Accessibility links

Ирак өмірлік түрме жазасына кескен әйелдер


Бағдаттың орталық қылмыстық сотының залында тұрған ресейлік айыпталушылар. 29 сәуір 2018 жыл
Бағдаттың орталық қылмыстық сотының залында тұрған ресейлік айыпталушылар. 29 сәуір 2018 жыл

Ирак соты 29 шетелдік әйелді, оның ішінде Ресейдің 19 тұрғынын "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымын қолдағаны үшін өмір бойғы түрме жазасына кесті.

Ресей сыртқы істер министрлігінің дерегінше, Ирак түрмелерінде Ресей азаматтығы бар 50-ден 70-ке дейін әйел адам отыруы мүмкін. Олардың Ресей азаматтары екені арнайы келіссөздерден кейін ғана анықталады.

Сәуірдің 29-ы күні Бағдат соты ресейлік 19 азаматтан өзге алты әзербайжандық және төрт тәжікстандық әйелге үкім шығарған. Әйелдер өздерін Иракқа ДАИШ қатарында соғысқан Солтүстік Кавказ, Әзербайжан мен Тәжікстаннан күйеулері күштеп әкелгенін айтқан.

Содырлар басып алған бірқатар жер азат етілген соң бұл әйелдер күрдтердің "Пешмерга" жасағының қолына түседі. Күрдтер әйелдерді Ирак билігіне тапсырған. Ирактағы Ресей елшілігінің өкілі сотталғандардың Ресейдегі туыстарына хабарласқан. Өкіл сөзінше, сотталғандар аппеляциялық шағым түсіре алады, бірақ, істі қайта қарау көпке созылады. Себебі ресейлік азаматтар араб тілін білмейді.

Батыс баспасөзінің хабарлауынша, Иракта ДАИШ-қа көмектесті деген күдік бойынша қамауға алынып, сот шешімін күтіп отырған 500 шетелдік әйел бар. Олардың кейбірі қамауда балаларымен отыр. 2018 жылдың басынан бері "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымына қатысы бар деген айып тағылған 11 адам өлім жазасына кесілген.

Мосул маңындағы босқындар лагерінде тұратындар.
Мосул маңындағы босқындар лагерінде тұратындар.

Бағдатта абақтыда отырған ресейліктер мәселесімен Адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшесі Хеда Саратованың көмегімен Шешенстан республикасының президенті Рамзан Қадыров айналысып жүр. Саратованың сөзінше, Ресей азаматтығы бар балаларды алдымен Шешенстан мен Дағыстанға әкеледі. Одан кейін Ирак аймағында туған ресейлік басқа балалар да бері жеткізіледі. Былтыр жаздан бері әртүрлі жолмен 100-ге жуық әйел мен бала Ирактан Ресейге жеткізілген. Олардың қатарында Шешенстан, Дағыстан, Мәскеу мен Сібір тұрғындарынан өзге Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан азаматтары да бар.

Сәуір айында Ирак соты ресейліктерге үкім шығарып, оларға өмір бойғы түрме жазасын кескен. Ал Ресей азаматтығы бар 27 әйел мен бала Ресейге экстрадицияланған. Сот бұларды терроршылар жағына алданып немесе күшпен өтті деп таныған. Сәуірдің басында Иракта қамауға алынған әйелдердің туыстары Мәскеудегі Ирак елшілігі алдында митинг ұйымдастырған.

Ресей азаматтығы бар әйелдердің, негізінен Солтүстік Кавказ тұрғындарының содырларға көмектесіп, олардың әйелі болуына не себеп екенін "Эхо Кавзказа" радиосының сарапшысы Вадим Дубнов былайша түсіндіреді:

Азаттық: – Солтүстік Кавказда туған қыздарға Таяу Шығыста терроршылар қатарында соғысуға дайын адаммен тұрмыс құруға не себеп? Ол кімге тұрмысқа шығып жатқанын түсіне ме? Ирак немесе Сириядағы радикалдармен ресейлік қыздар қалай жолығып жүр?

Вадим Дубнов: – Олар үшін неке соншалықты маңызды деп айта алмаймын. Мүмкін кейбіреулер үшін неке соғысқа қатысудан жоғары тұратын шығар. Бұл Солтүстік Кавказ қыздары үшін таңқаларлық жағдай емес. Өйткені біз әңгіме қылып отырған әйелдердің типі Дағыстан мен Шешенстандағы соғыс кезінде қалыптасқан. "Имарат Кавказ" идеясы мен жалпы радикалдық джихад түсінігі біршама өзгеріске ұшыраған. Ауқымды түрде алғанда идея романтикалық реңк алған. Солтүстік Кавказдың ормандарында болған және қазірде Дағыстанда болып жатқан жағдайлар белгілі бір деңгейде ДАИШ франчайзингі. Өз абыройын арттыру үшін кейбіреулер "Ислам мемлекеті" содырлар ұйымына ант беріп, өздерін "әлемдік джихадтың" бір бөлігі санайды. Бұл шынымен әлемде қолданылатын франшиза. Осындай ойда жүргендердің бөлімшеге емес "орталыққа" барғанды абырой санайтыны анық.

ДАИШ сапында джихадқа шақырып тұрған әйелдер. Көрнекі сурет
ДАИШ сапында джихадқа шақырып тұрған әйелдер. Көрнекі сурет

Олардың өз қатарына адамды қалай тартатыны ең басты мәселе. Бұл жерде бәлендей құпия жоқ. Қыздар содырлар қатарына әртүрлі жолмен барады. Ол қыздар екі түрге бөлінеді. Біріншілері шағын ауылдардан шықандар. Екіншілері, қалалық қыздар. Бұл жерде қалалық қыздар, студенттердің қатарға қосылғаны қызық. Дағыстанда болғанымда қыздарды алдап, содырлар қатарына тартатындар жайында естідім. Олар негізінен университтерде жүреді. Оқу орындарында жүрген студент қыздар да менталитеті мен дәстүрлі қоғам өкілі ретінде ойлайтынын естен шығармау керек. Қыздардың әлсіз жағын табу үшін психология саласының докторы болудың қажеті шамалы. Жеке өмірінде қиындық болып жатқан немесе атаққұмарлау я болмаса, алыс туыс ағасын орманда өлтірген болуы мүмкін. Содырлар қатарына қосылуға осындай себеп көп. Бастысы қатарға тартылатын адамды алдап-сулай білу керек. Тағы қайталаймын, қоғам дәстүрлі, консервативті болғаннан кейін жұмыс істеу оңай.

Меніңше, бұл ДАИШ-тық немесе мұсылмандық құбылыс емес. Бұның ауқымы кең. Өйткені бұрын Сирия мен Түркиядағы күрд топтарын көрдім. Олардың қатарында Сирияның түкпіріндегі ауылдың қыздары ғана емес, Анкара университетінде оқитын түрік қыздар да болды. Олар әлдебір "күрд мәселесі" мифі үшін, күрд мемлекеті үшін соғысқа баратын. Ал бұлар "ислам үшін" соғысамыз деген тағы бір аңыздың жетегінде жүреді. Баяғыдан солай болған. Әрине, кейбір мәскеуліктер арасында қызық қуып барғандар да бар.

Азаттық: – Ресейде де, Батыста да контрпропаганда радикал джихадшылардың Ирак пен Сириядағы озбырлығын көрсету үшін көп жұмыс істеді. Біз жоғарғы технология заманында өмір сүріп жатырмыз. Қалайша адамдарға жыныстық құлдық, адамзатқа қарсы жасалып жатқан қастандықтар туралы куәлердің әңгімелері мен әртүрлі видеожазбалар әсер етпеді?

Вадим Дубнов: – Әсер еткен сияқты. Әйтпесе ол жақтарға бұдан да көп адам кетіп қалар еді. Адамның ойына сыймайтын идеялар туралы әңгіме болғанда сіз тізбектеген ақылға қонымды пікірлерді көп адам қабылдай алмайды. Әсіресе, бұны дәстүрлі қоғамда тәрбиеленіп, бала күнінен алабөтен ойлар сүйегіне сіңген адам қабылдамайды. Ол жақтарда адамдарды тірідей өртеп, басын шауып жатыр деп айтсаңыз, сізге екі түрлі жауап береді. "Біріншіден, бұл - өтірік! Екіншіден, ол дінсіздер бізге не істемеді?". Яғни, ақтау мен сенімсіздік.

Тикрит маңындағы ДАИШ содырлары. Көрнекі сурет
Тикрит маңындағы ДАИШ содырлары. Көрнекі сурет

Азаттық: – Бұл жердегі негізгі мәселе - сотталғандардың үкімі мен олардың алдағы тағдыры. Сотталушылар Иракта түрмеде отыра ма, әлде қазір кері алып келу үшін бар күшін салып жатқан Ресейге келе ме?

Вадим Дубнов: – Бұған дейінгі тәжірибеге қарасақ, осындай сотталушыларға Ирак соты жеңілдік жасайды. Яғни, олардың кейбірі рақымшылыққа ілігеді. Көп жағдайда Ресейге экстрадицияланады. Ал елге келгеннен кейнгі оларға көзқарас әртүрлі болады. Біреудің жолы болса, енді бірі қиындыққа тап келеді. Дағыстанда бұл мәселе олар келген кездегі нақты саяси жағдайға байланысты болады. Мәселен, дәл сол уақытта соңғы кездері жиі байқалатын салафилер мен билік арасында келісім жүріп жатса, әрине, онда оларға жеңілдік бар. Басқа өңірлерде дін мен зайырлы қоғамды біріктіруге соншалықты құлшыныс жоқ. Сол себепті Мәскеуде, Нижний Новгородта немесе тағы басқа жерде оларға жұмсақтау қарауы мүмкін.

Көре отырыңыз: ДАИШ-тің ақыры

ДАИШ-тің ақыры
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:04:46 0:00

Азаттық: – Ресейлік басылымдар Ирак пен Сириядағы кавказдық әйелдерді содырлардан құтқарып, елге әкелуді қолға алған Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың әрекетін мақтап жатыр. Мұндай іспен Сыртқы істер министрлігі немесе арнайы қызмет емес, Қадыровтың айналысып жүргені біртүрлі емес пе? Қадыровтың сол ондаған әйелде не жұмысы бар?

Вадим Дубнов: – Бірнеше жыл бұрын Грозныйды "қалпына келтіргеннен" кейін Кремльмен, Ресей билігімен жасасқан келісіміне байланысты Рамзан Қадыровтың бұл әрекеті ақылға қонымды сияқты. Қазір оның бағыты басқа. Жалпы федералдық деңгейде алып қарағанда, ол байқала бермейді. Есесіне, оған "соғыс пен джихадқа" қатысты мәселелерді тапсырды. Ол Кремльдің ДАИШ бойынша арнайы елшісі болып шықты. Бұл оның өзіне ұнайтын, сондай бір салтанатты бір қызық рөл. Кейде өте сирек жағдайда Рамзан Қадыровтың қайсыбір ісін оң бағалауға болады. Міне, сол үшін Ирак түрмесінде отырған жас әйелдер мен балаларды елге әкелумен айналыса берсін.

XS
SM
MD
LG