Accessibility links

Сириядан оралып, қылмыстық іс қозғалған азаматтар жайлы не белгілі?


Сирияға аттанған Қазақстандық жиһадшылар. Youtube желісінен алынған скриншот.
Сирияға аттанған Қазақстандық жиһадшылар. Youtube желісінен алынған скриншот.

“Жусан” операциясы аясында Сириядан эвакуацияланып, қылмыстық іс қозғалған бірнеше ақтөбелік азамат туралы Азаттық сот және туыстарынан мәлімет ала алды.

Биыл мамырдың 7-9 аралығында «Жусан» арнайы операциясымен Сириядан Қазақстанға жеткізілген төрт ақтөбеліктің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Айыпталушылардың бірі 28 жастағы Руслан Қуанов "Сириядағы қарулы қақтығыстарға қатысқан болуы мүмкін" деген күдікке ілінген. Қалған үшеуі: Ақмарал Алмағамбетова, Данабек Төреханов және Дәурен Сәбитұлына "терроризмді насихаттады", "діни алауыздықты қоздырды" деген айып тағылған.

“Терроризм” айыбы тағылған азаматтардың туыстары әзірге олармен кездесе алмағандарын айтады. Бірақ Ақтау қаласындағы оңалту орталығынан Ақтөбеге жеткізіліп, мамырдың 15-і күні тергеу изоляторына қамалғанынан хабардар.

Ақтөбе облыстық сотының айтуынша, мамырдың 15-і күні олар Ақтөбе қалалық мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен екі айға қамалған.

РУСЛАН ҚУАНОВ

Темір ауданының тумасы Руслан Қуановтың анасы ұлымен жолықпақ болып, Ақтөбедегі ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне бірнеше рет барған.

- Комитет қызметкерлері карантин жарияланғандықтан Русланмен кездестіре алмайтындарын айтты. Карантин он күнге созылады дейді. Баламды көре алмадым. Бірақ аяғында жарақаты бар екенін, Ақтөбеге медициналық каталкамен жеткізгендерін естідім. Әзірге Русланның отбасы туралы ешқандай ақпарат біле алмай отырмыз. Балам Сириядан хабарласқан кезде екі әйелі, олардан туған үш баласы бар екенін айтатын, - дейді Гүлшара Жасанова.

ҰҚК Ақтөбе облыстық департаментінің ғимараты.
ҰҚК Ақтөбе облыстық департаментінің ғимараты.

Анасының айтуынша, Руслан Қуанов 2011 жылы колледжді үздік бітірген соң “діни білім алу мақсатында” Египетке кеткен.

“Діни білім алып жүрмін, аз уақытта араб тілін меңгердім” деген кезде ойымызда еш күмән болмады” деп еске алады Гүлшара Жасанова.

2016 жылы ұлы анасына Египеттен Иракқа жеткенін, Мосул қаласына қоныстанғанын айтқан. 2017 жылдан бастап "ислам мемлекеттерінің біріне қоныс аударғым келеді, сендер де келіп тұрар едіңдер" деп қомақты қаржы сұрай бастаған. Гүлшара Жасанова ол кезде отбасының материалдық жағдайы қиын болғандықтан ұлы сұраған қаражатты тауып бере алмағанын айтады.

Екі әйелінен туған, аралары 13 күндік ұлы Абдуллах пен қызы Зубайраның суреттерін жолдап, анасын келіндерімен кейінірек таныстыруға уәде етіпті.

- Суреттеріне қарағанда, Зубайра маған тартыпты. Ал Абдуллахтың көзі көк екен. Сондықтан "балам, әйелдерің қазақ қызы ма?" деп сұрадым. Ол екеуінің де қазақ екенін айтты. Білуімше, біреуі Атырау облысының тумасы, - дейді Гүлшара Жасанова.

Жақындары Руслан Қуановтың отбасын Қазақстанға әкелгені-әкелмегенін біле алмай отыр. “Ұлымның Сирияға кетуінің себебін көп ойландым” дейді.

- Skype арқылы үнемі сөйлесіп тұрдық. "Мен соғысып жүрген жоқпын. Елдің сөзіне мән берме!" деп жұбататын. Қазір "неге бұлай болды?!" деп көп ойланамын. Ойлап отырсам, ешқашан отбасымызда береке болмапты. Ұрыс-керіс, тұрмыстық қиындықтан қажыған ұлым өз-өзінен қашып кеткен сияқты-дейді анасы.

2016 жылы шілденің 26-сы күні Ақтөбе соты террористік “ДАИШ ұйымына мүше Руслан Қуановты” Қазақстанға келген бойда қамауға алу туралы сырттай санкция берген. Анасының айтуынша, "2016 жылғы маусым айындағы Ақтөбедегі терактіден соң жұрт соны ұйымдастырушылардың бірі деп Русланды жазғырған. “Бірақ мен оған мүлдем сенбеймін!" дейді ол.

Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, Сириядан Ақтөбеге жеткізілген Руслан Қуановқа “терроризмді насихаттау”, “террористік топтың әрекетіне қатысу”, “діни алауыздық тудыру” баптары бойынша айыптар тағылған.

АҚМАРАЛ АЛМАҒАМБЕТОВА

Сириядан оралған соң “терроризм” айыбы тағылған төрт ақтөбеліктің бірі - 1987 жылы туған Ақмарал Алмағамбетова. Оған “терроризмді насихаттау” (256-бап, 2-бөлім) және “діни алауыздық тудыру” (174-бап, 1-бөлім) баптары бойынша айып тағылып отыр.

Аты-жөнін айтпаған жақынының айтуынша, кәмелет жасына толмаған үш баланың анасы Ақмарал Алмағамбетова "2013 жылы Қырғызстанға барып, одан әрі Сирияға кеткен”. Мұнысын Қазақстанда қалған күйеуіне хабарлаған кезде ол оны “өлдіге санайтынын” айтып ажырасатынын жеткізген.

Онымен ресми түрде ажырасуды жоспарлаған күйеуі 2016 жылы Алмағамбетованы сотқа “із-түзсіз жоғалды” деп тану туралы өтініш түсіргенмен сот қанағаттандырмай тастаған.

Күйеуінің арызы негізінде тиісті құрылымдарға сұрау салған Ақтөбе соты Алмағамбетованың үстінен жоғарыда көрсетілген баптар бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, 2016 жылы наурыз айында халықаралық іздеу жарияланғанын анықтаған.

Оның бұрынғы күйеуі оның Ақтөбеге жеткізіліп, үстінен қылмыстық іс қозғалғанынан хабардар. Бірақ Азаттық тілшісімен сөйлесуден бас тартты. Айтуынша, қазір оның бөлек отбасы бар, бірінші әйелінен қалған балалары ес біліп қалғандықтан жандарын жаралағысы келмейді.

ДАНАБЕК ТӨРЕХАНОВ

Сириядан эвакуацияланған, Қазақстанда "терроризмге шақырды", "терроризмді насихаттады" деп айыпталып отырған төрт ақтөбеліктің бірі 1987 жылы туған - Данабек Төреханов.

Ақтөбе қаласы іргесіндегі Ақшат ауылының тұрғыны Данабек Төрехановтың Сирияда жүргені жайлы ең алғаш рет 2017 жылдың жазында оның әкесі мен бауырларының сотында айтыла бастаған еді.

Ақтөбе соты сол кезде әкелі-балалы Төрехановтарды, сонымен бірге олармен бірге "Сирияға кетпек болған" жалпы саны 12 адамды 6-8 жыл аралығында түрме жазасына кескен болатын.

- Марат Төрехановтың үлкен ұлы (атын есіне түсіре алмады) Сирияда қаза тапқан. Екінші ұлы Данабек Ақтөбеде қалған екі інісі Жасұлан мен Ержанға хабарласып, "Сирияға келіңдер" деп үгіттеген. Сириядағы ұлы мен немерелерін сағынған Марат Төреханов амалсыздан екі ұлына ілесіп, шекара аспақ болған. Сол үшін жеті жылға сотталып кетті. Үкімнің шыққанына екі жыл болса да Марат Төреханов күні кешегідей есімде. Өмір бойы қара жұмыс істеген қарапайым адам. Сотта өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. “Менің соғыста шаруам жоқ, немерелерімді сағынып, барсам барып келейін деген ойым болған” деді. Сотта айналасына жалтаң-жалтаң қарап отырғаны әлі есімде, - дейді Марат Төрехановтың сол кездегі адвокаты Нұрбибі Есмағамбетова 17 мамырда Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, Ақтөбеден Сирияға кетпек болған автобуста Марат Төрехановтың әйелі мен немерелері, күйеу баласы да болған. Адвокат Нұрбибі Есмағамбетованың айтуынша, күйеулерімен бірге Сирияға кетпек болған әйелдерді тергеу сотқа куә ретінде тартқан.

Марат Төреханов қазір жалпы режимдегі колониясында жазасын өтеп жатыр.

Ағасы Сирияда мерт болып, әкесі мен екі інісі терроризм айыбымен сотталған Данабек Төрехановтың отбасылы адам екені ғана белгілі. "Жусан" арнайы операциясы кезінде Қазақстанға оның отбасының әкелінгені-әкелінбегені әзірге белгісіз. Данабек Төреханов мамырдың 15-і күні Ақтөбедегі тергеу изоляторына қамалды. Оған “терроризмді насихаттау” бабы бойынша айып тағылған.

ДӘУРЕН СӘБИТҰЛЫ

"Жусан" арнайы операциясымен Сириядан алдымен Ақтауға, одан кейін Ақтөбеге жеткізілген, кейін үстінен қылмыстық іс қозғалған төртінші ақтөбелік - 1988 жылы туған Дәурен Сәбитұлы. Тергеу органдары оны “діни алауыздық тудыру”, “терроризмді насихаттау” баптары бойынша айыптап отыр. Дәурен Сәбитұлы туралы өзге ақпарат жоқ.

Азаттық тілшісі қылмыстық іс қозғалған өзге 16 азаматтың туыстарын әзірге таба алмады.

Сириядан оралған азаматтарға байланысты ұлттық қауіпсіздік комитетіне бірнеше рет хабарласқанмен жауап ала алмады. Төрт азамат қамауда отыр делінген тергеу изоляторынан да жауап алудың сәті түспеді.

2019 жылы мамырдың 7-9 аралығында "Жусан" арнайы операциясымен Сириядан Қазақстанға 231 азамат жеткізілді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы "Жусан" операциясы аясында Сириядан Қазақстанға жеткізілгендер арасында "көбі мектепке дейінгі жастағы 156 бала, соның ішінде 18 жетім бала бар" деп хабарлаған.

"Жиһадшылар еліне қайтқысы келгендердің басын алады"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:40 0:00

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев 13 мамырда 16 ер адам және төрт әйел адамның Нұр-Сұлтан, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қарағанды мен Шымкент қалаларындағы террорлық іс-әрекеттерге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталғанын айтқан. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Бақытбек Рақымбердиев өткен аптада Сирияда 300 қазақстандық қалғанын айтқан.

Биыл 9 қаңтарда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Жусан" арнайы операциясы аясында Сириядан 47 қазақстандықтың елге қайтарылғанын жария еткен. Назарбаевтың сөзінше, олардың арасында "әйелдер мен 30 шақты бала" болған.

2018 шілде айында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Таяу Шығыста соғыс басталғалы бері Сирия мен Иракқа Қазақстанның 800-ге жуық азаматы кеткені туралы хабарлаған. ҰҚК мәліметінше, Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдар қатарында қазақстандық 120 ер, 250-ден астам әйел және кәмелетке толмаған 500 бала бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG