Accessibility links

Мүмкіндігі шектеулі жанды қажытатын қиындықтар мен немқұрайды көзқарас


Бірінші топ мүгедегі Николай Подшивалов үйінің ауласында тұр. Берлин ауылы, Қарағанды облысы.
Бірінші топ мүгедегі Николай Подшивалов үйінің ауласында тұр. Берлин ауылы, Қарағанды облысы.

Қарағанды облысы Берлин ауылында тұратын бірінші топ мүгедегі жұмыс істеп, оқығысы келеді. Билік оған арналған оңалту бағдарламасында жұмыспен қамту қарастырылмағанын айтады. Қарашаның 7-сі күні Женевада өткен БҰҰ сессиясында Батыс елдері Қазақстанға мүмкіндігі шектеулі жандарды өгейсітпейтін орта қалыптастыруға кеңес берген.

Бірінші топ мүгедегі Николай Подшивалов. Берлин ауылы, Қарағанды облысы.
Бірінші топ мүгедегі Николай Подшивалов. Берлин ауылы, Қарағанды облысы.

35 жастағы Николай Подшивалов - бірінші топ мүгедегі. ДЦП диагнозы қойылған оның омыртқасы зақымданған, аяғы мен бүйрегі ауырады. Бес жасқа дейін Николай өзгенің көмегінсіз отыра алмаған. Анасы баласын аяққа тұрғызар деген үмітпен Мәскеудегі профессорға апарған. Николай біртіндеп отыруды үйреніп, уақыт өте келе жүре бастаған. 23 жасына дейін ауруханаға барып, ем қабылдап тұрған.

Жүзі жылы, адамдармен тез тіл табысатын, мінезі ұяң, өзге құрдастарына қарағанда әлдеқайда жас көрінетін Николай Қарағандының шетіндегі Берлин ауылында, бұрын күштеп көшірілгендер тұрған қоныстың орнына салынған ескі үйде тұрады. Бір кезде мұнда жер аударылған немістер көп болған. Қазір де шахталарды айнала қоныстанған ауылды жергілікті халық "Майқұдықтың Берлині" деп атайды.

Николай жүріп-тұруы ауырлағанын, бірақ мүгедектер арбасына отырғысы келмейтінін айтады. Арбаға отырса, бұлшық етінен жан кетіп, мүлде жүрмей қаламын ба деп қорқады. Ол үйде ескі балдаққа сүйеніп жүріп-тұруға тырысады, анда-санда жақын жердегі дүкенге барып, көшеге шығып тұрады. Жолы нашар әрі көлік жиі жүретін көше серуендеуге қолайсыз. Николайдың ата-анасы қайтыс болған. Қазір ол өзіне қарап, күтіміне көмектесетін туған ағасымен бірге тұрады.

Азаттық тілшісімен әңгімеде Николай шенеуніктердің немқұрайды қарым-қатынасына ренжіп, өзінің басындағы жағдайға биліктің назар аудармай отырғанына шағынды.

- Бірде бір рет шипажайда болмағам. Бірақ мүгедектерді шипажайға жібереді деп естігем. Таныстарым мүгедектерге компьютер мен ұялы телефон беретінін айтады. Маған компьютер немесе ноутбук берсе артық болмас еді. Адамдармен араласып, онлайн білім алып, үйде отырып табыс табар едім. Балдақ, таяқ пен арнаулы аяқкиімді соңғы рет төрт жыл бұрын алдым. Қазір әбден тозса да, әлі пайдаланып жүрмін, өйткені басқасы жоқ. Бұрын аяқкиім сапасы жақсы болатын: майыспайтын, бір жылға жарайтын. Қазіргі аяқкиім жұмсақ, тез жыртылады, жарты жылға жетпей тозады. Қазір басын жіңішке етіп жасайтын ыңғайсыз аяқкиімнен башпайларым ауырады, - дейді Николай Подшивалов.

Бірінші топ мүгедегі Николай Подшивалов әбден тозған ортопедиялық аяқкиімін көрсетіп отыр.
Бірінші топ мүгедегі Николай Подшивалов әбден тозған ортопедиялық аяқкиімін көрсетіп отыр.

Өмірі жайлы әңгімелегенде Николай үйде төрт қабырғаға қамалып отырмай, жұмыс істеп, қоғамның дамуына үлес қосқысы келетінін, қолы-басы жұмысқа жарайтынын айтады. Бірақ, Николайдың сөзінше, оған мүгедек санатын берген кезде дәрігердің "жұмысқа жарамсыз" деп жазғаны бұл ойын іске асыруға үлкен кедергі болып отыр. Николай қазан айында сабын қайнатуды үйренбек болғанын айтады. Интернеттен сабын дайындау әдісін тауып, қажет қоспалар мен арнаулы қалыптар сатып алған. Николай сабынды бу моншасында қайнатады. Газ плитасының жанында тұрып жұмыс істейді. Сабынға тапсырыс қабылдайды, бірақ әзірге тапсырыс берушілер аз.

- Бұл маған ұнады. Сабынды арнаулы қоспа, тағамдық бояулар мен хош иістендіргіш пайдаланып дайындаймын. Оның зияны жоқ, бәрі табиғи зат. Бұл сабында аллергиясы бар адамдардың пайдаланбағаны дұрыс. Сабынға ұнтақталған кофе қосса, скраб сабын шығады. Дәл солай жеміс пен табиғи шырын қосуға да болады. Бұл жұмыс маған ұнайды әрі телефонға ақша салып тұратын азын-аулақ табыс табуға көмектеседі. Бағасын көтермеймін, өйтсем ешкім сатып алмайды. Бізде қол еңбегі бағаланбайды ғой, - дейді Николай Подшивалов.

ШЕНЕУНІКТЕР РЕАКЦИЯСЫ

Азаттық тілшісі жергілікті шенеуніктерден Берлин ауылында тұратын бірінші топ мүгедегіне балдақ пен ортопедиялық аяқкиім неге берілмегенін сұрады.

- Николай Подшиваловқа жеке оңалту бағдарламасы жасалған. Оған балдақ пен ортопедиялық аяқкиім соңғы рет 2015 жылы берілгені анықталды. Комиссиядан өткенде оларға балдақ пен аяқкиім сұраныс бойынша берілетінін ескертеді. Адамды мүгедек есебінде тіркеген кезде, оған жеке оңалту бағдарламасын дайындап, қандай заттар (балдақ, арба, памперс, т.б.) қажет екенін жазады. Мысалы, таяқ пен балдақ жыл сайын ауыстырылады. Ортопедиялық аяқкиім бір жылға беріледі. Аяқкиімді жөндеуге де болады. Подшивалов балдақ пен аяқкиімді келесі жылы ала алады. Өйткені біз жыл соңында азаматтарға не қажетін ескеріп, келер жылға өтініш дайындаймыз. Соның негізінде мемлекеттік сатып алулар сомасы ойнатылады, - дейді Қарағанды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова.

Ол "Подшиваловты жұмысқа орналастыруға бола ма?" деген сұраққа былай жауап берді:

- Оңалту бағдарламасында еңбек етуіне қарсылық болмаса, жұмыс істей алады. Ал "еңбекке жарамсыз" деп жазылса, болмайды. Оны жұмыс берушінің кез келгені қабылдай алмайды. Өйткені ертең оған жұмыста оқыс бір жағдай боп қалса, жұмыс берушіден "Оны қалай жұмысқа алғансың?" деп сұрайды, - дейді Әсем Жүнісбекова.

Николайға ұялы телефон мен ноутбукқа қол жеткізу арман. Техника оңалту бағдарламасына сәйкес беріледі екен. Жылына бір рет мүгедектер шипажайға демалысқа баруға құқылы. Бірақ шипажайға медициналық әлеуметтік сарапшылар комиссиясының қорытындысы мен жеке оңалту бағдарламасы негізінде жолдама беріледі. Подшивалов бұл талаптарға сай келмейтін болып шықты. Ол бұл топта жалғыз емес.

Ресми дерек бойынша, Қарағанды облысында 67 мың мүгедек бар. Оның бес мыңы – мүмкіндігі шектеулі бала. 2018 жылдан бастап мүгедек адамды жұмысқа алып, оған арнаулы жұмыс орнын жабдықтаған жұмыс берушіге мемлекет субсидия бөледі. 2018 жылы Қарағанды облысында есту қабылеті нашар 55 адам мен тірек-қимыл аппараты бұзылған үш азаматқа жұмыс берілген. 2019 жылы көзі нашар көретін адамдарға Теміртау, Абай, Жезқазған және Қаражал қалаларындағы жекеменшік кәсіпорындарда бір-бір жұмыс орны ашылған.

Мүгедек арбасы. Көрнекі сурет.
Мүгедек арбасы. Көрнекі сурет.

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 680 мыңнан астам адам бар. Олардың 61,5 пайызы – еңбекке жарамды жаста, 25,7 пайызы – зейнет жасында, ал 12,8 пайызы - жасы 18-ге толмағандар. Жыл сайын 50 мыңнан астам адам бірінші рет мүгедек есебінде тіркеледі. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, бірінші топ мүгедектерінің саны көбейіп, 10 мың адамға шаққанда 29,2 адамнан келген. 2019 жылы қаңтардың басындағы дерек бойынша, еңбекке жарамды жастағы 411 мың мүгедек азаматтың 27 пайыздан астамы жұмыс істейді. Көбіне екінші немесе үшінші топ мүгедектері жұмыспен қамтылған.

Ресми дерек бойынша, 2018 жылы техникалық құралдар мен реабилитация қызметін қажет ететін адамдардың 57,8 пайызының өтініші қанағаттандырылған. 2019 жылы қарашаның басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мүгедек адамдарды оңалту шараларымен қамтудың отандық жүйесінде шешілмеген көкейкесті мәселелер барын айтқан. 2020 жылдан бастап мүгедектерге оңалту құралдарын көрсетілген бірнеше компания арасынан өзі таңдап алуға мүмкіндік беретін қызмет порталын іске қосу жоспарланған. Оған сәйкес, мүмкіндігі шектеулі адамдар қазіргідей мемлекеттік сатып алуды жеңген компанияның тауарын емес, қызмет порталындағы бірнеше компанияның арасынан өзіне ұнағанын таңдай алады.

БҰҰ КЕҢЕСІ

Қарашаның 7-сі күні Женевада өткен БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңестің отырысында бірқатар Батыс мемлекеті Қазақстанға мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру, инклюзивті білім беруді дамыту жайлы ұсыныс айтты. Қазақстан осымен үшінші рет елдегі адам құқықтары жөнінде ұлттық баяндамасын жасады. Осыған дейін БҰҰ Қазақстанға мүгедектер құқығын қорғау жайлы бірқатар ұсыныс берген. Қазан айында қазақстандық құқық қорғаушылар коалициясы елдегі азаматтық және саяси құқықтар туралы есебін таныстырды. Онда Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандардың дискриминацияға ұшырап отырғаны жазылған.

Ұсыныс ретінде жұмыспен қамтуды жүзеге асыру саласындағы ұлттық бағдарламаларға жастарға, әлеуметтік қорғауды қажет ететін азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап инклюзивті әдіс енгізу керегі айтылды. Осыған дейін Қазақстанға мүмкіндігі шектеулі жандар туралы ұлттық жоспар мен гендерлік мәселелерге байланысты стратегияны жүзеге асыру үшін нақты қадамдар жасау; мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыру арқылы олардың құқығын сақтауға; мүмкіндігі шектеулі балаларға сапалы білім беру; мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен психикалық аурулары бар адамдарға арналған мекемелер мен оларға берілетін әлеуметтік қызмет сапасын арттыруға кеңес берілген. Қазір аталған ұсыныстардың бір бөлігі ғана орындалған. Қазақстан үкіметі қалған ұсыныстар бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG