Accessibility links

ИМ жесірлері мен балаларын елге қайтару екіұдай пікір туғызды


Ирактағы тәжікстандық әйелдер мен балалар. 31 қаңтар 2019 жыл.
Ирактағы тәжікстандық әйелдер мен балалар. 31 қаңтар 2019 жыл.

Душанбе Сирия мен Иракта "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымында болған содырлардың отбасы мүшелері - тәжікстандық әйелдер мен олардың балалары Отанына қайтқысы келсе қабылдайтынын мәлімдеді. Бұған дейін Қазақстан өз азаматтарын Таяу Шығыстан елге қайтаруды жалғастыратынын айтқан.

Сирияда соңғы бекінісіне қарсы операция жүріп жатқан "Ислам мемлекеті" (ИМ) террорлық тобы біржола күйреуге таяды. ИМ тобының жүздеген содырының отбасы мүшелері – ол жаққа өзге елдерден барған әйелдер балаларымен бірге соғыстан бүлінген Сирияның солтүстік-шығысындағы босқындар лагерьлерінде күн кешіп жатыр. Солардың арасында кемінде 50 тәжікстандық бар.

Ұлыбритания қоғамында 2015 жылы Таяу Шығысқа кетіп, ИМ қатарына қосылған, қазір үйіне қайтқысы келетін Шамима Бегун есімді жас британ әйелін елге қайтару керек пе, жоқ па деген дау болып жатқанда, соғыс болған аймақтардан өз азаматтарын қайтарып алуды шешкен Тәжікстан іске кірісіп кетті. Үкімет қауіпсіздікке төнер қатердің алдын алудың жалғыз жолы – жиһадшылар мен олардың отбасы мүшелерін, әсіресе балаларды елге қайтару деп санайды.

"БАРЛЫҒЫН ҚАЙТАРАМЫЗ"

Тәжікстан сыртқы істер министрлігі Сирия мен Иракта бірде бір тәжік баласы қалып қалмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтындарын хабарлады.

- Барлық азаматтарымызды Сириядан қайтаруға тырысып жатырмыз. Ең алдымен балаларды қайтарғымыз келеді, – деді сыртқы істер министрі Сирожиддин Мухриддин ақпанның 12-інде Душанбеде өткен баспасөз мәслихатында.

Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин (сол жақта).
Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин (сол жақта).

Бұған қоса Тәжікстан көбі Ирак түрмелерінде аналарымен тұрып жатқан 90 тәжік баласын елге қайтаруды Ирак басшыларымен келіскен. Тәжік ресми өкілдерінің айтуынша, әйелдердің көбін Сирияға күйеулері алып кеткен.

- Бағдатпен әр адамға 400 доллар айыппұл төлейміз деп келістік. Ирак әдетте шекарасын заңсыз кесіп өткен әр адамға 2500 доллар айып төлеткізеді, – деді министр.

Түрмедегі әйелдердің көбі Сириядағы соғыстан қашып, Иракқа бас сауғалап барған.

Тәжікстан үкіметі әйелдер мен балаларды қайтаруды ұйымдастыру үшін Зубайдулло Зубайдзоданы Кувейт пен Ирактағы елші етіп тағайындады.

Азаттыққа сұхбатында Зубайдзода бұл мәселеге қатысы бар тараптардың барлығымен – Сирия басшылығы, халықаралық жәрдем ұйымдары және тәжік азаматтары тұрып жатқан босқындар лагерлері орналасқан аймақтарды бақылауында ұстап отырған күрд күштерімен байланыс орнатқанын айтты.

БОСҚЫНДАР ЛАГЕРІ МЕН ТҮРМЕДЕ ОТЫРҒАНДАР

Сирияның солтүстік-шығысындағы Әл-Хаул қаласының маңында шашырап жатқан босқындар лагерьлерінде тұрып жатқан тәжіктер арасында Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің бұл хабарландыруы "бұрын-соңды болмаған ең керемет жаңалық ретінде" тарап кетті дейді ИМ содырының жесірі тәжікстандық Тахмина Одинаева.

Екі баласымен шатырда тұрып жатқан 36 жастағы Тахмина өтініш сұрап Тәжікстан үкіметіне хат жазғанын айтады. "Елге қайтқым келеді" деген Одинаева ата-анасы және бауырымен қауышуға асық екенін айтты. Ол туыстарымен WhatsApp мессенджері арқылы байланысып отыр екен.

Ирак сотында тұрған тәжікстандық әйелдер.
Ирак сотында тұрған тәжікстандық әйелдер.

Одинаева 2015 жылы "Сирияға келуге үгіттеген күйеуін тыңдап, жаңсақ басқанын" айтады. Қытайдан келген этникалық ұйғыр күйеуімен ол Тәжікстан астанасы Душанбеде базарда жолыққан. Базарда жұмыс істеген жігітпен отау құрып, екі бала сүйген, содан соң күйеуі әйелін шетелге кетуге көндірген.

- Мұнда өз таңдауыммен келген жоқпын. Күйеуім мені алдады, ол бізді Сирияға алып келді. Сосын оның өзін өлтіріп кетті, – деді ол босқындар лагерінен телефонмен берген сұхбатында. Одинаева оқиғаның жай-жапсарын айтпады.

Душанбеде билік өкілдері мен Тәжікстанның оңтүстігіндегі Одинаеваның туған қаласы Хамадониде тұратын жақындары әйелдің сөзін растады. Ол күйеуі және балаларымен осыдан үш жыл бұрын елден кетіп қалған.

Елші Зубайдзода Одинаева тәрізді балаларымен босқындар лагерінде тұрып жатқан тәжік азаматтарымен кездесуді жоспарлап жүргенін айтады. Дипломаттың тәжік азаматтарын қайтаруда тәжірибесі де бар. Былтыр ол ИМ мүшелерінің жетім қалған алты баласын Ирактан Тәжікстанға әкелуді ұйымдастырған.

Зубайдзоданың айтуынша, Тәжікстан қазір 92 бала мен 43 әйелді Ирактан елге қайтаруды көздеп отыр. Балалардың біразы босқындар лагерінде тұрса, енді біразы экстремистік топ құрамына кіргені үшін сотталып, түрмеде жатқан аналарының қасында. Әйелдердің арасында өлім жазасына кесілгендері де бар.

Ирак заңы бойынша, баланы еліне қайтару үшін кемі бір ата-анасының жазбаша рұқсаты және Ирак сотының шешімі болуы керек. Тәжікстан сыртқы істер министрі Мухриддиннің айтуынша, министрлік тәжік балалардың әкелерінің көбі қаза болған деп санайды.

Министрдің айтуынша, ең үлкен мәселе – Ирак пен Сириядағы кейбір тәжік әйелдері балаларын Тәжікстанға жіберуден бас тартқан.

Кейбірі Тәжікстанда балаларына қарайласатын еш туысы жоқ екенін алға тарса, енді біреулері балаларының зайырлы Тәжікстанда өскенін қаламайтындарын айтқан.

ЕЛГЕ ОРАЛҒАНДАРДЫ НЕ КҮТІП ТҰР?

Қазір күрдтер бастаған қарулы жасақ Сирияда қалған ұлтарақтай жері үшін күресіп жатқан ИМ тобын қоршап алған. Олар Иракпен шекараға жақын маңдағы әл-Бағуз ауылы мен оның төңірегінде бекініп отыр.

Күрд күштерінің қолына түскен шетелдік ИМ содырлары мен олардың отбасы мүшелерін не істеу керек деген сұрақ олардың өз отандарында біраз мәселе тудырды. Лондондағы Радикалдануды зерттеу орталығының есебі бойынша, 2013-2018 жылдар аралығында 40 мыңға жуық шетел азаматы Сирия мен Ирактағы ИМ террорлық тобының құрамына қосылған.

АҚШ қолдайтын күштер Иракпен шекара маңында тұр. Сирия, 13 қыркүйек 2018 жыл.
АҚШ қолдайтын күштер Иракпен шекара маңында тұр. Сирия, 13 қыркүйек 2018 жыл.

Бұрынғы жиһад жасақтарынан төнетін қауіптен сескенген елдер оларға қатысты түрлі әдістерді қолданып жатыр. Бірі ИМ құрамында болғандарды қудалап, түрмеге қамаса, енді бірі қайта тәрбиелеп, қоғамға қайта бейімдеп жатыр.

Еуропа одағында соғыс ошағынан қайта оралғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынады. Бельгияда ИМ тобының бұрынғы мүшелерін қауіпсіз камераларға қамап, реабилитациядан өткізеді. Еуропа парламентінің есебіне қарағанда, Франция үкіметі еркін сот өткізілген жағдайда өз азаматтарының Францияда да, Сирияда да тергелуіне рұқсат берген.

Тәжікстан 1990 жылдары елде болған азаматтық соғыстан кейінгі тәжірибесін енді шетелде соғыс аймағында жүрген азаматтарын қайтаруға пайдаланып жатқан тәрізді. Сол кезде тәжік босқындарының балалары Ауғанстанның әскери жаттығу лагерьлері мен Пәкістанның тайпалық аудандарында қалып қойған еді.


2015 жылы Сирия мен Иракта ИМ-нің дәурені жүріп тұрғанда Тәжікстан ұрыс аймағынан өз еркімен кеткен азаматтарына амнистия жариялаған.

Амнистияға дейін және одан кейін 100-ден астам тәжік азаматы елге қайтып, қоғамға интеграцияланған, бірақ олар биліктің жіті бақылауында болған. Олардың кейбірі мемлекет экстремизмге қарсы жүргізген насихатқа қатысып жатыр. Бұрынғы ИМ мүшелері мемлекеттік телеарналардан жиі көрініп, Ирак пен Сириядағы ИМ-нің зұлымдықтары туралы әңгімелейді.

Қайтып келгендердің кейбірі заңсыз қарулы топ құрамында болғаны үшін не ИМ-ге жасақ жинауға қатысқаны үшін жауапқа тартылды.

Террорлық топтың кешегі мүшелерін елге қайтаруды қолдамайтындар да бар. Олардың айтуынша, кешегі содырлар экстремистік идеологиясынан әлі бас тартпаған болуы мүмкін.

- Олардың қандай себеппен қайтып келгенін нақты білмейміз. Олардың шынымен радикалды ойлардан бас тартқанына көз жеткізе алмаймыз, - деді Душанбеде тұратын университет оқытушысы. Қайтып келгендердің кейбірімен жеке таныс болғандықтан, ол аты-жөнін атамауды сұрады.

"КЕШЕГІ СОДЫРДЫ ОҢАЛТУ БАҒДАРЛАМАСЫ ЖОҚ"

Таяу Шығыстағы соғыс аймағынан оралғандардың жұмыс істеуіне не оқуына ресми түрде ешқандай кедергі жоқ болғанымен, ИМ бақылауындағы аймақта тұрып келгендерді оңалту шаралары ұйымдастырылмаған.

- Әзірге Тәжікстанда бұрынғы содырлар шабуылдар жасаған жоқ. Бірақ оңалту бағдарламасы болмағандықтан, бұл ұзақ мерзім тұрғысынан отбасы мүшелері мен қоғамға біраз мәселе тудыруы мүмкін, - деді Вашингтондағы Даниел Морган Ұлттық қауіпсіздік мектебінің зерттеушісі Эдуард Лемон.

Тәжікстанда азғантай топты шетелде соғысуға мәжбүр еткен басты себептер - әділетсіздік, маргиналдану мен қудалау әлі де бар.

Ол "ұзақ мерзім тұрғысынан қауіпті болатын бір жайт – қазір ["Ислам мемлекеті" тобы] тарап кетті, Сирияға бару мүмкін болмай қалды. Сондықтан, тәжіктер елде шабуыл ұйымдастыруға көбірек талпынуы мүмкін" дейді.

- Тәжікстанда азғантай топты шетелде соғысуға мәжбүр еткен басты себептер – әділетсіздік, маргиналдану мен қудалау әлі де бар. Жастар бойдағы ыза-кекті шығарудың жолдарын іздеп, кейде зұлымдыққа да баруы мүмкін, - деді Лемон Азаттыққа берген сұхбатында.

Басшылардың айтуынша, 2014 жылдан бері 1900 тәжік азаматы ИМ-ге қосылу үшін Ирак пен Сирияға кетіп қалған. Олардың 500-ге жуығы қаза тапты деп саналады. Кейбіреуі қайтып келді. Қалғандарының тағдыры белгісіз.

ҚАЗАҚСТАН ДА ӨЗ АЗАМАТТАРЫН ҚАЙТАРАДЫ

2013 жылдан бастап Таяу Шығыстағы соғыс аймақтарына Орталық Азиядан барған мыңдаған адамның арасында қазақстандықтар да бар.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің өткен жылы жазда Азаттыққа берген ресми мәліметі бойынша, Сирия мен Иракта соғыс басталғаннан кейін ол жаққа Қазақстаннан 800-ден астам адам кеткен. Олардың арасында ата-анасы өздерімен бірге алып барған 500-ге жуық бала бар.

Биыл ресми Астана Сирияда әлі 300-ден астам қазақстандық қалғаны туралы мәлімдеген. 2019 жылы қаңтарда Қазақстан билігі Сириядан 47 азаматын, соның ішінде 30 бала және 11 әйел қайтарылғанын хабарлаған. Билік Таяу Шығыстан азаматтарын қайтаруды "гуманитарлық операция" деп атаған.

Өткен жылы желтоқсанда Қазақстан білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау жөніндегі комитетінің өкілі журналистерге соңғы екі жылда Қазақстанға Сириядан 91 бала қайтарылғанын айтқан еді.

Сыртқы істер министрлігі Қазақстан өз азаматтарын Сириядан қайтаруды жалғастыратынын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG