Accessibility links

Ауғанстан: Кундузда әуе шабуылынан ондаған адам қаза тапты


Кундуз уәлаятында медресеге жасалған әуе шабуылынан жараланған адамды ауруханада емдеп жатыр. Ауғанстан, 2 сәуір 2018 жыл
Кундуз уәлаятында медресеге жасалған әуе шабуылынан жараланған адамды ауруханада емдеп жатыр. Ауғанстан, 2 сәуір 2018 жыл

Ауғанстан әуе күштері елдің солтүстігіндегі Кундуз уәлаятында "Талибан" содырлары жиналды деген жерге әуеден шабуыл жасап, ондаған адам қаза тапты. Кундуз уәлаяты полициясының өкілі Абдул Хамид Хамидидің хабарлауынша, әуе шабуылы 2 сәуір күні уәлаяттың Дашт-и Арчи ауданында "Талибан" содырлары жиналды деген аумаққа жасалған. Шабуылдан кем дегенде 15 адам қаза тауып, 10 адам жараланған.

Оның сөзіне қарағанда, шабуыл жасалған кезде Пәкістанның Кветта қаласында орналасқан "Талибан" басшылығы кеңесінің өкілдері Кундузға сапарлап барған. Қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар да бар.

Ауғанстан әскерилері таратқан мәлімдемеде әуе шабуылынан "Талибанның" кем дегенде 15 содыры, оның ішінде ұйымда басшылық қызмет атқаратын Мулла Берианидің де көзі жойылғаны айтылады. Әскерилер шабуылдан 10 адам жараланғанын айтып, оққа ұшқандар арасында бейбіт барын жоққа шығарады.

Әуе шабуылы әдетте "Талибан" көктемгі әскери операциясын, Кабулдағы үкімет пен АҚШ әскери күштеріне қарсы шабуылдарын күшейтетінін жариялайтын кезде жасалып отыр.

Дашт-и Арчи ауданының көп бөлігі 2015 жылдан бері "Талибанның" бақылауында болғандықтан2 сәуірдегі шабуылдан қаза тапқандар жайлы БАҚ-қа анық ақпарат түспей отыр.

Кейбір куәлер мен шенеуніктердің айтуынша, әуе шабуылы мектеп бітіру салтанаты өтіп жатқан жергілікті медресе әлде мешітке жасалғанын және одан ондаған бейбіт тұрғын қаза тауып, жараланғанын айтады.


Кундуз уәлаяты кеңесінің мүшесі Мавлави Абдулланың dpa агенттігіне айтуынша, әуе шабуылы "Талибан" өкілдері мен бейбіт тұрғындар медресе түлектерінің бітіру салтанатына жиналған кезде жасалған. Шабуылдан 50-ден астам адам қаза тапқан.

Ауғанстан қауіпсіздік қызметінің өкілі France Press агенттігіне "Талибан" өкілдері әуе шабуылынан сақтану үшін әдейі медресеге жиналып, көктемгі шабуылға дайындықты талқылағанын айтады. Ал "Талибан" әуе шабуылынан медресенің "150 оқушысы мен бейбіт тұрғын" қаза тапқанын мәлімдеп, құрбандар арасында содырлар барын жоққа шығарды.

XS
SM
MD
LG