Accessibility links

Зорлық-зомбылықтан тағы екі әйел мерт болды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Оңтүстік Қазақстан облысы Шұбарсу ауылында отбасындағы жанжал кесірінен екі әйел ажал құшты. Өткен жылы аймақта әйелдерге қарсы жасалынған 11 мыңнан аса қылмыс тіркелген. Солардың ішінде ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері құрбандарының саны ондап саналады.

БІР ОТБАСЫНДАҒЫ ЕКІ ҚАЗА

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Тамара Смайлованың Азаттыққа хабарлауынша, Ордабасы аудандық сотының ақпанның 24-індегі шешімімен Шұбарсу ауылының 28 жастағы тұрғыны Жандарбек Қожықов келіншегі мен анасының қазасына күдікті ретінде екі айға қамауға алынды. Облыстық ішкі істер департаменті екі адамның ажалына себеп болған қылмыс оқиғасына байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталғаны және бірнеше сараптама тағайындалғаны туралы хабарлады.

Күдіктінің әкесі Әбді Қожықов Азаттыққа ақпанның 23-і күні таңертең шаңырағында өзі куә болған қайғылы оқиға туралы айтып берді. Ол жалғыз ұлының мінезі соңғы кезде өзгергенін байқап жүргенімен, "мұндай оқыс іске барады деп күтпегенін" айтады.

- Темекі тартпайтын, ішімдік ішпейтін. 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап намазға жығылған. Оқиға болардан бір күн бұрын тамақ ішуден бас тартты. Таңертеңгі асты да ішпеді. Әйелімен де жанжалдасқан жоқ. Теледидар көріп отырған. Дәріханаға жұмсағаныма ашуланып, дастарханда тұрған пышақты қалай ала шыққанын байқамаппын. Сонымен қора жақта әйелін пышақтапты. Сырттағы айқайды естіп жүгіріп шыққан анасына да пышақ жұмсаған, - дейді ол.

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Әбді Қожықовтың сөзінше, пышақтан алған жарақаттан 52 жастағы әйелі мен 23 жастағы келіні оқиға орнында мерт болған. Отағасы қайғылы оқиға кезінде ұлының "көзі қызарып, беті қарайып, есінен адасқандай күйде болғанын" айтады.

- Өзіме де пышақ ала жүгірді, көрші жігіт көмекке келіп қалды. Қолын қайырып, байлап тастадық. Жалғыз тұяғым ғой. Алты айлық немерем қалды. Қазір нағашыларына беріп жібердім. Баламды аяп отырғаным жоқ, мейлі жүз жылға қамасын, - дейді ол.

Әбді Қожықов сот шешімі бойынша екі айға қамалған баласына әлі адвокат тағайындалмағанын, өзінің "адвокат жалдауға қаржысы жоғын" айтты.

Жандарбек Қожықовты мектеп жасынан танитын ауылдасы С.Ж. (аты-жөнін атамауды сұрады – автор.) да Азаттыққа "мінезі біртоға жігіттің кейінгі кезде өзгергенін" айтады.

- Мектепте оқып жүргенде жайдары, ақкөңіл болатын. Араларында аздап түсінбеушілік болған шығар, бірақ әйелімен де, ата-анасымен де қарым-қатынасы жақсы болатын, бірақ соңғы уақытта мінезі қиындай бастады, - дейді танысы.

"БЕРГЕН АРЫЗЫН ҚАЙТАРЫП АЛДЫ"

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өткен жылы облыста әйелдерге қатысты жасалған қылмыстық істер саны сәл де болса азайғанымен, ауыр және аса ауыр қылмыс оқиғалары тыйылмай келеді.

ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Алма Серғазиеваның Азаттыққа айтуынша, жәбірленген қыз-келіншектерге құқықтық көмек көрсетіліп, медициналық және психологиялық кеңестер берілгенімен, олардың арасында құқық органдарына берген арызын қайтарып алатындар да көп.

- Зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдердің басым бөлігі жұмыссыз жүргендер немесе жалдамалы жұмысшылар. Олар көп жағдайда полицейлерге шағымданғанымен, кейін райынан қайтқанын айтып, арызын қайтарып алады, - дейді полиция өкілі.

"КазФем" феминистік тобы белсенділері отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы акция өткізіп тұр. Алматы, 16 сәуір 2016 жыл
"КазФем" феминистік тобы белсенділері отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы акция өткізіп тұр. Алматы, 16 сәуір 2016 жыл

Биыл қаңтар айының 22-і күні Қаратау аудандық соты өткен жылы қарашада әйелін көшеде жұмысқа кетіп бара жатқанда пышақтап, тастап кеткенін мойындаған Шымкент тұрғыны Хайрулла Нарметовті үш жарым жылға бас еркіндігінен айыру туралы үкім шығарды.

Оқи отырыңыз: "Дін үшін әйелін пышақтаған" адам сотталды

Ауыр жарақатпен ауруханаға түскен Умида Нарметованы дәрігерлер алты сағат операция жасап, аман алып қалған болатын. Сот процесіндегі сөзінде әйел өзін пышақтаған күйеуін "балалары үшін кешіретінін" мәлімдеген. Қаратау аудандық сотының судьясы Бағлан Әмірәлиевтің Азаттыққа айтуынша, Умида Нарметова күйеуімен ажырасуға берген арызын да кері қайтарып алған.

ОҚО ІІД-нің Азаттыққа берген ресми мәліметі бойынша, 2017 жылы облыста әйелдерге қатысты жасалынған қылмыстар бойынша жалпы саны 11327 іс тіркелген. Олардың 574-і ауыр қылмысқа және 50-і – аса ауыр қылмыс түріне жатады.

"Адам өлтіру" бабы бойынша 15 іс, "Өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу" бабымен 11 іс қозғалған. Әйел денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіруге байланысты - 20, "Орташа дәрежедегі зақым келтіру" бабы бойынша 64, "Зорлау" бабымен - 116, адам ұрлауға байланысты – 3 және бас бостандығынан заңсыз айыру қылмысы бойынша 18 іс тіркелген.

XS
SM
MD
LG