Accessibility links

«Полицияға бағынбады» деген айып наразыларды жазалаудың жаңа тәсілі ме?


"Полицияға күш қолданды" деп айыпталып, жазаланған Ақтөбе тұрғыны Қарлығаш Асанова сотта тұр. 25 қазан 2019 жыл.

Қазақстанда соңғы бірнеше айда билікке қарсы митингіге қатысқаны үшін я наразылық шарасы өткен жерде болғаны үшін ұсталған ондаған адам «полиция талабына бағынбады» деп айыпталды. Олардың бірқатарына полицейлерге қарсы «күш қолданды» деген айып тағылды. Құқық қорғаушылар билік мұндай айыптаулар арқылы «қоғамды қорқытып», үкіметті сынаушылардың аузын жабуға талпынып отырғанын айтады.

«БАҒЫНБАУ» ҺӘМ «КҮШ ҚОЛДАНУ»

Былтыр және биыл рұқсат етілмеген митингілерге қатысқаны үшін бірнеше рет ұсталған ақтөбелік белсенді Әлібек Молдин Әкімшілік кодекс бойынша жазаланып, 15 тәулікке қамалды. Сот белсендіге «Қазақстандағы Қытай жобаларына» қарсы рұқсат етілмеген наразылық шарасына қатысқаны үшін бес тәулік, полицей талабына «бағынбағаны» үшін он тәулік жаза кесті. Молдиннің әйелі күйеуіне қарсы іс қозғауға негіз жоқ деп есептейді. Ол 7 қарашада үйден қызын мектепке апаруға шыққан күйеуінің жоғалып кеткенін айтады. Сол күні кешке сот Молдинді қамау туралы қаулы шығарған.

– Күйеуіме төрт адам жабылып, көлікке салған. Біз басында бұл туралы білген жоқпыз. Біраз уақыт өткен соң, уайымдай бастадым. Мектепке бардым, ауруханалар мен полицияға хабарластым. Полиция «Күйеуіңіз Заводский полиция бөлімшесінде, сәлден кейін оны әкімшілік сотқа апарады» деді. Оған тағылған «полицияға бағынбады» деген айып — барып тұрған өтірік, - дейді болған жайды кейін күйеуінен білген Жадыра Нұрманова.

Әлібек Молдин.
Әлібек Молдин.

Сот өткен айда Әлібек Молдиннің жерлесі, рұқсат етілмеген митингіде «көзге түскен» Қарлығаш Асанованы да полиция қызметкеріне «күш қолданды» деп айыптап, бір жарым жылға бас бостандығын шектеді. Асанова – 9 маусым, кезектен тыс президент сайлауы күні болған билікке қарсы митингіге шыққаны үшін ұсталған мыңдаған адамның бірі (наразылық қатысушылары сайлауды әділетсіз деп тауып, бойкот жариялауға шақырған. Сайлауда 79 жастағы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев таңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз деп танылған).

Іс материалдарына сәйкес, Асанова ұсталғандарды көлікке күштеп салып жатқанда полиция қызметкерінің оң жамбасына ине сұғып алған. Іс материалдарына заттай дерек ретінде полиция қызметкерінің іш киімі мен ине қосылған.

Қарлығаш Асанова сотта 9 маусымдағы митингіге қатысқанын растағанымен, қолында ине болмағанын және полиция қызметкеріне қарсы әрекет жасамағанын айтты.

— Мен шынымен «Шал кет!», «Назарбаев, кет!» деген ұран сөздер айттым. Бірақ полиция қызметкерінің жамбасына ине сұққан жоқпын. Керісінше, олар менің құқығымды бұзды. Полиция бөлімшесінде 12 сағат ұстады, психологиялық қысым көрсетті. Осы уақыт ішінде ас-су берген жоқ, дәретханаға жібермеді. Өздері толтырған хаттамаға қол қоюға мәжбүрлеп, қызымды оқуынан шығарамыз деп қорқытты, — деді осыған дейін рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін екі рет айыппұлға кесілген Асанова.

Видео: 9 маусымда полиция адамдарды қалай ұстады?

"Аяғынан ұста!". Полиция жүздеген адамды бөлімшеге әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:05 0:00

Полиция қызметкері Бақытбек Сыдықбаев аталған іс бойынша өткен сот отырысына қатысқан жоқ. Сот үкімі оқылардан бұрын ол видеобайланыспен қосылып, өзіне айыпталушының ине сұққанын айтты. Сот отырысында Сыдықбаевтың қызмет бабымен басқа өңірге ауысқаны (ақпарат бойынша, оның шені өскен) айтылды. Болған оқиғаны дәлелдейтін видео көрсетілген жоқ.

Алматыда тұратын құқық қорғаушы, адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның қызметкері Денис Дживага билік бейбіт митинг қатысушыларын «құқық қорғау қызметкерлеріне бағынбады, оларға қарсы күш қолданды» деп айыптау арқылы ұсталғандарды құқықтық тұрғыдан шарасыз күйде қалдыратынын айтады.

– Полиция қызметкерлері наразылыққа шыққандарға өздері немесе белгісіз адамдар арқылы жиі арандату ұйымдастырады. Адам өзіне қарсы арандату жасалатынына дайын болмаса, ол мұндай әрекеттің алдында шарасыз күйде қалады. Өйткені оның өзін қорғау мақсатындағы кез келген әрекеті полицияға бағынбау, қарсылық көрсету, тіпті шабуыл ұйымдастыру деп бағалануы мүмкін, - дейді Денис Дживага.

АЙМАҚТАҒЫ ЖАҒДАЙ

Орган қызметкерлеріне «бағынбады» деген айыппен соңғы бірнеше айда Қазақстанда билікке қарсы наразылық шараларына қатысқан немесе митинг өткен жерде болған ондаған адам жауапкершілікке тартылған.

Қазір Оралда бірнеше рет наразылық пен бір адамдық пикетке шыққан жергілікті тұрғын Әлия Абулхаированың соты жүріп жатыр. Ол да полицияға «бағынбады» деп айыпталған.

— Оқиға қазанның 18-і күні болды. Таңертең жұмысқа бара жатқанымда, артымнан бірнеше адам шабуыл жасап, жерге құлатты. Жұрт назар аударсын деп айқайлап, көмекке шақыра бастадым. Қылмыскерлер екен деп ойладым. Полиция формасын киген адамдар өздерімен бірге полиция бөлімшесіне жүруімді талап етті. Өздерін таныстырып, құжаттарын көрсетіп, шақырту беруін сұрадым. Олар өтінішімді орындамастан, мені бір жаққа сүйрей жөнелді. Қарсылық таныттым. Бәрібір алып кетті. Полиция бөлімшесіне жеткенде ғана олардың полицейлер екенін білдім, — дейді Әлия Абулхаирова.

Оның айтуынша, полиция түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, биліктің рұқсатынсыз өткен наразылық акцияларына қатысқаны үшін жауапкершілік барын ескерткен. Полиция «Абулхаирова тергеушінің тапсырмасымен бөлімшеге жеткізу кезінде» полицейлерге қарсылық көрсеткен» деп есептейді.

Алматыда қыркүйектің 21-і күні митинг өтеді деп белгіленген жерде «полиция талабына бағынбады» деген айыппен ұсталған ондаған адамның ішінде Болат Смағұлов та болған. Сот оны қыркүйек айында төрт күнге қамаған. Смағұлов сотта өзіне тағылған айыпты «негізгіз» деді. Айтуынша, «полиция оны ұстап жатқанда біреу оны арқасынан итеріп жіберген, осы сәт полицияға қарсылық танытып жатқандай көрініп қалған». Дәл осы акциядан кейін ұсталған тағы бір алматылық Болат Имашевқа сот полицияның «заңды бұйрығы мен талабына бағынбады» деп ескерту берді. Имашев өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

"Полицияға бағынбады" деп айыпталған Болат Смағұлов сот залында. Алматы, 27 қыркүйек 2019 жыл.
"Полицияға бағынбады" деп айыпталған Болат Смағұлов сот залында. Алматы, 27 қыркүйек 2019 жыл.

Тамыз айында Нұр-Сұлтанда «ақылға сыймайтын лозунгтар» жазылған плакаттар ұстап, монстрация-акция өткізбек болған ондаған жас ұсталды. Наразылық шарасы өтпей қалды. Ұсталғандар полиция бөлімшеде Әкімшілік кодекстің 443-бабы (“Қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысатын тұлғаның заңды талабына бағынбау”) бойынша хаттама толтырғанын айтты.

Маусым айында Оралда өңірлік «Уральская неделя» басылымының журналисі Лұкпан Ахмедьяровқа айыппұл салынды. Сот оны «полиция талабына бағынбаған» деп тапты. 12 маусымда Қазақстанда өткен президент сайлауының қорытындысына қарсы наразылық шарасы өтеді деп жоспарланған жерден хабар таратып жүрген Ахмедьяровты полиция ұстап, бөлімшеде үш сағаттан көп ұстаған. Журналист «полиция ұстауды қолдан ұйымдастырды» деп есептейді.

Лұқпан Ахмедьяров.
Лұқпан Ахмедьяров.

Полицейлер журналиске «тергеушінің айтқанын орындамай, департаментке барудан бас тартқаны үшін бөлімшеге жеткізілгенін» айтқан. Сотта бір полицей Ахмедьяров өзін аяғынан шалғанын, екінші бір қызметкер ұстау шарасы кезінде иығымен бас киімін қағып түсіргенін хабарлады. Сотта көрсетілген видеода полиция сөзіне дәлел болатындай жайт байқалмады.

БЕЛСЕНДІЛЕРДІ «ҚОРҚЫТУ»

Қазақстанмен көршілес Ресейде өткен билікке қарсы митинг қатысушыларына да құқық қорғау органы қызметкерлеріне қарсылық көрсету айыбы тағылған. Жазда Мәскеуде қалалық дума сайлауына оппозициялық және тәуелсіз кандидаттарды қатыстырмағаны үшін басталған наразылық шарасынан кейін бірнеше адам «билік өкіліне қарсы күш қолданғаны үшін» түрмеге жабылған. Бір наразыға «полиция қызметкеріне қарсы пластик бөтелке лақтырды», екінші адамға «Росгвардия жауынгерінің иығын шығарды», үшінші қатысушыға «полиция қызметкерін қолынан тартты», тағы біреуге «орган өкілін итеріп жіберді» деген айып тағылған.

Құқық қорғаушылар ұсталғандарды «саяси тұтқындар» деп таныды. Белгілі мәдениет қайраткерлері, актерлар мен педагогтар оларды босатуды талап ете бастады. Қоғамдық резонанстың соң бірнеше сот үкімі қайта қаралды. Мәселен, актер Павел Устиновтің түрме жазасы шартты жазаға ауыстырылды. Ал Мәскеудегі наразылық шараларында жұртты күшпен таратқан полиция қызметкерлері жауапкершілікке тартылған жоқ. Тергеу комитеті күш құрылымдарының қолынан жапа шеккенін айтқан адамдардың шағымы бойынша тексеру жүргізуден бас тартты.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның қызметкері Андрей Свиридов Қазақстан мен Ресей билігінің әрекетінде ұқсас тұстар көп екенін айтады.

– Полицияның бейбіт митингілердің белсенді қатысушыларын қорқытқысы келгені түсінікті. Қазақстанда полиция Ресейдің үлгісімен адамдарға қарсы «полицияға бағынбау, күш қолдану» айыптарын пайдаланып жатыр. Қазақстандық полиция мәскеулік әріптестерінен үйреніп жүр деуге болады. Екі елдегі сайлау (Қазақстанда – президенттік, Ресейде – өңірлік) науқандарының арасында да ұқсастық байқалады. Қазақстанда соңғы жарты жылда Қытайға қарсы наразылық та басталды. Айырмашылық – наразылықтың көлемінде ғана. Мәскеуде жүз мыңдаған адам наразылыққа шықты. Бізде әзірге бұл мүмкін емес. Наразылар санын салыстыруға келмейді, - дейді құқық қорғаушы Андрей Свиридов.

Арнайы жасақ рұқсат етілмеген митингіге келгендердің бірін ұстап жатыр. Алматы, 21 қыркүйек 2019 жыл.
Арнайы жасақ рұқсат етілмеген митингіге келгендердің бірін ұстап жатыр. Алматы, 21 қыркүйек 2019 жыл.

«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина биыл наурыз айында Тоқаев президенттікке келгелі, Қазақстан билігі «демократияға бетбұрыс» жасалғанын көрсетуге тырысқанын айтады. Оның пікірінше, мұны 1 мамырдағы Алматы мен Нұр-Сұлтанда өткен митинг қатысушыларының үш сағат бойы үкіметке қарсы ұрандар айтып, сайлауға бойкот жариялауға шақыруынан байқауға болады (бұл күні бейбіт жиын қатысушылары әдеттегідей наразылық басталмай тұрып ұсталған жоқ. Бірер сағаттан соң полиция наразылардан бірнеше рет тарауды сұрады, кейін тыңдамағандарды ұстай бастады).

– Кейіннен бәрі бұрынғы қалпына келіп қана қойған жоқ, одан да нашар күйге түсті. Билік әсіресе, маусымда болған президент сайлауы кезінде наразылық көлемін көріп, қорқып қалған сияқты. Сондықтан наразылық акциясы қатысушыларын бұрын да қорқытып келген құқық қорғау органдарының қазір Әкімшілік кодекстен бөлек, Қылмыстық кодекс аясында айып тағып, қорқыта бастағаны таңқалдырмайды. Мақсат – қоғамды бұрынғыдан қатты қорқытып, белсенділерді ірі айыппұлдардан бастап, әкімшілік қамау, бас бостандығынан айыруға дейінгі әртүрлі жазалардың көмегімен бағытынан жаңылдыру, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Биыл наурыз айында президент қызметіне кірісіп, маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауының жеңімпазы деп жарияланған Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформа жүргізуге бірнеше рет уәде берген. Ол «полицияның мемлекеттің күш құрылымы есебіндегі образы өткеннің еншісінде қалып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органға айналады» деген.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Тоқаевтың уәде еткен реформалар жүзеге аспағанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG