Accessibility links

Дағдарыс орталығынан кейінгі күнкөріс уайымы


Ирина Онищенко кішкентай баласымен бірге Теміртаудағы дағдарыс орталығында отыр.

Ирина Онищенко екі кішкентай баласымен бірнеше ай Теміртаудағы дағдарыс орталығын мекендеді, енді өз бетімен өмір сүруге дайындалып жатыр. Орталықтағылар өмірдің көп ауыртпалығын тартқан әйел енді өз күнін өзі көрер деп үміттенеді.

35 жастағы Ирина Онищенконың 10 айлық қызы мен 12 жасар ұлы бар. Үш адамнан құралған бұл отбасы жеті ай бойы Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы дағдарыс орталығында тұрып жатыр.

ӨМІР СҮРУГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

Жас әйел «мен туралы кітап жазса болар еді» деп әзілдейді, бірақ жарты жыл бұрын күйеуінен қалай құтыларын білмей аласұрған еді. Иринаның ата-анасы баяғыда дүние салған, сондықтан басқа барар жер, басар тауы болмады.

– Күйеуім түрмеде отырды, бостандыққа шыққан соң бір-екі ай жақсы тұрдық. Сосын басталды – ішімдікке салынып, мені ұрды, үйден қуып жіберді, жұмыс істемеді. Ішкен кезде есін білмей қалады. Заттарымды әркез сөмкеме салып жүрдім. Сол кезде жүкті екенімді білдім. Босанғанша құрылыста жұмыс істедім, тіршілік ету керек қой. Баламен жүкті қалпымда баратын жер болмады, шыдауға тура келді, – дейді Ирина Онищенко.

Мен сияқты балалы әйелдер көп, бәрімізді қабылдауға орталықтың шамасы жетпейді.
Ирина Онищенко.

Екінші баласын Ирина күйеуінен алыста босанды, одан тағы да қашып кетті. Көршілерін аралады, кейде мүлдем таныс емес адамдардың үйіне қонды, көлденең жұмыс істеп, ақша тапса пәтер жалдап тұрды. Бірақ күйеуі оны тауып алып, түзелем деп уәде беріп, үйіне қайтарды. Бала туған соң да жағдай өзгермеді. Ол балаларын алып, күйеуінен біржола қашып кетті. Солайша өмірден қиындық көрген әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталығына келді.

– Дағдарыс орталығы бізге жақсы көмектесті, әлі көмектесіп келеді. Тұрғындар да көмектеседі. Бұл жерде жүйкеміз тынышталды, балаларым қасымда, өзімізді қауіпсіз сезінеміз. Бізді осында тіркеді. Әрине, бұл жерде өмір бойы тұра бермейміз. Мен сияқты балалы әйелдер көп, бәрімізді қабылдауға орталықтың шамасы жетпейді, – дейді Ирина.

Екі баланың анасы «өз баспанам болса немесе қымбат емес пәтер жалдасам» деп армандайды, себебі дағдарыс орталығында отбасы ұзақ тұра алмайды. Ирина пәтерге жөндеу жасап, ақша табады.

ТҮРМЕДЕН ҚАЛҒАН ЕСТЕЛІК

Ирина күйеуімен танысқанға дейін төрт жарым жыл түрмеде отырды. Танысы оны «қымбат телефон ұрлады» деп айыптаған. Ирина сол танысының өтінішімен сатқанын айтады, бірақ сотта оны дәлелдей алмаған. Иринаның анасы сырқаттан дүние салғанда екі жасар ұлын балалар үйіне әкеткен.

– Түрмеден шыққан бетте жұмыс іздедім, сотталғандарға жұмыс табу оңай емес. Баланы алуым үшін әзірлігім болуы керек еді. Көп жұмыс істедім, ақша жинадым, аптасына бір рет ұлыма барып, "шыдай тұр" деп өтінетінмін. Балалар үйі басқа қалада еді, өте қиын болды. Мені ата-ана құқығынан айырмақ болды, бірақ сот арқылы баламды қайтарып алдым. Ол алты жаста болатын, дамуы кешеуілдеп қалыпты, көп қорқатын. Осында келгенде онымен психолог жұмыс істеді, – дейді Ирина Онищенко.

"Мой дом" орталығы. Теміртау, 16 сәуір 2016 жыл.
"Мой дом" орталығы. Теміртау, 16 сәуір 2016 жыл.

Түрме оны мойыта алмаған. Ирина Қарағанды облысындағы Абай ауданындағы колонияда жазасын өтеді. Сол жерде суретші болды, тігінші мамандығын игерді.

– Ол жердегі адамдар мүлдем басқа, психикасы бұзылғандар бар. Біреу тіпті өзге біреудің саусағын тістеп жұлып алды. Басында қатты қиналдым, қайда барарымды білмедім. Бірақ өзімді қорғауым керек болды. Қақтығыс іздеп тұрмаймын. Маған отрядтан бәрі көмек сұрап келетін. Мысалы, сурет салу керек болса өтініш айтатын. Колония әкімшілігін көрмедік, барлығын сотталғандар жасайтын. Жазалайтын да – солар, бір апта барак тазалатады немесе көмір тасисың. Мен тәртіп бұзған жоқпын, – дейді ол.

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ КӨРУШІЛЕР АЗАЙҒАН ЖОҚ

Дағдарыс орталығындағылар Иринаны көрген адам түрмеде болды десе сенбейтінін айтады. Ол - өте сабырлы, тәрбиелі, күлімсіреп жүретін еңбекқор адам, балаларына көп көңіл бөледі.

– Ирина әлі бізбен бірге тұрады, баспана жалдау үшін ақша жинағысы келеді. Қандай да бір көмектен бас тартпайды. Әлеуметтік тұрғын үй кезегіне тұрғыздық, бұрын құжаттары мен тіркеуі де жоқ еді. Ажырасуын рәсімдеп бердік. Енді ары қарай өмір сүріп кетер деп үміттенеміз. Ол үшін тұрақты жұмыс пен баспана керек. Біз шамамыз келгенше көмектестік, – дейді «Мой дом» қоғамдық ұйымының төрайымы Ирина Жданова.

Орталықтағылар әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық көбеймесе азаймағанын айтады. Жақында орталыққа Қаражал қаласынан жас келіншек келген, кіші баласы бір жасқа да толмапты. Кеше Қарағанды облысының Приозерск қаласынан қоңырау шалып, 20 жасар әйел екі жас баласымен өздеріне алуды сұраған. Осы жағдайдың бәрінде әйелдерді күйеулері ұрып-соққан, ал туыстары шыдамдылық танытып, үйден қашпауға кеңес берген.

Жапония елшілігі бөлген грант қаражаты арқасында Теміртаудағы «Мой дом» қоғамдық ұйымының дағдарыс орталығы төрт жылда баласы бар 200-ден астам әйелді қабылдады. Орталық негізінен демеушілердің қаражатына күн көреді, қаржылық көмекке мұқтаж. Өмірінде қиындыққа тап болған әйелдердің көбі кейін өз бетімен күн көріп кетті, жаңа отбасын тапты немесе туыстарымен табысты. Кейбіреулері қайтадан орталыққа оралады.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG