Accessibility links

"Әкесінің өлгенін қалай дәлелдейміз?" Сириядан оралған балаларға жәрдемақы алудың қиындығы


Сириядан оралған бала оңалту орталығындағы сабақта. Ақтөбе, 30 шілде 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының кей тұрғыны Сириядан оралған немерелеріне жәрдемақы алу үшін баласының Сирияда өлгенін дәлелдей алмай жүр. Олардың сөзінше, ресми орындар Сирияда дүниеге келген сәбилердің туу туралы куәліктеріне тек шешелерінің ата тегін ғана бере бастаған. Ал сот орындары "баланың әкесін өлді деп тану" туралы шешім шығарудан тартынады дейді олар. Ресми орындар "мәселені солар біледі" деп ҰҚК-ге сілтейді.

"ҚАУЫШУ"

Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында тұратын Орынкүл Қаратаева биыл мамыр айында "Жусан" операциясымен Сириядан оралған немерелерімен табысып, көзайым болған ата-аналардың бірі.

- Бес немерем мен келінім аман-есен оралды. Немерелерім де, біз де сағынып қалыппыз. Әуелі Ақтау қаласындағы оңалту орталығына орналастырды, балаларым өз-өзіне келген кезде көрдім, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Сәтбаев қаласының тұрғыны Орынкүл Қаратаева.
Сәтбаев қаласының тұрғыны Орынкүл Қаратаева.

Орынкүл Қаратаеваның бес немересінің үлкені тоғызда, қазір қайтадан мектепке барып жүр. Күйеуі мен үйленбеген ұлы ғана қалған Орынкүл Қаратаеваның шаңырағы кішкентай сәбилердің қызығына қайта тола бастаған.

- Қайта оралғанына келінім де қуанып жүр. Балалардың бірін сабаққа, бірін спорт үйірмесіне тасудан босамайды, - дейді Орынкүл.

Орынкүл Қаратаева осыдан екі жыл бұрын, 2017 жылы қараша айында Азаттыққа хабарласып, Сирияда өлген ұлынан қалған немерелері мен келінін Қазақстанға алдырудың жолын таба алмай жүргеніне қапаланған еді.

- Екі жыл сарсаңға түстік. Немерелерін алдыра алмай жүрген бір топ ата-ана биліктің табалдырығын тоздырып, президентке дейін хат жаздық. Ақша жинап, арамыздан өкіл сайлап, Грозныйға да жібердік, - деп еске алады Орынкүл.

Орынкүл Қаратаева 2017 жылы қарашада Азаттыққа хабарласардан бірер күн бұрын Шешенстан астанасы Грозныйға Сирия мен Ирактағы жанжал аймағында қалған 41 адам жеткізілген еді. Оның көпшілігі шешен әйелдері мен балалары, бесеуі Қазақстан азаматы болатын.

"БАЛАМНЫҢ ӨЛГЕНІН ҚАЛАЙ ДӘЛЕЛДЕЙМІН"

Орынкүл Қаратаева енді басқа мәселеге кез болғанын айтады.

- Сириядан оралған балаларыма асыраушысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік көмек алу үшін әкелерінің өлгенін растап, сот шешім шығаруы тиіс. Ал, Сәтбаев қаласының соты шешім шығара алмай отыр. Ол үшін балалардың әкесінің өлгені жайлы анықтама керек. Ондай анықтаманы Сириядан бізге кім береді? Баламның өлгенін көргендердің кейбірі Қазақстанға келгенімен, сотталып кеткен, - дейді ол.

"Террорлық ұйымға қатысты" деп айыпталған 14 адамның ісі бойынша сот процесінің алғашқы отырысы. Нұр-Сұлтан. 22 қазан 2019 жыл.
"Террорлық ұйымға қатысты" деп айыпталған 14 адамның ісі бойынша сот процесінің алғашқы отырысы. Нұр-Сұлтан. 22 қазан 2019 жыл.

Орынкүл Қаратаеваның сөзінше, баласының Сирия аумағында өлгені жайлы келініне 2015 жылдың маусымында Сирияда жанжал аймағында жүрген таныстары айтып, суретін көрсеткен. Келіні ол хабарға сенеді. Ал өзі баласы мен келіні "Түркияға демалуға кеттік" деген соң-ақ Сәтбаев қаласының полиция бөліміне хабарлап, іздеу жариялаған.

- Сәтбаев қаласының сотына полициядан "2015 жылдан іздеу жарияланды" деген анықтама апардым. Бірақ сот оны ескермей отыр. Балалар Сириядан келгеннен кейін үш жыл өтуі керек деп айтты, - дейді ол.

Орынкүл Қаратаева Сирияда туған екі жасар кенже немересіне туу туралы куәлік алу да қиын екенін айтады. Оның сөзінше, балаларына туу туралы куәлік пен жәрдемақы алуға талпынып жүрген бірнеше адам бар.

Азаттық тілшісі Орынкүл Қаратаева секілді немерелеріне жәрдемақы ала алмай жүрген бір топ ата-ананың өкілі Нағима Бердияровамен (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді – ред.) сөйлесіп көрді.

Қазақстандық әскери "Жусан" операциясымен елге жеткізілген адамдарды әкеле жатыр. Видеодан скриншот.
Қазақстандық әскери "Жусан" операциясымен елге жеткізілген адамдарды әкеле жатыр. Видеодан скриншот.

Өзінің ұлы да Сирияда қаза болып, көктемде "Жусан" операциясымен келген немерелерімен қауышқан, өзі сияқты бір топ ата-ана атынан билік органдарымен сөйлесіп, әрі адвокат қызметін атқарып жүрген Нағима Бердиярова Сириядан оралған балалар мәселесі шешілмей тұрғанын айтады.

Ол да Сәтбаев қалалық полиция бөлімінен "хабар-ошарсыз кеткен" деген анықтама алып, үш жылдан аса хабарсыз кеткен соң "өлді" деп санау туралы газетке жарияланған хабарландыру берген.

Сирияда туған балалардың ата тегі жоқ. Қазақстанға әкелген соң туу туралы куәлік бергенде бәріне шешесінің ата тегін жазып жатыр.

- Сот мұндай жағдай бұрын тәжірибемізде болмаған деп уәж айтты, бірақ сол уәжін қағаз жүзінде де бермей отыр. Берсе одан жоғарыдағы сот инстанцияларына арызданар едік, - дейді ол.

Нағима Бердиярованың айтуынша, Сириядан оралған балалардың көбінің әкелері 2015-17 жылдары сол елде оққа ұшқан. Өзінің қолында баласының қалай өлгені жайлы видео да бар көрінеді.

Оның сөзінше, Сирияда дүниеге келген сәбилерге туу туралы куәлік алу да дауға ұласа бастаған.

- Сирияда туған балалардың ата тегі жоқ. Қазақстанға әкелген соң туу туралы куәлік бергенде бәріне шешесінің ата тегін жазып жатыр. Біз келініміздің емес, өз ата тегімізді бергіміз келеді, - дейді ол.

"Сирияға кеткен қазақтар" туралы 2013 жылы күзде интернетте тараған видеодағы балалар.
"Сирияға кеткен қазақтар" туралы 2013 жылы күзде интернетте тараған видеодағы балалар.

Нағима Бердиярованың сөзінше, үшеуі Қазақстанда, екеуі Сирияда туған бір үйдің балаларының ата тегі екі түрлі жазылады. Оның үстіне, немерелеріне келінінің емес, әке жағының, яғни өздерінің ата тегін бергісі келеді. Бірақ билік одан да бас тартып отыр. Себебін түсіндірмейді дейді ол.

Нағима Бердиярованың сөзіне қарағанда, Сириядан оралған немерелеріне жәрдемақы ала бастағандар сирек те болса кездеседі. Оларды құжатын реттеп алғандар деп санайды.

Азаттық тілшісі Сәтбаев қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласып көрді. Бөлім маманы Айнұр Ағаділова Сириядан оралған балалардың отбасылары арасында атаулы әлеуметтік көмек алып жүргендер бар екенін растады.

- Бізге Сириядан оралғандарды Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері әкеледі. Құжаттары дұрыс болса береміз. Ал, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақыны зейнетақы төлеу жөніндегі орталық тағайындайды. Дегенмен сот шешімі болмаса олар да жәрдемақы бере алмайды. "Жусан" операциясымен оралғандарға ҰҚК барлық жағынан көмектесіп жатыр. ҰҚК-ге хабарласқаны жөн, - дейді ол.

"СОТ НЕГЕ ОЙЛАНДЫ?"

Сириядан оралған немерелеріне жәрдемақы ала алмай жүрген ата-аналар Азаматтық кодекстің "Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы" 28-бабына сүйенеді.

Бұл бап бойынша, "Егер азаматтың тұрғылықты жерiнде ол туралы бiр жыл бойы деректер болмаса, мүдделi адамдардың арызы бойынша сот оны хабар-ошарсыз кеттi деп тануы мүмкiн".

Ал Азаматтық кодекстің "Азаматты өлді деп жариялау туралы" 31-бабында "Егер азаматтың тұрғылықты жерiнде ол туралы үш жыл бойы деректер болмаса, ал егер ол өлiм қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын жағдайларда алты ай бойы хабар-ошарсыз жоғалып кетсе, мүдделi адамдардың арызы бойынша сот оны өлдi деп жариялауы мүмкiн" деп көрсетілген.

Сирияда қарулы экстремистерден азат етілген аймақта әскериге ілесіп келе жатқан әйел мен бала. Көрнекі сурет.
Сирияда қарулы экстремистерден азат етілген аймақта әскериге ілесіп келе жатқан әйел мен бала. Көрнекі сурет.

Алайда, Сирияда баласы өлген ата-аналар 31-баптың "Соғыс қимылдарына байланысты хабар-ошарсыз жоғалып кеткен әскери қызметшi немесе өзге адам соғыс қимылдары аяқталған күннен бастап кемiнде екi жыл өткеннен кейiн өлдi деп жариялануы мүмкiн" дейтін екінші тармағы сот шешіміне қиындық келтірген болар деп топшылайды.

Өйткені олардың балалары "соғыс қимылдары барысында хабар-ошарсыз кеткен өзге де адамдар" санатына жатуы мүмкін. Ал, олар "Сирияға өз еріктерімен барып, террор топ құрамында болды" деп саналады.

Азаттық тілшісі Сәтбаев қалалық сотқа хабарласып, мән-жайды сұрастырып көрді. Өзін сот мәжілісінің хатшысымын деп таныстырған маман "Сириядан оралған балалардың әкесінің өлгені жайлы шешімді неге шығармағанын судьялар айтпайды, ол мәселені шағымданушылардың адвокаттарынан сұрау керек" деді.

"БІР БІЛСЕ, ҰҚК БІЛЕДІ"

Қарағанды облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлбаршын Амангелдіқызы "мұндай тәжірибе бізде болған емес. Бұл мәселені ҰҚК-нің Қарағанды облыстық департаментінен сұраңыз. Сириядан оралғандар мәселесімен солар айналысады" деп жауап берді.

Баспасөз хатшысының сөзінше, "шешімді сот шығаруы тиіс болғанымен, Сириядағы террористермен және олардың Қазақстанға оралған отбасыларының мәселесімен ҰҚК айналысады".

ҰҚК-нің Қарағанды облыстық департаменті "Сириядағы террористер мәселесімен айналысып жүрген маман жауап береді, кейін өзіміз хабарласамыз" деген жауап қайтарды.

Азаттық тілшісі Жоғарғы сот баспасөз қызметінің жетекшісі Айдос Сәдуақасовқа да хабарласты. Оның сөзінше "Жоғарғы сот іс кассацияға түспейінше пікір білдірмейді".

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің таяуда Азаттыққа берген дерегінше, Сирия мен Ирактан осы уақытқа дейін барлығы Қазақстанға 277 ересек адам (57 ер адам, 220 әйел адам) және 547 кәмелет жасқа толмаған бала келген.

Қазақстан 2019 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында үш рет "Жусан" операциясын өткізіп, Сирия мен Ирак аумағынан 159 ересек адам мен 357 баланы әкелгенін хабарлаған.

ҰҚК берген дерек пен "Жусан" операциясы бойынша қайтарылғандар туралы мәліметте 118 ересек адам мен 190 бала айырмасы бар. Бұған қарағанда, "Жусан" операциясына дейін де Сирия мен Ирак аумағында жүргендер Қазақстанға қайтып келе бастаған болуы мүмкін.

2018 жылдың наурызында ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков Сирияда ұрыс қимылдары басталғалы Қазақстанның 112 азаматы (61 ер және 51 әйел адам) елге оралғанын хабарлаған.

Қазақстан азаматтары Сирия мен Ирак аумағына 2011-12 жылдардан бастап кете бастағаны байқалған. 2013 жылы күзде "Сирияға қоныс аударған қазақстандық жиһадшы топтың" YouTube желісінде жарияланған алғашқы көлемді видеосы қоғам назарын аударған. Кейіннен олардың туыстары "жиһадқа кеткен" балаларының қаза болғаны жайлы хабар тарата бастаған еді. Осыдан соң қарулы қақтығыс аймағында қалған балаларын, келіндері мен немерелерін қайтаруға көмектесуді сұраған ата-аналардың арыз-шағымдары көбейіп, кейбірі Азаттыққа да хабарласқан.

Сирия мен Ирак аумағында террор топпен бірге ұрыс қимылдарына қатысты деген күдікке ілінгендер "террор топқа және шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысты", "терроризмді насихаттады және қаржыландырды" деген айыппен Қазақстанда сотқа тартылып жатыр.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG