Accessibility links

"Бидай кебегін талғажау қылдық". Сириядан оралған әйелдің хикаясы


Сирияда экстремистік топтан азат етілген аймақтағы әскериге ілесіп келе жатқан әйел мен бала. Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласының тумасы Ажар (есімі өзгертілді) биыл мамырда "Жусан" операциясы аясында Сириядан оралды. Күйеуі сол жақта қаза тапқан. Қазір төрт баласымен Ақтөбеде тұрып жатыр. Жесір қалған әйел Азаттыққа Сирияда төрт жылда көрген қиындықтары жайлы айтып берді.

"КҮЙЕУІМДІ ҚИМАЙ, АМАЛСЫЗ БАРДЫМ"

27 жастағы Ажардың екі ұлы Қазақстанда, екі баласы Сирияда дүниеге келген. Қазақстанда туған екі ұлы: сегіз жасар тұңғышы – бірінші сыныпта, алты жасар ұлы дайындық сыныбында оқиды. Сирияда өмірге келген екі баласы мектеп жасына толмаған. Бірақ олар әзірге балабақшаға бармаған, шешелерінің жанында.

2015 жылы сәуір айында Ажар күйеуімен бірге Сирияға аттанғанда үшінші ұлына жүкті болған. Келіншектің айтуынша, күйеуі "Сирияда халифат құрылса, әлемде әділдік орнайды" деп сенген. Ажардың өзі "Сирияға мүлде барғым келмеді, күйеуімді қимай, соңынан амалсыз ілестім" дейді.

- Сирияға бара жатқанымызды ешкім білген жоқ. Күйеуімнің туыстарына да, төркініме де артынан айттық. Енем "сендерді қаңғытып, өзі босқа өліп қалды" деп әлі күнге дейін баласына ренжиді, - дейді ол.

Үйлерін құлыптап, Алматыдан Анталияға (Түркия) ұшқан жас отбасы одан әрі Стамбулда бірнеше күн аялдап, Түркияның оңтүстігіндегі Газиантеп қаласынан бір-ақ шыққан.

- Күйеуім Ақтөбе облысындағы мұнай компанияларының бірінде оператор болып істеді. Сирияға аттанар алдында ол кезекті еңбек демалысына шыққан болатын. Демалыс ақысы Түркия мен Сирия шекарасына дейін жетті. Жолбастаушылар көмегімен шекараны заңсыз кесіп өттік. Бізге Газиантепте қосылған ұйғырлар шекарадан өтер кезде ұсталып қалды. Есімде қалғаны – сол топта аяғы ауыр бір әйел бар еді, - дейді Ажар.

Экстремистерден азат етілген Ракка қаласы. Сирия, 18 қазан 2017 жыл.
Экстремистерден азат етілген Ракка қаласы. Сирия, 18 қазан 2017 жыл.

Ұзақ жол жүріп, екі баласымен Сирияның Ракка қаласына жеткен отбасын "ешкім құшақ жая қарсы алмаған".

- Күйеуім ешкімнің шақыртуынсыз, өз бетімен жол тауып барғандықтан алғашында оған күмәнмен қарағандар көп болды, – дейді ол.

Ажардың сөзінше, Сирияға барған соң көп ұзамай күйеуі террористік ұйымға қосылған. Кейін ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған, өздерін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремистік топтың араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы - ред.) лидері Әбу Бәкір әл-Бағдадиге сырттай "серт" беріп, күйеулері соғыста жүрген әйелдерге азық-түлік, керек-жарағын жеткізуші болып орналасқан.

"ӨЛІП ҚАЛСАМ, АТА-АНАМНАН ЖАСЫРМА"

Күйеуі 2017 жылы тамыз айында 27 жасында Сирияда қаза болған кезде Ажар төртінші ұлына жүкті екен.

- Әскери дайындықтан өткен соң күйеуім Мадан деген қалаға кеткен болатын. Сол жақта (экстремистерді) азық-түлік, керек-жарақпен жабдықтаушы болып жүрді. Естуімше, қасындағылар гранатометпен атқанда ол арт жақтан келіп қалған. Реактивті снаряд толқынынан қатты соққы алып, сол жерде қаза тапқан. Маған күйеуімнің қазасын естіртушілер фото, видео айғақтарды көрсетті. Ол көзі тірісінде "өліп қалсам, ата-анамнан жасырма" дейтін. Сол аманатын орындап, күйеуімнің қаза болғанын, құрсағымда алты айлық сәби барын елге хабарладым, – дейді жесір әйел.

ДАИШ экстремистік тобының қол астында болған әйелдер мен балалар. Сирия, 14 наурыз 2019 жыл.
ДАИШ экстремистік тобының қол астында болған әйелдер мен балалар. Сирия, 14 наурыз 2019 жыл.

Ажардың күйеуі әйелінің колледждегі оқуын жалғастыруына, жұмыс істеуіне қарсы болған. Ақтөбедегі колледждердің бірінде оқып жүріп тұрмысқа шыққан Ажардың қазір мамандығы да, тұрақты табысы да жоқ. Төрт жыл өмірі Сирияда өтсе де, Ажар өзін "террористік ұйымға мүше болдым" деп санамайды.

СИРИЯДАҒЫ ЖЕСІР ТАУҚЫМЕТІ

Сириядан оралған ақтөбелік әйелдер әлі де араласып тұрады. Ажар Сирияда күйеуі өліп, төрт ұлымен жалғыз қалып қиналған кезде тағдыры бір басқа әйелдер қолдау көрсеткенін айтады. Әсіресе Наз есімді құрбысын ерекше ілтипатпен атайды.

Таяу Шығыстағы соғыс аймағына кеткен қазақстандықтар

2018 жылы шілдеде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттыққа Таяу Шығыста соғыс басталғаннан бері Сирия мен Иракқа Қазақстанның 800-гу жуық азаматы кеткені туралы ақпарат берген. ҰҚК дерегінше, Сирия мен Иракта халықаралық террористік ұйымдардың қол астындағы аумақта 120 қазақстандық ер азамат, 250-ден астам әйел және 500 кәмелеттік жасқа толмаған бала болған. Ресми ақпарат бойынша, "Жусан" арнайы гуманитарлық операциясы аясында 2019 жылы Сириядан 516 адам, оның ішінде 360 бала елге жеткізілген. Бұған дейін билік Сириядан оралғандар арнайы бейімдеу орталықтарына уақытша орналастырылғаны туралы хабарлаған. Сириядан эвакуацияланған кей ерлер мен әйелдердің үстінен қылмыстық іс қозғалған.

- Ол жақта бір күндік өміріңді сүрсең болғаны. Ұйқыдан "Балаларға не беремін?" деп оянатынмын. Кейде саңырауқұлақ теріп, тамақ іздеп үйден шығып кеткенімде "Балаларыма бомба түскен жоқ пе екен?" деп зәрем қалмайтын. Құрбым Наз ертең өз балаларына беретін ештеңе болмаса да, бүгін тапқанын бізге бөліп беріп отырды. Күн сайын бомба жарылып жатқан жер ғой... Ұйқымнан оянбай қалсам, ұлдарымның күні не болады деп уайымдайтынмын. Сириядағы қазақ жамағатының Дәуіт, Әбу Файза деген "әмірлері" болған. Сол Әбу Файзаның бұрынғы әйелі Айжаннан да көп қолдау көрдім. Дәуіт пен Әбу Файза Шымкент жақтың тумасы еді, - деп еске алады Ажар.

Төрт баласымен жесір қалған әйел Ракка қоршауға түскеннен кейін жұртпен бірге бас сауғалап жүріп, бірнеше елдімекенге аялдағанын айтады. Соңғы тұрағы Сирияның шығысындағы Әл-Багуз қаласы болған.

- Әл-Багузды жиі бомбалайтын болған соң жаяу-жалпылап Ефрат өзенінің аңғарына қарай ығыса бастадық. 2019 жылы наурыз айына дейін жарты жыл бойы ашық аспан астында түнедік. Сирияда қыс болмайды, бірақ суығы сүйектен өтетін. Тамақ та, отын да жоқ. Балаларым тоңбасын деп киімдерімді, сөмкелерімді жақтым. Өзен жағалауынан қамыс теріп, сонымен амалдап ас пісіретінбіз. Ас болғанда, ұнды қуырып, балаларға быламық жасап беріп жүрдім. Бидай кебегін талғажау қылдық, - дейді Ажар.

2019 жылдың көктемінде күрд жасақтары Багуздан әйелдер мен балаларды шығара бастаған. Ажардың айтуынша, бір күнде 80 шақты жүк көлігі келіп, аштықтан өлімші күйге жеткен адамдарды тиеп әкеткен. Жолай жүк көлігі қайта-қайта бұзылған. Сөйтіп Ажар балаларымен Сирияның Әл-Хасака провинциясындағы Әл-Холл лагеріне төрт күн жол жүріп, зорға жеткен.

- Босқындар лагеріндегі өміріміз де оңай болған жоқ. Күндіз аптап ыстық. Түнге қарай балалардың қауіпсіздігін ойлап, көз ілмей шығасың. Күрдтер шатырымызды пышақпен тіліп, іске асатын бұйымдарымызды тартып әкететін. Қорғану үшін қасымызға таяқ, темір алып жататынбыз. Әйелдер өздерін қорғау үшін кезектесіп, түнгі күзетке де шығатын, - дейді ол.

АЖАРДЫҢ ҚАЗІРГІ ӨМІРІ

2019 жылы мамырда "Жусан" операциясы аясында Қазақстанға оралған Ажар қазір балаларымен бірге Сирияға кетерде құлыптап кеткен өз үйінде тұрып жатыр. Ата-енесі жұмыссыз келіні мен төрт немересінің ас-суы, киім-кешегін әзірге өз мойнына алған. Ажар Қазақстанда туған екі ұлының құжаттарын "Шанс" оңалту орталығы қалыпқа келтіріп бергенін айтады. Сирияда туған екі ұлының құжаттарын да жуырда аламын деп күтіп отыр.

Ажарды қазір Сирияда жиі ауырып, оң құлағы естімей қалған тұңғышының жайы қатты алаңдатады. Одан кейінгі екі ұлының бойында бомба жарықшақтарынан қалған жарақаттары бар. Құжаттарын реттеп алған соң оларды да емдетпек ойы бар. Ата-әжесі мен нағашыларына еркелеп өсіп жатқан төрт ұл Сирия жайлы әңгімелерді аса ұнатпайды. Ондағы өмірін Ажардың өзі де тезірек ұмытқысы келеді.

Сириядан оралған ақтөбелік келіншек (орамал байлаған) оңалту орталығында психологпен сөйлесіп отыр. Ақтобе, 30 шілде 2019 жыл.
Сириядан оралған ақтөбелік келіншек (орамал байлаған) оңалту орталығында психологпен сөйлесіп отыр. Ақтобе, 30 шілде 2019 жыл.

Ал бес айдан бері Сириядан оралған ақтөбеліктердің оңалту шарасымен айналысып отырған теолог Төлеген Талдыбаевтың айтуынша, Сириядан оралғандар арасында Ажар сияқты жеке баспанасы барлар аз. Көпшілігі төркін жұртында, бірең-сараң әйел ата-енесімен бірге тұрып жатыр.

- Ресми тұрғыдан қарасақ, Сириядан оралған әйелдердің барлығы – халықаралық террористік ұйымға мүше болғандар. Бірақ мынаны ескерген жөн, ол жақта әйел атаулының бәріне тауар деп қараған. Күйеуі Әбу Бәкір әл Бағдадиге "серт" етсе, ол әйелінің де "серті" болып саналған. Ал шын мәнінде Сирияда болған қазақстандықтардың ешқайсысы ДАИШ лидері Әбу Бәкір әл-Бағдадиді өз көзімен көрмеген, - дейді теолог маман.

Қазір Ақтөбедегі оңалту орталығында Сириядан оралғандарды ДАИШ идеологиясынан арылту үшін сабақтар өтеді.

- Олардың ойы басқа жақта. Тұрмыс тауқыметімен басы қатып отырады. Мысалы, біреуі енесімен бірге тұрады. Күйеуі Сирияда қаза болған. Енесі келінін аса жақсы көріп те отырмаған болар, бірақ немерелері үшін шыдаған кейіп танытады. Бір сөзбен айтқанда, отбасындағы ахуал онша емес. Ұсақ-түйек болып көрінетін осындай жайттар оңалту жұмыстарына кәдімгідей кедергі, - дейді теолог Төлеген Талдыбаев.

Оңалту орталығының дерегінше, 2019 жылы мамыр айында "Жусан" операциясы аясында Сириядан Ақтөбеге 12 әйел, 27 бала оралған. Талдыбаевтың айтуынша, солардың бірін туыстары "бізді қарабет қылдың" деп мүлдем қабылдамай қойған. Қазір ол әйел балаларымен бірге жергілікті билік демеушілер қаржысына жалдап берген уақытша пәтерде тұрып жатыр.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. 1975 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG