Accessibility links

"Балаларым тез бейімделді". Сириядан оралған ақтөбеліктер


Сириядан оралған бала оңалту орталығындағы сабақта. Ақтөбе, 30 шілде 2019 жыл.

Сириядан кішкентай екі баласымен елге оралған 24 жастағы ақтөбелік келіншек отбасының жаңа өмірге қалай бейімделіп жатқаны туралы Азаттыққа айтып берді. Ол ересектерге қарағанда жаңа ортаға балалар тез үйренгенін айтады.

Ақтөбеде туып-өскен Айжанның (есімі өзгертілген - ред.) жеке құжаттары Сириядағы тұрағына бомба түскен кезде үйінді астында қалған. Қазақстан үкіметі оны кәмелетке толмаған екі баласымен бірге 2019 жылғы мамыр айында "Жусан" арнайы операциясы аясында Сириядан елге жеткізген.

Айжанның Сирияда өмірге келген екі баласы - 5 жасар Мұхаммед пен 3 жасар Фатиманың құжаттары жоқ. Айжанмен туыс екенін анықтау үшін Қазақстанда балаларға ДНК анализі жасалған.

- Құжат әзірлеу өте көп уақыт алады екен. Жуырда сот болады. Сот шешімі күшіне енгеннен кейін ғана балаларыма құжат беріледі, - дейді Айжан.

"ӨЗГЕРУІМ КЕРЕК ДЕП ҰЙҒАРДЫМ"

Азаттық тілшісі діни ғұрыппен киінген, ашылып сөйлей қоймайтын, талдырмаш Айжанмен "Шанс" әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау көрсету орталығының Ақтөбедегі бөлімшесінде кездесті. Бұл орталық әу баста қиын жағдайға ұшыраған балаларды оңалту үшін құрылған. Қазақстандықтарды Сириядан жаппай қайтару басталғаннан кейін "Шанс" ересектерге де жан-жақты қолдау көрсетуге көшкен.

Айжан оңалту орталығына аптасына бір рет психологпен кездесу үшін келіп тұратынын айтты. Орталық мамандарының көмегімен құжаттарын да қалпына келтірген.

- Қазір әкемнің үйінде тұрып жатырмын. Үйден ерте кетіп, кеш оралатын кездерім көп. Ондай кездері екі балама әкем мен бауырларым қарайды. Апта сайын "Шанс" оңалту орталығына, теологтарды тыңдау үшін ақпараттық-талдау орталығына барамын. Арасында әкімдік пен мешітте өтетін жиындарға да қатысамын. Қазір тігіншілер курсында оқып жүрмін, - дейді Айжан.

Сириядан оралған ақтөбелік келіншек (орамал байлаған) оңалту орталығында психологпен сөйлесіп отыр. Ақтобе, 30 шілде 2019 жыл.
Сириядан оралған ақтөбелік келіншек (орамал байлаған) оңалту орталығында психологпен сөйлесіп отыр. Ақтобе, 30 шілде 2019 жыл.

2013 жылы маусымда Сирияға кеткенге дейін Айжан Ақтөбедегі колледжде дизайнер мамандығы бойынша білім алып жүрген. Киім дизайнері болуды армандаған бойжеткен интернетте танысқан жезқазғандық жігіттің айтқанына көніп, Таяу Шығысқа аттанған.

- Балаларымның әкесі - Жезқазған тумасы. Діни білім алу үшін Египетке барып, сол жақтан Сирияға кеткен. 2013 жылдың көктемінде 18 жасқа толдым. Қолыма паспортым тиген бойда Бішкек арқылы Түркияға, сосын Сирияның Алеппо қаласына жеттім. Біз сол жақта некелестік. Күйеуім 2016 жылғы қарашада 22 жасында Ракка қаласында қаза болды. Ауыр жараланып, төрт күн бойы ес-түссіз жатты. Оңалмасын ішім бірден сезді. Содан кейінгі тұрағым – "жесірлер үйі" болды, - дейді Айжан.

Оның айтуынша, бастапқыда "жесірлер үйіндегі" әр әйелге ай сайын 50 доллар, әр балаға 35 доллардан төлеп тұрған. Әр отбасын азық-түлік, киім-кешек, тазартқыш заттармен қамтамасыз еткен. 2018 жылдан бастап "жәрдем" тоқтағаннан кейін Айжан қатты тарыққанын айтады.

Оның сөзінше, тағдыры ұқсас әйелдер "жесірлер үйінде" өзара тату-тәтті тұрған.

- Балаларымыз үшін әр жұма сайын кішігірім мереке жасап, Ораза, Құрбан айт секілді діни мерекелерді асыға күтетінбіз. Бірақ зайырлы елдердегідей туған күн сияқты мерекелерді тойлаған емеспіз, - деп еске алады келіншек.

Айжанның Жезқазғандағы енесі Сирияда ұлы қаза тапқаннан кейін бөтен елде қалған екі немересі мен келінінің тағдырына алаңдай бастаған. Құзырлы органдарға әлсін-әлсін хат жолдап, ұлының отбасын Қазақстанға қайтаруды өтінген. Сирияның солтүстік-шығысындағы Багуз ауылында қалған келініне хабарласып, тез арада босқындар лагеріне жетіп алуға кеңес берген. Айжан енесінің кеңесімен 2019 жылы ақпан айында "Әл-Хол" босқындар лагеріне жеткен. Қазақстан үкіметі оны елге қайтарғанға дейін сол жерде екі айдан астам уақыт тұрған.

- Қазақстанға, зайырлы мемлекетке оралатынымды білгеннен кейін "өзгеремін" деп іштей бекіндім. Өйткені балаларымның болашағына алаңдай бастадым, олардың білім алғанын қаладым. Ұлым қазір өзіммен бірге "Шанс" оңалту орталығына келіп, осындағы педагогтардан сабақ алып жүр. Қызым әлі кішкентай. Бірақ оның мінезі ашық-жарқын, жұртпен тіл табысқыш. Әкесі сондай болатын. Балаларым жаңа ортаға тез үйреніп кетті, - дейді Айжан.

Сириядан елге қайтарылған әйелдер мен балалар барып жүрген "Шанс" оңалту орталығының Ақтөбедегі филиалы.
Сириядан елге қайтарылған әйелдер мен балалар барып жүрген "Шанс" оңалту орталығының Ақтөбедегі филиалы.

"ОЛАР АЛЛАХҚА КЕТТІ". СИРИЯДАН ОРАЛҒАНДАРМЕН ЖҰМЫС

"Шанс" оңалту орталығының Ақтөбе филиалының жетекшісі Айдана Нұрмағамбеттің айтуынша, "Жусан" операциясы аясында Ақтөбеге 10 әйел, 25 бала жеткізілген. Бес баланың әке-шешесі қақтығыс аймағында қаза тапқан. Қазір олар жақын туыстарының тәрбиесінде. Сириядан оралған балалардың ең үлкені - 12 жаста, кішісі - үш айлық нәресте.

​- Мамыр айынан бері балаларды мектепке дайындауға көп күш жұмсадық. Биыл он шақты бала бірінші сыныпқа барады. Қалғандарын балабақшаға орналастырып жатырмыз. Бір жақсысы, кішкентай балалар ортаға тез бейімделеді. Әрбірінің жетістігіне қуанамыз. Мысалы, 11 жасар Ботагөз есімді қыз бала азғантай уақытта негізгі пәндерді меңгеріп алды. Қазір бесінші сыныпқа баруға дайын. Ботагөз бұрын-соңды мектепке бармаған. Бірақ анасы Сирияда жүргенде оған әріп үйретіп, қолынан келгенінше білімге баулыған, - дейді Айдана Нұрмағамбет.

"Шанс" оңалту орталығы Ақтөбе филиалының әлеуметтік педагогы Ырзагүл Жақұдолла Сириядан оралған ақтөбеліктермен биыл мамыр айында Ақтау қаласындағы оңалту орталығында танысқан. Ырзагүлдің айтуынша, Қазақстанның әр аймағынан жиналған мамандар бір айдан астам уақыт реабилитациялық бағдарламаның алғашқы кезеңін Ақтаудағы орталықта Сириядан оралғандармен бірге өткізген.

"Шанс" оңалту орталығы Ақтөбе филиалының әлеуметтік педагогы Ырзагүл Жақұдолла. 30 шілде 2019 жыл.
"Шанс" оңалту орталығы Ақтөбе филиалының әлеуметтік педагогы Ырзагүл Жақұдолла. 30 шілде 2019 жыл.

- Сириядан оралған азаматтарды алдымен Ақтаудағы орталықта ұстап, кейін туған қалаларына жіберу – аймақтар үшін үлкен көмек болды. Өйткені, біздің ешқайсымызда қақтығыс аймағынан келгендерді оңалту тәжірибесі жоқ болатын. Алғашында отандастарымыздың Сирияда көрген қиындықтарын естігенде көзімнен жас кетпейтін. Мысалы, Ақтаудағы орталықта 12 жасар жетім қыз болды. Айтуынша, ол сүт анасының үйіне қонуға кеткенде өз үйіне бомба түсіп, анасы мен бауырлары түгел қаза тапқан. Кішкентай қыз отбасын жалғыз өзі жерлеген. Және ол жақындары туралы "Олар Аллахқа кетті" деп асқан сабырмен баяндап отырды. Соғыс көрмеген ересектердің өзіне осындай жайттарды есту оңай болған жоқ, - дейді әлеуметтік педагог Ырзагүл Жақұдолла.

"Шанс" оңалту орталығы Сириядан оралған азаматтармен бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Мамандар психологиялық, заңгерлік, педагогикалық, медициналық көмек көрсетіп, экономика негіздерін түсіндіреді, кәсіпке баулып, жұмысқа орналасуға және бос уақытын тиімді пайдалануға жәрдемдеседі. Мұндай жұмыстардың мерзімі шектелмеген. Яғни, Сириядан елге оралғандар қоғамға толық бейімделіп кеткенше үздіксіз жалғаса береді.

Таяу шығыстағы соғыс аймағына кеткен қазақстандықтар

2018 жылы шілдеде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттыққа Таяу Шығыста соғыс басталғаннан бері Сирия мен Иракқа Қазақстанның 800-гу жуық азаматы кеткені туралы ақпарат берген. ҰҚК дерегінше, Сирия мен Иракта халықаралық террористік ұйымдардың қол астындағы аумақта 120 қазақстандық ер азамат, 250-ден астам әйел және 500 кәмелеттік жасқа толмаған бала болған. Ресми ақпарат бойынша, "Жусан" арнайы гуманитарлық операциясы аясында 2019 жылы Сириядан 516 адам, оның ішінде 360 бала елге жеткізілген. Бұған дейін билік Сириядан оралғандар арнайы бейімдеу орталықтарына уақытша орналастырылғаны туралы хабарлаған. Сириядан эвакуацияланған кей ерлер мен әйелдердің үстінен қылмыстық іс қозғалған.

"Шанс" оңалту орталығына қазір Сириядан оралған 10 әйел барып жүр. Көбінің күйеуі қақтығыс аймағында қаза болған. Араларында түрлі себеппен күйеуімен ажырасып, Қазақстанға тек балаларымен оралған әйелдер де бар. Сириядан Ақтауға, одан Ақтөбеге келген әйелдер мен балалардың барлығы бірден туыстарымен қауышқан. Баратын жері болмай, оңалту орталығында тұрып жатқан ешкім жоқ.

- Алғашында бұл әйелдердің бойында қорқыныш, үрей мен сенімсіздік бар болатын. Жақында жүргізілген психодиагностикалық жұмыстар әйелдердің жүйкесі тыныштала бастағанын аңғартады. Күйзелістен біртіндеп арылып келеді. Ал балаларға келсек, олар алғашында біздің сырт бейнеміздің өзінен қатты шошып жүрді. Өйткені, олар әйел атаулы ниқаб киіп жүретін ортадан оралған. Жыл он екі ай бойы жылы Сириядан келген кішкентайларға басқаны айтпағанда, жыл мезгілдерін түсіндірудің өзі қиынға соқты. Көпшілігінің қазақ, орыс тілдеріндегі сөздік қоры жұтаң. Араб тілінің сириялық диалектісін араластыра сөйлейді, - дейді орталық психологы Жайсаң Ибадуллаева.

Ақтөбедегі "Шанс" оңалту орталығының психологы Жайсаң Ибадуллаева.
Ақтөбедегі "Шанс" оңалту орталығының психологы Жайсаң Ибадуллаева.

Сириядан оралған ақтөбеліктерді оңалту жұмысына мемлекеттік ұйымдармен қатар "Шанс" , "Аңсар" секілді үкіметтік емес орталықтардың мамандары да қатысады.

- Мамыр айынан бері дін туралы көзқарасым түбегейлі өзгерді. Маған ["Аңсар"] орталығының теологы Төлеген Талдыбаевтың көмегі зор болды. Ол кісімен алғаш рет Ақтаудағы орталықта танысқанбыз. Қазір оны туған ағамдай көремін. Басымызға іс түссе, бізбен бірге уайымдайды, шын жаны ашиды, ақылын айтады. Төлеген ағайға Сириядан оралған қызылордалық қыздар да хабарласып, кеңес сұрап жатқанын көргенмін, - дейді Айжан.

Екі баланың анасы Айжанның жасы қазір 24-те. Болашақта киім дизайнері болуды армандайтын жас келіншек ұл-қызына қызылды-жасылды киімдер тіге бастаған. Айжанның айтуынша, Жезқазғанда тұратын енесі жуырда Ақтөбеге келіп, немерелерін көріп кеткен. Құжаттары реттелгесін Айжан балаларымен бірге Жезқазғанға барып, марқұм күйеуінің отбасымен танысқысы келеді.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. 1975 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG