Accessibility links

Сирияда соғысқандардың тұтқындағы әйелдері


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Туыстары Ирак пен Сирияда жүрген 1500-ден астам ресейлікті табуды биліктен сұрайды. Олардың бәрі – "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мен басқа да қарулы топтарға қосылып соғысқандардың әйелдері мен балалары. Барлығы террорлық іс-әрекетке қатысты және шекараны заңсыз кесіп өтті деп айыпталады.

Ресей құрамындағы Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров 2017 жылғы тамызда өзінің Таяу Шығыс бойынша өкілі, федералдық кеңес мүшесі Зияд Сабсабиге Шешенстанда туған әйелдер мен балаларды Сирия мен Ирактан қайтару процесін бастауды тапсырған болатын. Кейін бұл жұмыс жекелеген республиканың шеңберінен асып, Ресейдің көптеген аймағын қамтыды. Туыстары енді Сириядағы қарулы топтарға мүше болғандар жақын-жуығын қайта көреміз деп үміттенеді.

Ақпанның 28-і күні Мәскеуде Ирактың сыртқы істер министрі мен елшісінің баспасөз мәслихаты өтіп жатқан "Россия Сегодня" баспасөз орталығының ғимараты алдында бірнеше әйел (әскерилердің аналары, жарлары, қарындастары) акция өткізді. Ирак ресмилеріне кездесе алмаған әйелдердің тілек-өтініштері мен сұрақтары шетелдік қонақтарға журналистер арқылы жеткізілді.

- Әпкем алты айдан бері Бағдад түрмесінде қамауда жатыр, оны шииттік "Хашд-әл-Шааби" тобы ұстап отыр. Ол телефон арқылы сөйлескенде түрмеде тазалық жоғын, балалар мен аналардың белгісіз дерттен көз жұмып жатқандарын айтты. Түрмеде біздің қыздардан басқа сегіз шешен әйел отыр екен. Әпкем ол жерге өз еркімен барған жоқ. Көбі бізге хабарласып, қайда бара жатқандарын білмегендерін, алданып қалғанын айтады, - деді өзін Ирада деп таныстырған тұтқын сіңлісі "Кавказ. Реалии" сайтына.

Ирактағы әйелдер отырған түрмелердің біріндегі жазу
Ирактағы әйелдер отырған түрмелердің біріндегі жазу

Соғыс болған аймақта қолға түскен ол әйелдерді енді заң алдында жауапқа тартпақшы. Ал туыстары шекара ашық тұрғанда оларды еш кедергісіз өткізіп жіберген Ирак, Сирия, Түркия билігіне ренішті, "сол кезде болмаған шекараны заңсыз кесіп өтті деп туыстарымызды айыптап жатыр" дейді олар.

- Жақында Ирак елшілігіне барамыз, қыздардың еш жазығы жоқ екенін айтамыз, - дейді Ирада. Ол әпкесімен соңғы рет ақпанның 28-і күні, Мәскеуде ереуіл өткізетін күні хабарласқанын айтады.

- Өзіміз Қырымның тумасымыз, әпкем Рушана Мансур есімді шешен жігітке тұрмысқа шыққан, ол 2017 жылғы тамыздың 9-ы күні дүние салған, қазір әпкем баласымен бірге түрмеде отыр. Былтыр тамыздың 14-і күні әпкем мен басқа да Тел-Аффарлық қыздарды шығарамыз деп әрқайсына 5,5 мың доллар сұрады. Тамыздың 16-сы күні басқа әйелдермен бірге Түркияға бардым, оларды сатып алуға ақша жинап дайындап қойдық. Бірақ тамыздың 20-сында оларды күрдтерге тұтқынға беріпті, кейін көбірек ақша сұрады, біз бәріне дайын едік, бірақ оларды қайтармады. Содан бері желтоқсанның 2-сіне дейін еш ақпарат ала алмадық, - дейді Ирада.

Иракта қамауда отырған Рушананың ұлымен бірге түскен суреті
Иракта қамауда отырған Рушананың ұлымен бірге түскен суреті

Ираданың сөзінше, өткен жылы желтоқсанның 2-сінде сіңлісіне хабарласқан Рушана өзін басқа әйелдермен бірге Мосулдағы түрмеден "Хашд-әл-Шааби" тобының Ирактағы түрмесіне ауыстырғанын, ол жерде жағдай тіпті нашар екенін айтқан.

Шешенстан басшысы жанындағы адам құқығы жөніндегі кеңестің мүшесі Хеда Саратова наурыздың 5-і күні "Кавказ. Реалии" сайтына Сирия мен Ирактағы 1,5 мыңға жуық әйел мен баланы іздеп, туыстары хабарласқанын айтты.

- Тізім күн санап өсіп келеді. Адамдар көмек сұрап жатыр. Сенатор Сабсаби мен бізге қыздар жиі өтініш жасайды. Біз білмейтін бір қыз туралы жантүршігерлік ақпаратты кеше алдық. Сирия мен Ирак түрмелерінде отырғандар саны әлдеқайда көп. Мың жарым адам – тек хабарласқандары ғана, - деді Хеда Саратова.

("Кавказ. Реалии" сайты мақаласы орыс тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG