Accessibility links

"Сирияға кеткеніне қатты өкінеді"


Өздерін "Сирияда соғысып жүрген жихадшылармыз" деп таныстырған қазақтар туралы "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.
Өздерін "Сирияда соғысып жүрген жихадшылармыз" деп таныстырған қазақтар туралы "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.

Ақтөбеден Сирияға барған Руслан Ермағамбетов қазір сол елде қамауда отыр дейді қарындасы. Таяу Шығыстағы қарулы жанжал аймағына Қазақстаннан кеткендердің туыстары оларды бала-шағасымен елге қайтаруға үкіметтен жәрдем сұрайды. Билік олардың өтініштерін қарап жатқанын айтады.

"РЕСЕЙГЕ БАРАМ ДЕП КЕТІП, СИРИЯДАН ШЫҚТЫ"

Ақтөбе тұрғыны 40 жастағы Руслан Ермағамбетов биыл көктемде Сириядан шықпақшы болғанда ұсталған, одан кейінгі тағдыры белгісіз дейді туыстары. Қарындасы Нұрагүл Қайырбекованың Азаттыққа айтуынша, үй-ішіне Русланның тұтқындалғаны туралы оның Сирияда үйленген әйелі хабарлаған. Руслан Ермағамбетовтің өзі Қазақстанда қалған туыстарымен соңғы рет сәуір айында WhatsApp мессенджері арқылы сөйлесіпті.

- Руслан жанжал аймағынан қашып шығудың амалдарын қарастырып жатқанын айтқан еді. Кейін әйелі оның шекарадан өтпек болғанда ұсталып, Суса (Иракпен шекараға жақын әл-Сус болуы ықтимал – ред.) елдімекеніндегі түрмеге қамалған деп естігенін айтты, - дейді Нұрагүл Қайырбекова.

Ақтөбе тұрғыны Руслан Ермағамбетов. Сурет отбасы мұрағатынан алынды.
Ақтөбе тұрғыны Руслан Ермағамбетов. Сурет отбасы мұрағатынан алынды.

Туысының сөзінше, мамандығы автомеханик Руслан Ермағамбетов 2000 жылдан бері жұрттың пәтерін жөндеуге жалданып еңбек еткен. Ақтөбе қаласының іргесіндегі Родниковка ауылынан жер алып, үй салуды бастаған жігіт 2015 жылы жазда астындағы автокөлігін сатқанда туыстары "құрылысқа қаражат керек болар" деп ойлаған.

Сол жылы тамызда ол Ресейге жұмысқа баратынын айтып үйінен кеткен. Арада бір ай өткенде Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері Руслан Ермағамбетовтің Таяу Шығыстағы соғыс болып жатқан аймақта жүргені туралы хабарлағанда туыстары бірден сене қоймапты.


Тек 2018 жылғы ақпанда қарындасы Нұрагүлмен WhatsApp мессенджері арқылы байланысқа шыққан Руслан Ермағамбетов Сирияда жүргенін растаған.

- Ағам өткен үш жылға жуық уақыт ішінде екі рет жараланғанын, Сирияда Қырғызстан азаматшасымен бас қосып, перзент сүйгенін айтты. Бір жастан енді асқан Абдуллах есімді ұлы қазір Сусада анасымен бірге. Одан басқа жеңгемнің бұрынғы некесінен 4 баласы бар екен, - дейді туысы.

Нұрагүл Қайырбекова ағасының Сирияға кетпес бұрын Қазақстанда екі рет үйленгенін, бірінші заңды некесінен 12 жастағы ұлы барын айтады. Бірақ Русланның алғашқы зайыбымен дәм-тұзы жараспаған, діни дәстүр бойынша отырған екінші некесі де баянды болмаған.

"АЙЫБЫ ҮШІН ЖАУАП БЕРУГЕ ДАЙЫН"

Туысы Руслан Ермағамбетовтің неліктен Таяу Шығысқа кеткенін әлі күнге дейін түсіне алмайтынын айтады.

- Анамыз ұлын уайымдап жылап-еңіреп жүріп ауруға шалдықты. Ол кісі үш баласының ішінде Русланды айрықша жақсы көреді, екеуі бір-біріне өте жақын болатын. Анамды, ұлын, бізді қалай қиып жат жерге кеткенін түсінбеймін. Өзі де адасқанын кеш түсінгенін, Сирия туралы бұрын естігендерінің ақиқаттан алшақ екенін, онда Құран мен шариғат талаптарының мүлдем сақталмайтынын айтып қынжылды. Ағам Қазақстанға оралсам, өз ақымақтығым үшін заң алдында жауап беруге дайынмын деді. Қатты өкінеді, - дейді Нұрагүл Қайырбекова.

Сирияда соғысып жүрген, түрлері Орталық Азия елдері өкілдеріне ұқсас адамдар. (Facebook әлеуметтік желісіндегі сурет.)
Сирияда соғысып жүрген, түрлері Орталық Азия елдері өкілдеріне ұқсас адамдар. (Facebook әлеуметтік желісіндегі сурет.)

Қарындасының сөзінше, Руслан Ермағамбетовтің түрмеде отырғанын Ақтөбедегі туыстарына хабарлаған әйелі Сирияда жағдайларының ауыр екенін жеткізген.

- Жеңгем Сусадағы жағдай күн сайын қиындап жатыр, елдімекен күнара бомбаланатындықтан ондағы жұрт сусыз қалған, жолдар жабық, азық-түлігіміз таусылды деп жазды. Ол көшеде айлап көмусіз жатқан мәйіт көп, Сусаны туберкулез жайлап барады дейді. Қиналғандарын естіп отырып, ештеңе істей алмайтын дәрменсіздігіңнен көкірегің қарс айрылып, қапаланасың, - дейді Нұрагүл Қайырбекова.

Ол ағасы Руслан Ермағамбетовті Сирияда қандай күштер тұтқындағаны жайлы білмейтінін айтады.

"АДАСЫП БАРҒАНДАРДЫҢ КӨБІ АЖАЛ ҚҰШТЫ"

Нұрагүл Қайырбекованың сөзінше, Таяу Шығыстағы жанжал аймағына Қазақстанның түрлі өңірінен кеткендердің туған-туыстары бір-бірімен хабарласып отырады. Олар Сирия мен Ирак жерінде жүрген жақындары мен олардың бала-шағасын елге қайтаруға жәрдем сұрап, үкімет органдарына арыз-өтініш те берген.

Солардың бірі Ботагөзбен (толық аты-жөнін атауды қаламады) шілденің 19-ы күні Азаттық тілшісі сөйлескен еді. Оның сөзінше, 2012 жылы күзде "Египетке діни білім алуға барам, үш жылдан соң қайтып келем" деп кеткен 18 жастағы ұлының Таяу Шығыстағы қарулы жанжал аймағында жүргенін 2013 жылы күзде "Сирия мен Иракқа кеткен 150 қазақстандық жихадшы" туралы тараған видеодан баласын көргенде бір-ақ білген.

Оқи отырыңыз: "Қазақстандық жихадшылар" видеосы сарапталып жатыр

Кейін Ботагөз ұлының сол жақта үйленгенін, ал 2016 жылы қарашада қаза тапқанын естіген. Әуелгіде суық хабарға сенгісі келмеген әйел бірнеше айдан соң келіні жіберген ұлының жерленгені туралы видеоны көрген соң ғана көзі жеткенін айтады. Жат жерде қаза тапқан баласының артында сол елде кішкентай үш бала – екі ұл мен бір қыз қалған.

Интернетте жарияланған видеода бет-жүзін тұмшалап, қазақша сөйлейтін қарулы адамдар. Наурыз, 2015 жыл.
Интернетте жарияланған видеода бет-жүзін тұмшалап, қазақша сөйлейтін қарулы адамдар. Наурыз, 2015 жыл.

Ботагөз Қазақстандағы өзі тәрізді ортақ мақсатпен біріккен ондаған адамның көздеген мақсаты бір екенін айтады.

- Қазір 70-тен астам адам бармыз, барлығымызды толғандыратын негізгі мәселе – Таяу Шығыстағы соғыс оты шарпыған аймақтардан туғандарымызды елге қайтару. Олар бөтен елге барып адасты, көпшілігі сол жақта ажал құшты, ал енді артында қалған шиеттей балаларды Қазақстанға жеткізіп, оларға бұрыс жолға түспейтін, өмірден адаспайтындай бағдар беру – біздің өмірлік мақсатымыз болмақ. Үкімет бұл мәселеде бізге жәрдемдеседі деп үміттенеміз, - дейді ол.

Артында қалған шиеттей балаларды Қазақстанға жеткізіп, оларға бұрыс жолға түспейтін, өмірден адаспайтындай бағдар беру – біздің өмірлік мақсатымыз болмақ.

Ботагөздің айтуынша, олар жақында Қазақстан бас прокуратурасына, Сыртқы істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Қоғамдық даму министрлігіне Таяу Шығыстағы туыстарын елге қайтаруға жәрдемдесулерін сұрап өтініш берген. Бас прокуратурадан келген жауапта олардың өтінішін тиісті органдар қарап жатқаны айтылған.

Нұрагүл Қайырбекова мен Ботагөз Азаттық тілшісімен әңгімеде Ресейдің Шешенстан аймағының астанасы Грозныйда шілденің 26-сы мен 27-і күндері Сирия мен Иракқа ТМД елдерінен барып, қазір қамауда отырған жандардың мәселесіне арналған форум өткізу жоспарланып отырғанын айтты.

- Грозныйдағы жиынға Қазақстаннан өкілдерімізді жіберіп, көмек сұрамақпыз. Шешенстанның Таяу Шығыстағы қарулы жанжал аймағынан өз азаматтарын алып шыққаны белгілі. Грозныйдағы жиынның бізге де бір шарапаты тиіп қалар деген үмітіміз бар, - дейді олар.

Оқи отырыңыз: Сирияда соғысқандардың тұтқындағы әйелдері

Нұрагүл Қайырбекованың есебінше, қазір Таяу Шығыстағы жанжал аймағында Қазақстаннан барған ересектерден бөлек 118 бала бар, көпшілігінің әкелері сол жақта қаза тапқан.

Сирияда жүргендердің қай-қайсы да алдау-арбауға түсіп, жаза басты. Жайлы өмір табамыз деп адасып барып, соғыс ортасынан кері қайтар жолды таппай қалды.

- Сириядағы қазақстандықтар саны бұдан да көп болуы мүмкін. 118 бала деп отырғаным, бізбен байланыстағы адамдардың жақындары ғана. Ал басындағы проблемасын ортаға салғысы келмейтіндер де бар шығар, ол жағын нақты білмеймін. Білетінім – Сирияда жүрген отандастарымыздың қай-қайсы да алдау-арбауға түсіп, жаза басты. Жайлы өмір табамыз деп адасып барып, соғыс ортасынан кері қайтар жолды таппай қалды. Ағам айыбы үшін жауапкершілікті көтеруге дайын. Сондықтан Қазақстан үкіметі мен құзырлы органдардан Сириядағы отандастарымызға көмектесулерін сұраймын, - дейді Нұрагүл Қайырбекова.

"ЖАНЖАЛ АЙМАҒЫНДА ЖҮРГЕНДЕРДІ АНЫҚТАУ ҚИЫН"

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің (СІМ) баспасөз хатшысы Айбек Смадияров шілденің 19-ы күні Азаттыққа Сирия мен Иракта қалған туыстарын елге қайтаруға жәрдем сұраған азаматтардан оншақты өтініш түскенін, министрлік оларды қарап жатқанын растады.

Ол жаққа заңсыз барғандарды, әсіресе қарулы жанжал аймағында қанша адамның жүргені, олардың нақты қай жерде екенін анықтау өте қиын.

- Бізде консулдықтың ресми есебі бойынша, Сирияда қазір Қазақстанның 11 азаматы – Сирия азаматтарына тұрмысқа шыққан он әйел және сол елде жұмыс істеуге барған қазақстандық бір ер адам бар. Олар соғыс ошағынан тыс аймақтарда тұрады. Ал енді ол жаққа заңсыз барғандарды, әсіресе қарулы жанжал аймағында қанша адамның жүргені, олардың нақты қай жерде екенін анықтау өте қиын. Әйткенмен, әлгі адамдардың арыз-өтінішін министрлік пен басқа мекемелер де қарап жатыр. Оларға уақытылы жауап беріледі, - деп хабарлады СІМ өкілі.

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қақтығыс аймақтарында жүруі мүмкін қазақстандықтар жайлы сұрап Азаттық 19 шілде күні ресми түрде сұрау салған. Ал биыл наурызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков Қазақстанға Сириядан оралған 125 адамның 57-сі сотталып, қалғаны бақылауда жүргені туралы мәлімдеген.

Сирияға Қазақстаннан барған "150 жихадшы" туралы YouTube сайтындағы видеодан скриншот. 21 қазан 2013 жыл.
Сирияға Қазақстаннан барған "150 жихадшы" туралы YouTube сайтындағы видеодан скриншот. 21 қазан 2013 жыл.

2013 жылы күзде Ирак пен Сириядағы қарулы жанжалға исламшыл радикалдар жағында қатысуға Қазақстаннан барған "150 жихадшы" туралы видео тараған болатын. Азаттық тілшілері журналистік зерттеулер жүргізіп, видеодағы кейбір адамдардың аты-жөнін анықтаған еді.

Оқи отырыңыз: Жезқазғанның "жихадшылары" кімдер?

Кейін Таяу Шығыстағы соғыс аймағында жүріп қаза тапқан қазақстандықтар туралы ақпарат да жиілеген. Олардың кейбірінің артында бала-шағасы қалған. Қазақстаннан Сирия мен Иракқа кеткен балаларын қайтару мақсатымен ата-аналар комитеті де құрылған. Кей ата-ана тіпті Сирияға баласын іздеп барғанымен, оларды елге қайтуға көндіре алмай оралғаны туралы Азаттық кезінде жазған.

Таяу Шығыстағы қарулы жанжал аймағындағы "жихадшы қазақ балалары" туралы интернетте тараған видеодан скриншот. Қараша, 2014 жыл.
Таяу Шығыстағы қарулы жанжал аймағындағы "жихадшы қазақ балалары" туралы интернетте тараған видеодан скриншот. Қараша, 2014 жыл.

2014 жылы күзде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сол кездегі төрағасы Нұртай Әбіқаев "Сирияда 300-ге жуық қазақстандық жүргенін, оның жартысы әйелдер" екенін айтқан. Қазақстан билігі Сирияда идеологиялық және әскери дайындықтан өтіп жатқан қазақ балалары туралы 2014 жылы қарашада интернетте тараған насихаттық мазмұндағы видеоға ел аумағында тыйым салған.

Өткен жылы қарашада Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Орал қаласының тұрғыны - 1988 жылы туған әйел мен оның төрт баласы Сириядағы соғыс аймағынан Шешенстан астанасы Грозныйға арнайы рейспен бір топ адаммен бірге жеткізілгені туралы хабарлаған.

Желтоқсанда ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков Сирия мен Ирактағы жанжал аймағында қазақстандық 214 ұл мен 176 қыз бала бар деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG