Accessibility links

Сот "полицейге ине сұқты" деп айыпталған белсендінің бостандығын шектеді


Белсенді Қарлығаш Асанова (оң жақта) және оның адвокаты Сейсембай Ділманов сотта. Ақтөбе, 25 қазан 2019 жыл.
Белсенді Қарлығаш Асанова (оң жақта) және оның адвокаты Сейсембай Ділманов сотта. Ақтөбе, 25 қазан 2019 жыл.

25 қазан күні Ақтөбе қалалық соты "билік өкіліне күш көрсетті" деп айыпталған жергілікті белсенді Қарлығаш Асанованың бас бостандығын бір жыл алты айға шектеді. Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамады. Асанованың айтуынша, маусым айынан бері оның үстінен "азаматтық позициясы үшін" екі рет әкімшілік, бір рет қылмыстық іс қозғалған.

Қылмыстық іс бойынша тергеу материалдарына қарағанда, "2019 жылы 9 маусым күні Ақтөбе облысы әкімдігінің алдындағы алаңға ондаған адам жиналып, заңсыз митингі өткізген. Наразылық білдірушілердің арасында айыпталушы Қарлығаш Асанова да болған. Арнайы жасақ наразыларды көлікке тией бастағанда Қарлығаш Асанова полиция майоры Бақытбек Сыдықбаевтың ту сыртынан келіп, жамбасына ине тығып алған".

Прокурор Жұлдыз Жетпісбаеваның сөзінше, сот-медициналық сараптамасы жәбірленуші полицейдің жамбасына ине кіргенін растаған. Асановаға Қылмыстық кодекстің 380-бабы 1-бөлімімен айып ("Билік өкіліне күш қолдану") таққан прокурор соттан оны бір жыл алты айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Белсенді Қарлығаш Асанова жұма, 25 қазан күні сот алдында соңғы сөзін айтты. Асанова кезектен тыс президент сайлауына наразылық білдіріп, 9 маусым күні Ақтөбе облысы әкімдігі алдындағы алаңға барғанын жоққа шығармады.

- Митингіде "Шал,кет!", "Назарбаев,кет!" деп ұрандатқаным рас.Бірақ мен полицейдің жамбасына ине тыққаным жоқ. Керісінше, олар менің құқымды бұзды. Учаскеде 12 сағат ұстап, психологиялық қысым көрсетті. Осы аралықта ас-су ішпегенім өз алдына, әжетханаға да жібермей қойды. Өздері толтырған протоколдарға қол қоюға мәжбүрлеп, қызымды оқудан шығартамыз деп қорқытты, - деді Қарлығаш Асанова.

Ертесіне 10 маусым күні "заңсыз митингіге қатысты" деген айыппен Асанованың үстінен әкімшілік іс қозғалған. Әкімшілік сот 50500 теңге айыппұл салған. Асанова "бір митингі үшін осымен екінші рет істі болып отырмын" деп санайды.

Ақтөбе облыстық соты Қарлығаш Асанова әкімшілік жауапқа биыл қыркүйек айында екінші мәрте тартылғанын хабарлады. Соттың мәліметінше, "Асанова 29 қыркүйек күні кешкілік Facebook жеке парақшасынан тікелей эфирге шығып, ақтөбеліктерді заңсыз митингіге шақырған. Сол үшін әкімшілік сот Қарлығаш Асановаға 126 250 теңге айыппұл салған".

Жәбірленуші Бақытбек Сыдықбаев 24 қазан күнгі сот отырысына Skype көмегімен қатысып, судья Ербол Әбдіхалықовтың сауалдарына жауап берді. Қызмет бабымен Қазақстанның өзге өңіріне қоныс аударған Сыдықбаевтың шені қазір подполковник. Бақытбек Сыдықбаев "митингі кезінде оң жамбасына ине тығып алған" Асанованы бірден танығанын айтты.

Асанованың адвокаты Сейсембай Ділманов жәбірленуші Сыдықбаевтың жауабына күмәнмен қарайды. "Сыдықбаев - тәжірибелі заңгер. Тергеу процедурасының тәртібін білуі тиіс. Сот алдында қарапайым сауалдарға жауап бере алмай, шатасып тұрды" дейді адвокат.

Сот үкімі жарияланғаннан кейін де Қарлығаш Асанова өзінің жазықсыз екенін айтумен болды. Судья Ербол Әбдіхалықовтың сөзінше, сот үкім шығарғанда Асанованың мінездемесі жақсы болғанын, 18 жастағы студенттің жалғыз асыраушысы екенін ескеріп, түрме жазасын бермеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG