

Белсендінің сөзінше, әйелдер көретін зорлық-зомбылықты жалпылама төртке бөлуге болады. Әйелдер көбінесе физикалық әлімжеттікпен қатар психологиялық жәбір мен экономикалық қысымға қатар ұшырайды.

Физикалық және жыныстық әлімжеттікке қарағанда психологиялық, экономикалық зорлық-зомбылықты дәлелдеу қиын. Әйел бірден бірнеше зорлыққа ұшырайды. Ұрып жатқанда балағаттайды, яғни физикалық озбырлықпен бірге психологиялық жәбір көреді.

- Физикалық және жыныстық әлімжеттікке қарағанда психологиялық, экономикалық зорлық-зомбылықты дәлелдеу қиын. Әйел бірден бірнеше зорлыққа ұшырайды. Ұрып жатқанда балағаттайды, яғни физикалық озбырлықпен бірге психологиялық жәбір көреді, - дейді Хасанова.

Шахноза Хасанова әйелдердің зорлыққа ұшырауының бірнеше факторын атады. Оның сөзінше, негізінен оған «әлеуметтік қиыншылықтар, маскүнемдік» себеп болады. Мұндай отбасында дүниеге келген балаларға әйелдерге әлімжеттік жасау қалыпты жағдай болып қалады. «Бұл балалар да уақыт келе ата-анасының өмірін қайталауы мүмкін» дейді ол.

- Әйелдер тек күйеуінен емес, туыстарынан, балаларынан да әлімжеттік көреді. Олар заңды құқықтарын біле бермейді. Қысым көрген әр әйелдің мәселесін жеке қарау керек, - дейді қоғамдық бірлестік өкілі.

Қазақстандағы Еуропа Одағы өкілдігінің баспасөз хатшысы Эльнара Байназарованың айтуынша, Орталық Азияда әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырауы өзекті мәселеге айналған. БҰҰ Орталық Азия елдеріндегі әйелдердің «23 пайызға жуығы түрлі зорлық-зомбылыққа тап болғанын» айтады. «Көп жағдайда әйелдер құқығының бұзылғанына көндігеді» дейді ол.

- Әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықтың зардабы үлкен. Бұл әйелге ғана емес, отбасы мүшелеріне де зиянын тигізеді. Әйелдердің көбі қысым көргенін айтуға, жариялауға қорқады, - дейді Эльнара Байназарова.

ВИДЕО: Әлімжеттік көретін әйел саны азайған жоқ

Әлімжеттік көретін әйел саны азайған жоқ
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:08 0:00

Қазақстанда әйелдердің әлімжеттік көруі мәселесі бойынша пікір таластыратын мамандар түрлі ұсыныстар айтады. Белсенділердің кейбірі әйелдердің құқықтық сауатын көтеру керек десе, полицияның кейбір қызметкерлері күреске психологтарды жұмылдыруды ұсынады. Мәселен, Астана полициясы учаскелік инспекторлары жұмысын ұйымдастыру бөлімінің аға инспекторы Әлібек Мұсабаев тұрмыстағы әлімжеттіктің қайталануына жол бермеу үшін «сот психологтары институтын» құру керек деген пікір айтады. Алайда әйелдермен жұмыс істейтін дағдарыс орталығы мамандары озбыр еркектердің психологқа барғысы келмейтінін ескертеді. Ал қазақстандық Feminita тобын құрушылардың бірі Гүлзада Сержан проблеманың тамыры қоғам менталитетінде жатыр деген пікірде.

- Тұрмыстағы зорлық-зомбылық – гендерлік теңсіздіктің салдары деп санаймын. Теңсіздік жойылмай, тұрмыстағы зорлық-зомбылық тыйылмайды және зәбір көргендерге әйелдердің үкіметтік емес ұйымдары сол бойы көмектесе береді, - дейді Гүлзада Сержан.

2016 жылы Қазақстанда "Денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру" бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартуды сұраған 4401 шағым түскен және сот белгілеген шектеулерге бағынбағаны, тұрмыстағы зорлық-зомбылық әрекеттерін қайталағаны үшін 2892 адам жауапқа тартылған. Ал полицияға жүгінбеген қанша отбасы бар екенін жорамалдауға ғана болады.

2017 жылғы шілдеде "Ұрып-соғу" және "Денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру" баптары қылмыстық кодекстен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылған. Онда тұрмыстағы әлімжеттікке қатысты айыпталғандар үшін қорғану ұйғарымы, зәбір көрсетушінің мінез-құлқына айрықша талаптар қою және жәбірленушіге жақындауына тыйым салу сияқты шаралар қарастырылған. Олардың бәрі жанжалдасушы тараптардың арасындағы байланысты болдырмауды көздейтін шаралар. Гендерлік саясат саласындағы сарапшылар оларды тиімсіз деп санайды.

Оқи отырыңыз: Шаңырақ шырқын бұзатындарға қарсы шараларды тиімсіз санайды

Feminita тобы ертеректе "Әлімжеттік көретін әйелге заң өзгерісі ауыр тиді" деп мәлімдеген. Олар Қазақстан заңдарында биыл жазда қабылданған осы өзгерістер әйелдерді ұрып-соққан адамның қылмыстық жауапкершіліктен сытылып кетуін заңдастырды деп санайды.

XS
SM
MD
LG