Accessibility links

Сириядан келген әйел: Балам бұрын неге Қазақстанда тұрмадық деп таңырқайды


"Террорлық ұйымға қатысты" деп айыпталған 14 адамның ісі бойынша сот процесінің алғашқы отырысы. Нұр-Сұлтан. 22 қазан 2019 жыл.
"Террорлық ұйымға қатысты" деп айыпталған 14 адамның ісі бойынша сот процесінің алғашқы отырысы. Нұр-Сұлтан. 22 қазан 2019 жыл.

Нұр-Сұлтанда Таяу Шығыстан Қазақстанға жеткізілген 14 адамның соты өтіп жатыр. Терроризм айыбы тағылған күйеуінің сотына қатысып жүрген ақтөбелік әйел Сирияға барып, қатты қателескенін айтады.

"СЕГІЗ ЖЫЛ СЕРГЕЛДЕҢ"

Туыстарының ішінде "терроризмге қатысты" деп айыпталған бірнеше адам бар. "Сирияға кетпек болған" қайын атасы кіші екі ұлымен бірге түрмеде отыр. Ал қайынағасы 2012 жылы Пәкістанда өзін-өзі жарып жіберген.

Биыл көктемде Қазақстан арнайы қызметі ұйымдастырған "Жусан" операциясы аясында Сириядан оралғандардың бірі, Ақтөбе облысының тұрғыны Әсел (өтінішімен есімі өзгертілген – ред.) қазір Нұр-Сұлтан қаласында болып жатқан күйеуінің сотында жүр. Әсел ДАИШ (өзін "Ислам мемлекеті" деп атайтын террорлық топтың араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы - ред.) құрамында болған күйеуінің қазір Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында қамауда отырғанын айтады. Таяу Шығыстағы қарулы жанжал аймағында болған, кейін Қазақстанға жеткізілген соң терроризм айыбы тағылған 14 адамның ісі бойынша қазанның 22-і күні басталған сот сонда өтіп жатыр.

Ерлі-зайыптылардың шетелде дүниеге келген 7 жасар ұлы да әкесінің қамауда екенін біледі. Екі жарым жастағы қызы ғана әкесін жұмыста деп ойлайды.

- Ұлым мені "уми", күйеуімді "әби" деп атайды. Бұл араб тілінен аударғанда "әке", "ана" деген сөз. Күн сайын ұйқыға жатар алдында құлағыма сыбырлап "Әбиімді неше жылдан кейін жіберетін бопты, айтты ма?" деп сұрайды. Шілде айында ұлым жетіге толды. Сол кезде абақтыдан хат алдық. Әкесі ұлына "мектепке барасың, сабағыңды жақсы оқы" деп жазыпты. Биыл біріншіге барған баламның үлгерімі өте жақсы. Ол да болса көңілге медеу, - дейді Әсел.

Әселдің отбасында ғана емес, биыл қыстан бастап "Жусан" операциясымен Таяу Шығыстан Қазақстанға оралған кей отбасылардың Сирия аумағында ата-анасымен бірге болған, кейбірі сол жақта дүниеге келген балалары да шешелерімен сөйлескенде кейбір араб сөздерін пайдаланатыны аңғарылған.

2011 жылы Ақтөбеден Түркия арқылы Иранға, одан Пәкістанға өтіп, кейін Сирияға қоныстанған Әселдің тұңғышы Вазиристан аймағында өмірге келген. Пәкістан мен Ауғанстан шекарасындағы бұл провинция жас отбасына бір жылдан астам мекен болған. Ұлы бір жастан асқанда Әселдің күйеуі "Түркия арқылы Сирияға өтеміз" деген шешім қабылдайды.

Ұлым "Мына жақ жақсы екен. Неге бұрыннан Қазақстанда тұрмадық?" деп сұрайды.

Әселдің айтуынша, отбасы алғашында ештеңеден таршылық көрмей, виллаларда тұрған. Алайда Сириядағы соңғы екі жыл өмірі қақтығыс кезінде пана болатын жертөледе өткен. Отбасы Қазақстанға араға сегіз жыл салып, 2019 жылғы мамыр айында келген.

- Ұлым "Мына жақ жақсы екен. Неге бұрыннан Қазақстанда тұрмадық?" деп сұрайды. Аспаннан ұшақ көрсе, "мынау Ресейдің, анау Американың ұшағына ұқсайды. Бұл жақта да мұсылмандар бар ғой. Анау ұшақтар бомба тастап кетпей ме?" деп сұрайды. Жақында ойыншық жасаушылар байқауына қатысып, жүлде алды. Өз қолынан ұшақ жасапты. Сирияда тұрғанда ойыншықты үнемі қолдан жасайтынбыз, - дейді Әсел.

"ТАНЫМАЙТЫН ЖІГІТПЕН НЕКЕЛЕСУ"

Биыл отызға толған келіншек Сирияда жүргенде "Қазақстанға оралсақ мені де соттайды" деп ойлағанын айтады. Ол үрейден енді ғана арыла бастаған көрінеді, дегенмен әлі де қауіптенеді. "Түрмеге түссем, ұл-қызымды әкеме аманаттап кетермін" деген Әсел қазір төркін жұртымен бірге тұрады.

Зейнет демалысына шықпас бұрын кәсіби білігімен Ақтөбеге танылған физик әкесі жалғыз қызы Әсел араға 8 жыл салып Сириядан оралғанда жақын-жуығының басын қосып той жасапты. Әсел әке-шешесінің қазіргі бар қызығы екі жиені екенін айтады.

- Ата-анам дін жолын ұстанатын адамдар. Ақтөбе университетінің екінші курсында оқып жүріп, мен де намазға жығылдым. Оқу үлгерімім өте жақсы болғандықтан мені ақылы бөлімнен грантқа ауыстырмақ та болған. Бірақ оқытушыларым "орамалыңды шеш" деп шарт қойды. Қыспаққа шыдамай, университетті тастап кеттім. Кейін өзім ешқашан сөйлесіп көрмеген, бірақ әкем таңдаған жігітпен некелестім. Әкем қателеспепті. Он жыл отасқанда бір рет қабақ шытыспадық, - дейді Әсел.

ДАИШ террорлық тобының қол астында болған әйелдер мен балалар. Сирия, 29 мамыр 2019 жыл. Көрнекі сурет.
ДАИШ террорлық тобының қол астында болған әйелдер мен балалар. Сирия, 29 мамыр 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Әсел Сирияға кетпес бұрын мал шаруашылығымен айналысып, Ақтөбенің базарларында ет саудасымен жүрген күйеуінің Сириядағы ісі жайлы сауалдарға жауаптан тартынады.

Азаттық тілшісі Әселден "Күйеуіңіз Сирияда жүргенде қолына қару алды ма, сіз көрдіңіз бе?" деп сұраған еді.

- Қару ұстамады десем, өтірік болар. Үйден кейде 2-3 күн, кейде бір аптаға кетіп қалатын. Үйде отырған әйелмін, оның сырттағы тірлігінен мүлдем бейхабармын, - дейді ол.

"ОҢБАЙ ҚАТЕЛЕСТІК"

Таяуда аяқталған тергеу қорытындысы бойынша басқалар секілді Әселдің күйеуіне де "террористік топ әрекетіне қатысты", "терроризмді насихаттады" деген айыптар тағылған. Бірақ Әсел ол айыптардың мән-жайын толық айта алмайды. "Терроризмді насихаттады" дегенде өзге туыстарымыздың да кейіннен Сирияға бармақ болғанымен байланыстырғысы келетін шығар" деп топшылайды.

"ДАИШ террорлық тобына қатысты" деп айыпталған 14 адамның ісі бойынша тергеу абақтысында өтіп жатқан сот процесін монитордан бақылап отырған журналистер. Нұр-Сұлтан, 22 қазан 2019 жыл.
"ДАИШ террорлық тобына қатысты" деп айыпталған 14 адамның ісі бойынша тергеу абақтысында өтіп жатқан сот процесін монитордан бақылап отырған журналистер. Нұр-Сұлтан, 22 қазан 2019 жыл.

Оның айтуынша, 2016 жылы қайын атасы мен екі қайын інісі Сирияға кетпек болып, Ақтөбеден шыға бере құқық қорғау органдарының қолына түскен. Әсел "оларды Таяу Шығысқа шақырған күйеуім емес" деп санайды.

- Әкесі мен екі інісінің ұсталып, қалай сотталғанын күйеуім интернеттен оқыды. Қатты ренжігені есімде. Менің білетінім, жақындарын Сирияға шақырған ол емес. Бәлкім, інілері оны қате түсінген болар, - дейді ол.

Өздерін "Сирияда соғысып жүрген жиһадшылармыз" деп таныстырған қазақтар туралы "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.
Өздерін "Сирияда соғысып жүрген жиһадшылармыз" деп таныстырған қазақтар туралы "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.

Әселдің қайын жұртында терроризмге қатысты деп айыпталған бірнеше адам бар. "Сирияға кетпек болған" қайын атасы қазір кіші екі ұлымен бірге Қазақстанда түрмеде отыр. Ал қайынағасы 2012 жылы Пәкістанда өзін-өзі жарып жіберген.

- Иә, біз оңбай қателестік. Ең өкініштісі, айналаңдағылар қатеңді көреді де, тәубеңді көрмейді. От пен оқтың ортасынан аман келгенімізге шүкір,- дейді Әсел.

Сирияға кеткен Қазақстан азаматтарының бір тобы 2013 жылдың қазан айында интернетте жарияланған видеожолдауынан белгілі болған. YouTube-те жарияланған "Сирияға жиһад жасауға барған 150 қазақ" туралы видео қоғамды тіксінткен еді. Видеода өздерін "Сирияға жиһад жасау үшін хижра қылғандар (қоныс аударғандар - ред.)" деп сипаттайтын топ жұртты өздері секілді "хижра жасауға" шақырған.

ТЕРГЕУ АБАҚТЫСЫНДАҒЫ СОТ

Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу абақтысында (ЕЦ 166/10 мекемесі) Таяу Шығыстағы қарулы жанжалға ДАИШ террорлық тобының құрамында қатысты" деп айыпталған Қазақстанның 14 азаматының ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр. Бұл азаматтарды Қазақстан арнайы қызметі биыл, 2019 жылдың басынан бері бірнеше рет ұйымдастырған "Жусан" операциясы аясында өзге жүздеген адаммен бірге елге ұшақпен жеткізген.

2019 жылғы мамырдың басында "Жусан" операциясымен Таяу Шығыстан бір топ қазақстандықтың елге жеткізілгені туралы видеодан скриншот.
2019 жылғы мамырдың басында "Жусан" операциясымен Таяу Шығыстан бір топ қазақстандықтың елге жеткізілгені туралы видеодан скриншот.

Қазанның 17-інде ҰҚК жариялаған ақпаратта "Жусан" операциясы аясында 595 Қазақстан азаматының Сириядан елге қайтарылғаны, олардың 400-ден астамы - бала екені айтылған. Олар негізінен осыдан бірнеше жыл бұрын Ирак пен Сирияның ауқымды бөлігін басып алған ДАИШ террористік тобына қосылғандардың отбасы мүшелері.

Қазақстанға "Жусан" операциясы аясында Таяу Шығыстан жеткізілген бірнеше адам осыған дейін жауапқа тартылған. ҰҚК дерегінше, Сириядан елге оралған 10 ер және 5 әйел айыпты деп танылып, сот үкімі бойынша түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған.

2018 жылы шілде айында ҰҚК Азаттыққа Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Қазақстанның 800-ге жуық азаматы Таяу Шығысқа кеткенін хабарлаған болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG