Accessibility links

ИМ-нен «сыйлыққа үш әйел алған» содыр


Абдулкадыр Машариповтың ұсталғанға дейінгі (оң жақта) және қолға түскеннен кейінгі суреттері.
Абдулкадыр Машариповтың ұсталғанға дейінгі (оң жақта) және қолға түскеннен кейінгі суреттері.

Түркияның Стамбул қаласындағы Reina түнгі клубында қанды теракт жасаған Өзбекстан азаматы Абдулкадыр Машариповке «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымының «үш әйел сыйлағаны» хабарланды.

Түрік полициясы қаңтардың 16-сында Стамбул қаласының Эсенюрт ауданындағы пәтерде Абдулкадыр Машариповпен бірге үш әйелді – сенегалдық Дина А., ирактық Әли Джамиль Мухаммад және сомалилік Айша М.-ді ұстаған. Машариповтің полицияға айтуынша, ол үш әйелмен де некелескен.

Күдіктінің пәтерінен екі тапанша, 197 мың доллар, дрон және SIM-карталар тәркіленген.

Күдікті шабуылшыны қамауға алу кезінде пәтерден екі тапанша, 197 мың доллар, дрон және SIM-карталар тәркіленген. Түрік полициясы ақшаны теракт жасағаны үшін Машариповке төлеген болу керек деп болжады.

Түркиялық Haberler басылымында жазылған ақпарат бойынша, стамбулдық терроризммен күрес қызметі тергеу кезінде Машариповтен Reina түнгі клубына не себепті шабуыл жасағанын сұраған сәтте, содыр: «Олар кәпір болғандықтан ол жерге шабуыл жасадым» деп жауап берген.

«РАККАДАН ТҮСКЕН БҰЙРЫҚ»

Ресми ақпарат бойынша, 34 жастағы Абдулкадыр Машарипов (лақап аты Әбу Мұхаммад Хурасони) Сирияның Ракка қаласындағы ИМ әмірінен телефон арқылы түнгі клубқа шабуыл жасау туралы бұйрық алғанын мойындаған. Тергеу кезінде Машарипов жаңа жыл түні стамбулдық «Таксим» алаңында шабуыл жасауды жоспарлағанын да растаған. Алаңда қауіпсіздік шаралары күшейтілгендіктен Reina түнгі клубына шабуыл жасаған.

«Reina шабуыл жасауға ыңғайлы орын болды, клубтың іші қандай екенін білмедім. Бұл туралы маған теракт жасауға бұйрық берген адамға хабарладым. Кейін Раккадағы әмір маған клубтың ішкі көрінісі бейнеленген видео жолдады. Оны бірнеше мәрте көрдім. Ішкі жоспарын зерттеп алған соң қаруымды, қолдан жасалған жарылғыш затты алып, Зейтинбурну ауданында шабуыл жасадым» деген Машарипов.

Түрік полициясы видеосуреттер Reina түнгі клубының әлеуметтік желідегі сайтынан алынған деп тұспалдайды.

Стамбулдағы Reina клубына шабуыл жасалған сәт түсірілген видеондан скриншот. 1 қаңтар 2017 жыл.
Стамбулдағы Reina клубына шабуыл жасалған сәт түсірілген видеондан скриншот. 1 қаңтар 2017 жыл.

«ӘЛ-ҚАИДАдан» ИМ-ге АУЫСҚАН ФЕРҒАНАЛЫҚ

Тергеу мәліметіне сәйкес, Машарипов Түркияға Ираннан 2016 жылдың қаңтар айында келіп, біраз уақыт Конья қаласында тұрған, кейін «Ислам мемлекетінің» содырларынан Стамбулда терракт жасау туралы бұйрық алған.

Түркиялық Anadolu ақпарат агенттігі Машариповтың Өзбекстанның Қоқан қаласынан алты жыл бұрын Ауғанстанға кеткенін хабарлады. Машарипов террорлық топқа мүше болып, Өзбекстандағы іздеу салынған тізімге енген.

БАҚ-тың хабарлауынша, Машарипов Ауғанстанда болған кезінде «Әл-Қаидадан» ИМ экстремистік ұйымына өту туралы шешім қабылдапты.

Жауап алу кезінде ол Стамбулға теракт жасауға келгендігін мойындады. Қолдан жасалған жарылғыш заты жарылмай қалғандықтан оқиға орнынан қашуға бел буған. Машарипов теракт жасарынан бұрын Стамбулдағы Малтепе ауданында тұратын әйелімен және екі баласымен қоштасқан. Бұл жерде содыр түнгі клубта өзін жарып жіберем деп дайындалған.

Reina клубына шабуыл жасалған кезде қаза тапқан адамның жақындары жылап тұр. Стамбул, 1 қаңтар 2017 жыл.
Reina клубына шабуыл жасалған кезде қаза тапқан адамның жақындары жылап тұр. Стамбул, 1 қаңтар 2017 жыл.

Қарулы шабуылдан соң Машарипов Раккадағы ИМ содырларымен байланысқа шыққан. Оның айтуынша, бұйрық берген әмір оның Түркиядан қашуына көмектесуге уәде берген. Машарипов ел аумағынан шығып үлгермей, Эсенюрт ауданында арнайы операция барысында ұсталды.

Қаңтардың 1-інде Reina түнгі клубына жасалған қарулы шабуылдан 39 адам қаза болып, 65 адам жараланды. Қайтыс болғандардың арасында сегіз мемлекеттің азаматы бар. Түнгі клубқа жасалған шабуылды ИМ діни ультра-радикалдар тобы мойнына алды. Исламшыл содырлар 2014 жылдың жазынан бері Сирия, Ирак пен Ливияның біраз аумағына бақылау орнатып, «шариғатқа сай халифат орнатамыз» деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG