Accessibility links

Жарылыстан Азаттық тілшілері қаза тапты


Теракт кезінде зардап шеккен ауған журналистері. Кабул, 30 сәуір 2018 жыл.

ДАИШ содырлары мойнына алған Кабулдағы екі терактіден кем дегенде 25 адам қаза тапты. Олардың қатарында Азаттықтың Ауған қызметінің екі журналисі мен өзге де ақпарат құралдарының бес қызметкері бар.

Ауған полициясының дерегінше, сәуірдің 30-ындағы жарылыстардан 25 адам өліп, жараланған 45 адам жергілікті ауруханаларға жеткізілген. Полиция іркес-тіркес болған екі жарылыс құрбандарының саны тағы артады деп қауіптенеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, мотоциклге мінген жанкешті Шаш-Дарак ауданындағы NDS барлау қызметінің ғимараты маңында өзін жарып жіберген.

Екінші жарылыс 20 минуттан кейін Кабулдағы Қалалық даму және тұрғын үй министрлігінің кеңсесі алдында болған. Және бір жанкешті бірінші жарылыс жайында репортаж жасап жатқан тілшілердің арасына кіріп жарылған. Ол өзін журналист ретінде көрсеткен.

Азаттықтың Ауған қызметінің журналистері - Абадулла Хананзай мен Сабвун Какар екінші шабуыл кезінде қаза тапты. AFP агенттігі Кабулдағы жарылыста фотограф Шаха Марайдың да мерт болғанын растады.

Азаттықтың Ауған қызметіне мамыр айынан бастап қызметке кірісуі тиіс Махаррам Дурани де осы шабуылда көз жұмды.

Кабулдағы жарылыстан кейінгі көрініс. 30 сәуір 2018 жыл.
Кабулдағы жарылыстан кейінгі көрініс. 30 сәуір 2018 жыл.

AP агентігі Кабул полициясының өкілі Хашмат Станекзайға сілтеме жасап таратқан мәліметіне қарағанда, жарылыстан төрт полиция өкілі қаза тапқан.

Amaq ақпарат көзі арқылы жариялаған мәлімдемесінде ДАИШ содырлар ұйымы жарылыстарды өзі ұйымдастырғанын мәлімдеді. Қастандық "Талибан" содырлар ұйымы Ауғанстан билігінің бейбіт келіссөз жүргізу туралы ұсынысынан бас тартып, шабуыл бастаған соң бірнеше күннен кейін жасалып тұр.

- Кабулдағы екі терроршы жанкештінің ауған күштік құрылым өкілдерін, Ауғанстандағы бейбіт тұрғындар мен ауған журналистерін өлтірген қорқау шабуылын қатаң түрде айпытаймыз. Қателеспеңдер, Ауғанстанның жаулары жеңе алмайды. Мұндай әрекетттер Ауғанстан халқымен біздің қатынасымызды нығайта түседі, - деді Ауғанстандағы АҚШ пен НАТО күштерін басқарушы генерал Джон Николсон.

Кабул полициясының басшысы Дауд Амин шабуыл жасалған аймақтағы көптеген шетелдік кеңселер жабылып, тергеу амалдары басталғанын айтты.

Абадулла Хананзай, Кабулдағы жарылыстан қаза тапқан Азаттықтың Ауған қызметінің журналисі
Абадулла Хананзай, Кабулдағы жарылыстан қаза тапқан Азаттықтың Ауған қызметінің журналисі

Хананзай Азаттық Радиосының Ауған қызметінде наша саудасын әшкерелейтін "У керуені" деген жоба бойынша журналист және оператор болып жұмыс істеген.

Ал Дуррани Азаттықтың Ауған қызметіне қарасты "Тәуелсіз Ауғанстан" радиостанциясында әйелдерге арналған апталық бағдарлама жүргізген.

Бір апта бұрын Кабул қаласындағы сайлау бөлімшесі алдында бір жанкешті өзін жарған еді. Ол кезде жарылыстан 60 адам қаза тауып, 120 адам жараланған.

Махаррам Дуррани, Кабулдағы жарылыстан қаза тапқан Азаттықтың Ауған қызметінің журналисі
Махаррам Дуррани, Кабулдағы жарылыстан қаза тапқан Азаттықтың Ауған қызметінің журналисі

Сәуірдің 22-інде Кабулдың батысындағы шииттер көп тұратын Дашт-Барчиде болған жарылысты да ДАИШ содырлары өз мойнына алған еді. Содырлар бұл туралы да Amaq ақпарат агенттігі арқылы хабарлаған. ДАИШ-тің негізгі бөлігі Ирак пен Сириядағы 2016 жылы басып алған аумақтарынан түгел дерлік айырылып қалған. Діни ультра-радикалдардың өздерін "Хорасан" деп атайтын бір тобы Ауғанстанда бой көрсетіп жүр. Бұл топ ара-тұра Талибанмен де қақтығысып қалады.

Үкімет осыдан 17 жыл бұрын АҚШ-тың басшылығымен биліктен тайдырылған Кабулдағы Талибан содырларымен күресті жалғастырып келеді.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғанидың Талибанды келіссөзге шақырғанына қарамастан, жыл басынан бері Кабулда болған жарылыстардан жүздеген адам қаза тапты.

Видео: Кабулдағы жарылыста журналистер мерт болды

Кабулдағы жарылыста журналистер мерт болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:39 0:00

XS
SM
MD
LG