Accessibility links

«Жиһадшылардың» жақындары Астанадағы келіссөзден үміттенеді


Youtube желісіне жарияланған Сириядағы қазақ "жиһадшылар" туралы видеодан алынған скриншот.

Балалары «Сирияға жиһадқа кеткен» ата-аналар Астанада өтіп жатқан Сирия дағдарысын бейбіт реттеу жөніндегі келіссөзге үмітпен қарайды. «Тым болмаса сәбилерін Қазақстанға қайтарар ма еді» деп армандаушылар да бар.

Қаңтардың 23-24-і күндері Астанада Сирия дағдарысын реттеу туралы келіссөз өтіп жатыр. Бұл жиынға Сирия үкіметінің және ол елдегі бірнеше оппозицияшыл топтардың өкілдері, Ресей, Иран және Түркия тарабы қатысып жатыр. Келіссөзге БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол да келген.

Астанада Сирия дағдарысын бейбіт реттеу жөніндегі келіссөз өтетіні туралы ақпаратты естігелі балалары түрлі жолдармен «Сирияға жиһадқа кеткен» ата-аналар Сирия жайлы жаңалықтарға елеңдеп отыр.

«БИЛІК БАЛАМНЫҢ ОРАЛҒАНЫН ҚАЛАМАЙТЫНЫН ҰҚТЫМ»

Сирияға қатысты соңғы ақпараттарға құлағы түрік адамның бірі – Қарағанды облысындағы Сәтбаев қаласының тұрғыны Ләззат Қайырбекова (өз өтініші бойынша фамилиясы өзгетілді – ред.).

Азаттық тілшісі ол кісімен 2013 жылы Сәтбаев қаласында кездескен еді. Сәтбаев пен Жезқазған қаласынан Сирияға «жиһадқа кетті» делінген жастар көбейген кезде Ләззат Қайырбекова да 1990 жылы туған баласы Азаматтан тірідей айырылғанын айтып, уайымға салынып жүрген. Ол өзі сияқты бір топ ана-анамен бірге ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК), президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып, балаларын елге қайтаруға жәрдемдесуді сұрағандарын айтқан.

Азаттық тілшісі арада үш жылдан аса уақыт өткенде, Астанада Сирияға қатысты келіссөз басталған қаңтардың 23-і хабарласқанда Ләззат Қайырбекова бұрынғысынан қатайып алғандай көрінді. Ол билікке жазған хаттарының ешбіріне жауап келмегенін, балаларын іздестіретін қоғамдық ұйым құрудың сәті түспегенін айтады.

Проблемамыз өзімізден басқаға керек емесін, биліктің Сирияға кеткендердің қайта оралғанын қаламайтынын ұқтым.

– Проблемамыз өзімізден басқаға керек емесін, биліктің Сирияға кеткендердің қайта оралғанын қаламайтынын ұқтым, – дейді Ләззат Қайырбекова.

Ол ұлы Азаматты террористер тізіміне қосқан қауіпсіздік қызметтеріне налиды.

– Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті жасаған қылмыскерлер тізімінде [баламның аты-жөні] тұрғанын жақында көріп, жүрегім ауырды. Балам кеткенде ҰҚК зорға қабылдады мені. Баламның намаз оқи бастағанына он шақты ғана күн болғанын, Стамбул әуежайына қонғанына дейін біліп отырды. Баламыздың қандай топта жүргенін біле тұра бізге неге уақытында ескертпеген, – дейді Ләззат Қайырбекова.

2013 жылы өзі секілді үш ата-анамен бірге Сирияға барып, Азаматты көріп қайтқан анасы «ұлымды белгісіз қарулы адамдар ертіп кеп көрсетті, бірақ еркін сөйлесуге де, алып қайтуға да мүмкіндік бермеді» дейді.

"Жиһадшыларға" қарсы соғысып жатқан Сирия азаматтары. Сирия, Алеппо, 10 қазан 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
"Жиһадшыларға" қарсы соғысып жатқан Сирия азаматтары. Сирия, Алеппо, 10 қазан 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

– Елге қайтқысы келетінін көзінен көрдім. Бертінге дейін хабарласып тұрды. «Мама сені жақсы көремін, суретіңді салшы» деп жиі айтатын. Өздері ойлағандай емес басқа жаққа түскенін барған соң түсінген сияқты, – дейді келіні мен жалғыз немересі қолында қалғанына шүкіршілік еткен Ләззат Қайырбекова.

Бірнеше жыл бұрын Сирияға кеткен ұлы Азаматтың хабар-ошарсыз жоғалғанына бір жылдан асқанын айтқан анасы Астанадағы Сирияға қатысты өтіп жатқан келіссөзге қарайлайды.

«СӘБИЛЕРДІ ҚАЙТАРУҒА БОЛМАЙ МА?»

Сирияға «жиһадқа кеткен» ұлынан күдер үзбеген ата-ананың бірі – Сәтбаев қаласының тұрғыны Қалыш Қуатаева «Астанадағы келіссөздер тым болмаса кішкентай немерелерімді елге қайтаруға сеп болар ма екен» деп үміттенеді.

Қалыш Қуатаеваның 1990 жылы туған ұлы Жандос Ажмамбетов Қарағанды қаласындағы спорт мектебін бітіріп, Сәтбаев қаласындағы зауытта жұмыс істеп жүрген жерінен ата-анасына айтпай 2013 жылы наурызда шетелге кетіп қалған.

Сәтбаев пен Жезқазған қаласынан кеткен өзге жастар секілді Жандос та өзі қатарлы екі жас жігітпен бірге аттанған. Өзгелер секілді бұлардың да хикаясы ұқсас. Әуелі намазға жығылып, дінді терең үйренеміз деп жүрген олар бұл сапарын «Сауд Арабиясынан хабарласқан шейх университетте оқуға шұғыл шақырды» деп түсіндірген. Бастапқыда «Мединеге келдік» деген олар соңыра қайда жүргенін айтқысы келмеген.

Қалыш Қуатаеваның айтуынша, ұлы Сирияда жүріп үйленген, бір баласы бар.

– Тым болмаса сәбилерді қайтаруға болмай ма? – деп жылайды Жандос Ажмамбетовтың анасы Қалыш Қуатаева.

«ТЕРІС ЖОЛҒА САЛҒАНДАР ЕЛДЕ ЖҮР»

Ләззат Қайырбеков мен Қалыш Қуатаева «Сириядан хабарласып тұрмыз» дейтін ұлдары әлеуметтік желі арқылы сөйлескенімен ашық әңгімеден тартынатынын, әр нәрсені сұрай бермеуді өтінетінін айтады. Ата-аналар мұны «айналасындағылардың қысымы» деп болжайды.

– «Қазақстанға жол жабық. Қайта оралсақ, түрмеде шірітеді» деп қауіптенеді. Оларды елге жеткізіп, өз алдына оқшаулап ұстап, тергеп-тексерсе, қуанар едік. Ондай орын ашса, тіпті өз қалтамыздан қаржыландырар едік, – дейді Ләззат Қайырбекова.

Ал Қалыш Қуантаева «теріс ағымдағы діни топтардың орталығына айналған Сәтбаев пен Жезқазған қаласында әлі күнге теріс уағыздар күшті» екенін айтады.

Біздің балаларымызды Сирияға кетуге үгіттегендер елде аман-сау жүріп жатыр. Олардың арасында билікте жүргендері де бар.

– Біздің балаларымызды Сирияға кетуге үгіттегендер елде аман-сау жүріп жатыр. Олардың арасында билікте жүргендері де бар, – дейді ол.

Сәтбаев қаласының тұрғындары Зәмзәгүл Әбілмәжина мен Нұрсұлу Мұхамеджанованың оқиғасы да осы кісілердікіне ұқсас. Зәмзәгүл Әбілмәжинованың бойжеткен қызы, Нұрсұлу Мұхамеджанованың ұлы Сирияға «жиһадқа» кеткендер қатарында жүр. Кейбір хабарларға қарағанда, олардың тірі болуы да неғайбыл. Балаларының өлімін көзімен көрмеген ата-аналар мұндай хабарға сенбейді.

Қазақстандықтардың Сирия мен Ирактағы радикал исламшыл қарулы топтардың сапында ұрысқа қатысып жатқанын баяндайтын видео интернетте ең әуелі 2013 жылдың күзінде жарияланған. Азаттық ол видеодағы бірнеше ер адам мен жас балалардың қазақстандықтар екенін анықтаған. Сол видео жарыққа шыққан соң Қарағанды облысының Жезқазған және Сәтбаев қалалары мен Кеңгір ауылынан балаларын іздеп Сирияға барушылар көбейген.

2015 жылы жазда ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев таратқан мәліметке қарағанда, Сирия мен Ирактағы «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы қатарында 150-ден астам қазақстандық бар. Олармен бірге содырлардың әйелдері мен жесірлері, жалпы саны 200-ден астам әйел мен бала жүр.

Қазақстан заңы бойынша, шетелдерде қарулы қақтығысқа қатысқан қазақстандықтар қайта оралған жағдайда ұзақ жылдарға қылмыстық жазаға тартылады.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG