Accessibility links

Дәрігерге ділгірлік ауылға маман шақыртуға түрткі болды


Көрнекі сурет

Аймақтарда дәрігерлердің аздығынан емхана басшылары мамандарды көшіп-қону шығындарын өтеп, жалақыға үстеме төлеу уәдесімен тартуға тырысып жатыр. Медициналық жоғарғы оқу орындары жеткілікті маман дайындап шығарғанымен, түлектер негізінен үлкен қалаларда және жалақысы мен жұмыс жағдайы жақсы жекеменшік мекемелерде жұмыс істегенді жөн көреді.

БІР ЕМХАНАҒА - ҮШ МАМАН

Қарағанды облысы Ақтау елдімекенінде тұратын 70 жастағы зейнеткер және екінші топтағы мүгедек Николай Беликов Азаттық тілшісіне жергілікті ауылдық емханада үш маман - педиатр, гинеколог медбике және учаскелік дәрігер ғана жұмыс істейтінін айтты. Зейнеткердің сөзінше, басқа дәрігерлер ауылға науқастарды қабылдау үшін белгіленген күндері Теміртау қаласынан арнайы келеді. Беликов бірнеше жыл бұрын ауылда мұндай мүмкіндік те болмағанын, тұрғындар елдімекенге жақын орналасқан қалалық емханаға өздері қатынап келгенін еске алады.

- Ауылдық емханаға жаңа меңгеруші қызметке келіп, әйтеуір, осы жұмысты реттеді: сирек кездесетін мамандар ауылға келетін болды. Ауыл тұрғындары бұл дәрігерлердің қабылдауын кәдімгідей күтеді. Бір науқасқа шұғыл ауруханаға бару немесе қандай да бір маманға қаралу қажет болса, арнаулы көлік жалдап, Теміртауға апарып-әкеледі. Мүгедектерді алып кетуге тура үйлеріне келеді. Әрине, ауылымызда барлық маман түгел жұмыс істесе, жақсы болар еді. Бірақ мамандардың біздің ауылға көшіп келуі екіталай. Өйткені тұрғын үй мәселесі қиын, - дейді соңғы отыз жылда халық саны бірнеше есе қысқарып, ондаған көппәтерлі үйлері қаңырап бос қалған Ақтау ауылының тұрғыны Николай Беликов.

Николай Беликов
Николай Беликов

Қарағанды облысы – дәрігер жетіспейтін аймақтардың бірі. Облыс емханаларында анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, неонатолог, педиатр мен жалпы тәжірибелік дәрігерлер жетіспейді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының Азаттыққа жауабында өңірге 117 маман – орташа есеппен алғанда әрбір мемлекеттік медициналық мекемеге екі қызметкерден жетіспейтіні жазылған.

Мамандар тапшылығы мәселесін шешу үшін мемлекеттік мекеме басшылары #дипломмен ауылға» хэштегімен (10 жыл бұрын іске қосылған мемлекеттік бағдарлама да осылай аталады) челлендж бастады. Әлеуметтік желілерде бас дәрігерлердің жас мамандарды ауылға шақырып, оларды жұмысқа орналастыруға, жағдайын жасауға уәде берген видеолары тарады. Осындай мәтіндегі бейнероликтердің бірі Ақтоғай аудандық орталық аурухананың instagram-парақшасында жарияланған.

- Мен бірінші кезекте гинеколог, жалпы тәжірибелік дәрігер, офтальмолог, анестезиолог-реаниматолог дәрігерлерді шақырар едім. Жастарға қазір ауылға келген тиімді. Бұл жақта көшіп-қону шығындарын төлеп, жалақысына ауылда істегені үшін үстеме ақша қосады және басқа да көмек көрсетеді, - дейді аталған аурухананың бас дәрігері Саттар Әбдіғұлов.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңірлік ауруханалар мен емханаларға 400-ден астам жас дәрігер тартуға талпынып отыр. Жас мамандардың бір бөлігін ауылдық елдімекендерге жіберу жоспарланған. Азаттық тілшісі Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасынан ауылға жұмысқа барған мамандарға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілетінін cұрап білді.

- Ауылдық жерге жұмыс істеуге келген мамандарды жергілікті жерде қалдыру үшін әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Олардың жалақысына 25 пайыздан астам үстеме қосылып, көшіп-қону шығындарына 300 мың теңге және ақша беріледі. Тұрғын үй алуға 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін (бір АЕК - 2 525 теңге. – Ред.) жеңілдетілген несие ұсынылады. Мамандарды қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша өңірлік бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстары жалғасып жатыр, - деді басқарма қызметкерлері.

ЕЛДЕГІ ДӘРІГЕРЛЕР ТАПШЫЛЫҒЫ

Дәрігерлер тапшылығы – Қазақстанның көп өңірінде кездесетін мәселе. Өткен күзде парламент мәжілісінде өңірлердегі дәрігерлер тапшылығы 40 пайызды құрайтыны, мамандардың 60 пайызға жуығы төрт-бес жылдан кейін зейнетке шығатыны айтылған. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та мұндай мәселе барын жоққа шығармайды. Биыл сәуір айында Біртанов қазақстандық емханаларда – науқасқа дер кезінде диагноз қойып, қауіпті ауруларды бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласында, – мыңнан астам жалпы тәжірибелік дәрігер жетіспейтіні туралы ақпаратпен бөлісті.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов

Медициналық жоғарғы оқу орындары дәрігерлер тапшылығын жоюға жеткілікті маман дайындап шығарады. Бірақ түлектер әдетте үлкен қалаларда немесе жалақысы жоғары жекеменшік емханаларда жұмыс істегенді жөн көреді. Денсаулық сақтау министрінің пікірінше, дәрігерлерді тарту – жергілікті атқарушы органдар мен медициналық мекемелердің жұмысы. Министр сәуір айында өткен үкімет отырысында мәселені шешу үшін ауылда жұмыс істейтін мамандардан бөлек, дәрігер жетіспейтін шағын қалаларға көшкендерге де әлеуметтік көмек беру керегін айтып, жас дәрігерлерді өңірлерде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеу қажет деген пікір білдірген.

Дәрігер қабылдауында отырған адам
Дәрігер қабылдауында отырған адам

Біртановтың дерегіне сәйкес, емханадағы бір дәрігерге орташа есеппен алғанда 1989 адам тіркелген. Дәрігерлердің жұмыс жүктемесі әсіресе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында жоғары.

Қазақстанда мың адамға 0,28 жалпы тәжірибелік дәрігерден келеді. Өткен жылы жарияланған есепке сәйкес, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымындағы (ЭЫДҰ) орташа көрсеткіш – 0,72 құрайды. Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласы мамандарының жалпы дәрігерлер санындағы үлесі - 7–16 пайызға тең. Бұл ЭЫДҰ орташа көрсеткішінен (32 %) төмен.

КӘСІП АУЫР, ЖАЛАҚЫ АЗ

Денсаулық сақтау саласында көп жыл еңбек еткен Алматыдағы «Аман-саулық» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақыт Түменова қазір қалыптасқан дәрігерлер тапшылығына жоғары білікті мамандардың көп бөлігі Қазақстаннан кеткен 1990 жылдардан бері бірқатар себеп әсер еткенін айтады. Түменованың пікірінше, дәрігерлердің елден кетуі қазір де жалғасып жатқан құбылыс.

- Дәрігерлер тапшылығы, әсіресе, жақсы мамандардың жетіспеушілігі қатты байқалады. Көп мамандар кетіп жатыр. Біріншіден, соңғы жылдары дәрігерлердің жұмысы қиындап кетті. Оның үстіне, науқастар да өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамайды. Кәсіп ауыр. Әсіресе, маман тапшылығын сездірмей әрі қосымша табыс табу үшін бір жарым-екі ставкада жұмыс істейтін дәрігерлер қатты шаршайды. Жыл сайын келетін дәрігерлер саны да азайып кетті. Территорияның үлкендігі мен халық тығыздығының төмендігі сияқты елдің географиялық ерекшеліктерін ескеріп, ауылда типтік отбасылық амбулаториялар салу керек. Байланыс, жол мен ұшақ медицинасы өте маңызды. Қазір дәрігерді баспанамен және жақсы жалақымен қамтамасыз ету қажет. Жоғарғы оқу орнын жаңа бітірген мамандар өте аз жалақы алады, - дейді сарапшы Бақыт Түменова.

Бақыт Түменова
Бақыт Түменова

Биыл жазда Қазақстандағы медициналық қызметкерлер жалақысы 30 пайызға өсті. Министр Біртановтың сөзінше, 2018 жылы дәрігерлердің қолына тиетін орташа жалақысы 142 мың теңге (қазіргі доллар бағамы 383,53) болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жалақы көтерілгенге дейін мейірбикелер - 76 мың, санитарлар 48 мың теңге алып келген. Жалақы көтерілгеніне қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау саласындағы еңбек ақысы көлік тасымалы және қаржы салалары қызметкерлерінің табысынан төмен. Денсаулық сақтау мен білім беру саласы қызметкерлері аз ақша алатын Совет одағынан бері ондаған жылдар бойы дәрігерлер жалақысы айтарлықтай өскен жоқ. Орталық Азиядағы постсоветтік елдерде дәрігерлер бұрынғыша аз жалақы алады.

Қазақстан билігі бес жылда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемін ЖІӨ-нің 3 пайызынан 10 пайызына дейін (ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш - 8,9 пайыз) арттыруды жоспарлап отыр. Дегенмен Қазақстандағы ЮНИСЕФ қоры денсаулық сақтау бағдарламасының жетекшісі Қанат Суханбердиев сияқты бірқатар сарапшы мәселе қаржы көлемінде емес, ақшаны тиімді басқару мен жұмсауда екенін айтады. Суханбердиев өткен жылы қазанда Қазақстан астанасында өткен алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша ғаламдық конференциядан кейін ағылшын тіліндегі Eurasianet.org басылымына «Ең бастысы – мәселені асығыс және уақытша шешуге тырысу емес, қаржыны дұрыс игеру» деген пікір берген.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG