Accessibility links

Иракта сотталған тәжік әйелдер балаларын еліне қайтаруға қарсы


Ирак сотындағы тәжік әйелдер. (Көрнекі сурет.)
Ирак сотындағы тәжік әйелдер. (Көрнекі сурет.)

Ирак түрмесінде жазасын өтеп жатқан тәжік әйелдерінің кейбірі кәмелетке толмаған балаларын отанына қайтарудан бас тартып отыр. Тәжікстанның Сауд Арабиясындағы дипломатиялық өкілдігінің мәліметінше, Ирактан Тәжікстанға қайтару мақсатында тіркеуге алынған 95 бала бар. Заң бойынша, оларды елге қайтаруға аналарының келісімі керек.

Кәмелетке толмаған балаларын Тәжікстанға қайтаруға қарсы болып отырғандардың бірі - 38 жастағы Хатлона Зебунисо қазір Ирак түрмесінде отыр. Өлім жазасына кесілген келіншектің Тәжікстандағы ата-анасы біршама уақыт бұрын қайтыс болған, ал жалғыз бауыры қарындасы мен жиендері туралы естігісі де келмейді.

Хатлона Зебунисо Иракқа 2015 жылы жұбайымен бірге барған. Иракта "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобына қосылған күйеуі бір жылдан кейін қаза тапқан. 2017 жылы Мосул қаласын ИМ тобынан азат еткен кезде Ирак билігі тәжік әйелін ұстап, кейін жауапқа тартқан. Хатлона Зебунисоға өлім жазасын тағайындау туралы үкім шығарған Ирак билігі оның кәмелетке толмаған балаларын отанына қайтаруға рұқсат еткен.

Наджаф қаласы маңындағы ауылда жергілікті тұрғынмен сөйлесіп тұрған сарбаздар. Ирак, 29 мамыр 2018 жыл.
Наджаф қаласы маңындағы ауылда жергілікті тұрғынмен сөйлесіп тұрған сарбаздар. Ирак, 29 мамыр 2018 жыл.

Зебунисоның бауыры қазір Ресейде жұмыс істеп жүр. Оның әйелі Сарвиноз Гуломова күйеуінің Иракқа кетіп, "отбасын ұятқа қалдырған" қарындасына өкпесі қара қазандай екенін айтады. Гуломованың сөзінше, Хатлона Зебунисоның балаларының тағдырына байланысты олармен ешкім сөйлеспеген.

"ТУЫСТАРЫ ОЛАРДАН СЫРТ АЙНАЛДЫ"

Тәжікстанның Кувейт пен Ирактағы елшісі Зубайдулло Зубайзода қаңтардың 21-і күні Азаттықтың Тәжік қызметіне (Озоди радиосы) берген сұхбатында Иракта сотталған 43 тәжік әйелдің 15-і балаларын отанына қайтаруға келісім бермей қойғанын хабарлады.

Зубайдулло Зубайдзода (сол жақта) Ирак сыртқы істер министрімен кездесіп отыр.
Зубайдулло Зубайдзода (сол жақта) Ирак сыртқы істер министрімен кездесіп отыр.

"Туыстары өздерінен сырт айналғандықтан көпшілігі "енді перзенттеріміз де ешкімге керексіз" деп санайды. Біз оларға балаларының далада қалмайтындығына кепілдік бердік, бірақ олар [балаларын елге қайтару туралы] ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартты" деді елші.

Оның сөзінше, Тәжікстан дипломаттары Ирак түрмесінде отырған тәжік әйелдермен байланысып, олардың балаларын қалай болғанда елге қайтаруға тырысып жатыр. "Бұл президенттің тапсырмасы, себебі ата-анасының теріс қылығы үшін балалары жауапты емес қой. Егер [Тәжікстандағы] туыстары бұл балаларды қабылдағысы келмесе, онда бұлар мемлекет қамқорлығында болады" дейді дипломат.

Иракта сотталған тәжікстандық әйелдер мен олардың балалары туралы тізім әлі толық емес, сондықтан олардың саны тағы көбеюі мүмкін. Бұған дейін Иракта ұсталған кейбір тәжікстандық әйелдер өздерін басқа елдің азаматтарымыз деп таныстырған.

"БАРЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАУҒА ӘЗІРМІЗ"

Душанбе тұрғыны Сабзагүл Камолованың Иракта сотталған қызы Зухро Ходжаева бес баласын отанына қайтаруға келісім берген. 2014 жылы Иракқа барған келіншек кейін ұсталған. Абақтыға қамалғаннан кейін әйел бесінші баласына босанған. Сабзагүл Камолованың сөзінше, Ирак түрмесінде отырған қызы оған телефон шалып, анасынан жиендеріңді қабылдайсың ба деп сұраған.

"Мен оған қуана-қуана қабылдаймын деп жауап бердім. Қызым бес баласы мен күйеуінің қаза тапқан туысының екі баласын қарап отыр. Біз жеті баланың барлығын қабылдауға әзір екенімізді айттық. Қазір солар келеді деп дайындалып жатырмыз" деді Сабзагүл Камолова.

Базарда күнбағыс дәнегін сатып нәпақа табатын Сабзагүл Камолова балаларды бағып-қағуға шамасы келетінін айтады. "Азамат соғысы жылдары балаларымызды асырап, киіндіріп, өсірдік. Қазіргі бейбіт заманда ондай қолымыздан келмей ме?" дейді ол. Камолова кейін қызымды да отанына қайтарып алармын деп үміттенеді.

Зубайдулло Зубайдзоданың айтуынша, ресми Душанбе Бағдаттан Иракта сотталған тәжікстандық әйелдерге рақымшылық жасауды сұраған. Елші қазір Ирак түрмесінде отырған тәжік әйелдердің көпшілігі ол елге алдаудың жетегімен немесе "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы жайлы ештеңе білмей барған деп санайды.

Бұған дейін Тәжікстан билігі тәжікстандық әйелдердің көбі Ирак пен Сирияға күйеулерінің мәжбүрлеуімен барған деп хабарлаған. Ресми мәлімет бойынша, Таяу Шығыс елдерінде 400-ден астам тәжік әйелі мен балалар болған.

Сирия мен Ирактың көп қаласын ИМ тобынан азат еткеннен кейін ұсталған әйелдер мен балалар қазір Ирак түрмелері мен БҰҰ-ның Сириядағы лагерінде отыр. Осы елдердегі соғысқа Тәжікстаннан барып қатысқан 1900-ға жуық адамның көбінің тағдыры әлі күнге белгісіз.

(Азаттықтың Тәжік қызметінің (Озоди радиосы) мақаласынан аударылды.)


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG