Accessibility links

"Биліктің дайындығы". Жоспарланған митинг пен съезд алдында белсенділер ұсталды


Белсенді Асхат Жексебаев азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын қамтамасыз етуді талап етіп, Алматы қаласы әкімдігінің алдында жалғыз адам пикетін өткізіп тұр. 14 ақпан 2020 жыл.

Қазақстанда соңғы күндері жиырмадан аса белсенді түрлі айыппен ұсталып, жазаға тартылды. Құқық қорғаушылар мұны алдағы сенбіге жоспарланған наразылық шарасына "биліктің дайындығына" балайды. Бұдан бөлек, әлі тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" жақтаушылары 22 ақпанда Алматыда жоспарланған құрылтай съезі алдында өздеріне кедергі көбейгенін айтады.

МИТИНГ АЛДЫНДАҒЫ ЖАППАЙ ЖАЗАЛАУ

Ақпанның 17-і күні Алматыда полиция "саяси тұтқындарға бостандық" талап етіп жалғыз адам пикетіне шыққан қала тұрғыны Бақдәулет Әлібековті ұстап, сотқа жеткізді. Көп ұзамай Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Әлібековті "Бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деген айыппен 15 тәулікке қамады.

Белсенді Бақдәулет Әлібеков. Алматы, 10 желтоқсан 2019 жыл.
Белсенді Бақдәулет Әлібеков. Алматы, 10 желтоқсан 2019 жыл.

- Алматы-1 темір жол вокзалында 13 күн бойы [бір адамдық пикетке] шықтым. Саяси тұтқындарға бостандық талап еттім. Егер бұл ісім заңсыз болса, неге бірінші күні-ақ келіп алып кетпеді? Билік ақпанның 22-іне жоспарланған митингіден қорқып, белсенділерді қамап жатқаны айдан анық, - деді осыған дейін екі рет осы баппен жазаланған белсенді (былтыр желтоқсанның 10-ы күні сот оған 50 мың теңге айыппұл салған, биыл қаңтардың 8-і күні 15 тәулікке қамалып шыққан).

Қазақстан билігін сынаушы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (ҚДТ) жұртты ақпанның 22-і күні билікке қарсы митингіге шақырған. 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған. Осыдан кейін қозғалысты қолдайтын ондаған адам "тыйым салынған ұйым қызметіне араласты" деп айыпталған. Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Белсенді Ерік Жұмабаев (оң жақта) жалғыз адам пикетін өткізіп отыр. Орал, 17 қаңтар 2020 жыл.
Белсенді Ерік Жұмабаев (оң жақта) жалғыз адам пикетін өткізіп отыр. Орал, 17 қаңтар 2020 жыл.

Белсенді Бақдәулет Әлібековті сотта қорғаған адвокат Жанар Балғабаева судья заңсыз шешім шығарды дейді.

- Жалғыз адам пикеті "Бейбіт митинг өткізу тәртібі туралы" заңмен реттелмейді, яғни бұл заңның аясына жатпайды. Біз апелляция шағымын береміз, - деді қорғаушы.

Адвокат Балғабаева кейінгі бірнеше күнде әкімшілік жазаға тартылған төрт адамды сотта қорғағанын айтады. Оның есебінше, Алматыда "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деген айыппен кемінде "16 адам жауапқа тартылған".

  • Дархан Уәлиев – 13 ақпанда 15 тәулікке қамалды.
  • Қайырбек Кенжеахметов – 13 ақпанда 15 тәулікке қамалды.
  • Асхат Жексебаев – 14 ақпанда 15 тәулікке қамалды.
  • Марат Айтпаев – 14 ақпанда 15 тәулікке қамалды.
  • Альберт Жылқайдаров – 14 ақпанда 15 тәулікке қамалды.
  • Бекбосын Пердебайұлы – 14 ақпанда 10 тәулікке қамалды.
  • Нұршат Низамбинов – 14 ақпанда 9 тәулікке қамалды.
  • Сәкен Оразовқа 14 ақпанда ескерту берілді. Прокуратура "қамауға алуды" талап етіп, апелляцияға берген.
  • Шалқар Тасыбеков – 15 ақпанда 15 тәулікке қамалды.
  • Мүслім Сапарғалиев – 15 ақпанда 15 тәулікке қамалды.
  • Бақдәулет Әлібеков – 17 ақпанда 15 тәулікке қамалды.
  • Мейірхан Абдуманапов – 17 ақпанда 15 тәулікке қамалды.

Азаттық тілшісі бұл адамдарға шыққан сот шешімдерін сот базасынан да тапты. Белсенділердің көбі Алматыда қаңтардың соңы мен ақпанның басында билікке түрлі талап айтқан наразылық шараларына қатысқан. Бұл акцияларда белсенділер биліктен "саяси тұтқындарды" босатуды, митингіге шыққандарды қудаламауды, Алматыдағы бейнебақылау камераларын алып тастауды талап еткен.

Жоспарланған митинг алдында қанша белсенді ұсталды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:18 0:00

Ақпанның 17-і күні кешке Алматы облысы Кербұлақ ауданының тұрғыны Рысбек Мамыровтың да "бейбіт митинг заңын бұзды" деген айыппен 15 тәулікке қамалағаны белгілі болды. Орал қаласында Бауыржан Әліпқалиев те 10 тәулікке қамалды. Ол қаңтардың 23-і күні қаладағы Назарбаев көшесіне Достық атауын қайтаруды талап етіп жалғыз адам пикетіне шыққаны үшін жазаланды.

Белсенді Бауыржан Әліпқалиев қаладағы Назарбаев көшесіне Достық атауын қайтаруды талап етіп жалғыз адам пикетін өткізіп тұр. Орал, 23 қаңтар 2020 жыл.
Белсенді Бауыржан Әліпқалиев қаладағы Назарбаев көшесіне Достық атауын қайтаруды талап етіп жалғыз адам пикетін өткізіп тұр. Орал, 23 қаңтар 2020 жыл.

Ақпанның 11-і күні Жамбыл облысы Шу аудандық соты "Қазақстанда заң жоқ" деген жазуы бар плакатпен жалғыз адам пикетіне шыққан осы ауданның тұрғыны Бағдат Бақтыбаевты да 15 тәулікке қамады. Соттар бұл пикеттердің барлығын "заңға сай емес" деп тапқан.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина белсенділердің жаппай ұсталуын апта соңында өтеді деп хабарланған бейбіт митинг қарсаңында адамдарды тұқырту үшін жасалып отыр деп санайды.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

- Билік мұндай әрекеттерін үнемі жасап, бір қалыпқа салып алған секілді. Билікке елде заңның сақталып, өздерінің жұмыс істеп жатқанын көрсету – маңызды. Бұған қоса, билікте Әблязов мырзаға деген антипатия бар. Егер елде "Oyan, Qazaqstan", көп балалы аналар я өзге топтар жиналып, наразылық білдіре алса, Әблязовтың жақтастарының ондай мүмкіндігі жоқ. Билік мұны "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік" деп таныған Есіл аудандық сотының шешімін орындап жатырмыз және заңбұзушылықтың алдын алып жатырмыз деп түсіндіреді, - дейді Төреғожина.

"ДЕМПАРТИЯ" ДЕЛЕГАТТАРЫН ҚУДАЛАУ

Ақпанның 22-і күні ҚДТ қозғалысының жоспарланған бейбіт митингісінен бөлек белсенді Жанболат Мамай мен жақтастары құрғалы жатқан "Демократиялық партияның" құрылтай съезі өтуі тиіс. Мамайдың сөзінше, қазір жер-жерде "Демпартияның" жақтаушылары, бастамашыл топ өкілдеріне Алматыға баруға кедергі болып жатыр.

- Ақпанның 17-і күні таңертең Орал қаласының делегациясы жолға шығуы керек еді. Бірақ олардың көбі шықпай қалды. Мақсат Айсауытов бес тәулікке қамалып, Исатай Өтеповке қылмыстық іс қозғалған. Асқар Шайғұмаровқа да қазір қысым жасалып, ол да үйінен шыға алмай отыр, полиция қызметкерлері есік алдын күзетіп тұр. Әлібек Ерғазиевке де қысым жасалған. Қазақстанның түкпір-түкпірінде осындай қысым болып жатыр. Бұл жерде мәселе әкімдерде немесе жергілікті ішкі саясат бөлімдерінің қызметкерлерінде емес, мәселе орталықтан, - дейді ол.

Белсенді Мақсат Айсауытов (сол жақта) сот залында отыр. Орал, 17 ақпан 2020 жыл.
Белсенді Мақсат Айсауытов (сол жақта) сот залында отыр. Орал, 17 ақпан 2020 жыл.

Ақпанның 17-і күні Орал соты жергілікті белсенді Мақсат Айсауытовты осыған дейін салынған 30 мың теңге айыппұлды төлемеді деген айыппен 5 тәулікке қамады. Белсенді соттың бұл шешімін "өзін Алматыдағы съезге жібермеудің амалы" деп есептейді. Ал Исатай Өтепов қылмыстық іс аясында "қорғауға құқығы бар куәгер" статусында ақпанның 17-і күні полицияға шақырту алған. Сөзінше, "өзін қоқан-лоққы көрсетті деп айыптаған бір әйел арыз түсірген". Өтепов ешкімге қоқан-лоқы көрсетпегенін айтады. Орал тұрғыны тергеуге шақыртылғандықтан сейсенбі, ақпанның 18-і күні Алматыдағы "Демпартия" съезіне жолға шыға алмайтынын жеткізді.

Ақпанның 17-іне қараған түні Жаңаөзен қаласының тұрғыны Мұратбай Жұмағалиев есігінің алдында тұрған көлігін түн ортасында белгісіз біреулер өртеп кеткенін айтты. Белсенді "көлігімді саяси ұйым белсендісі болғаным үшін, "Демпартия" жиынына баруға кедергі келтіру үшін әдейі өртеді" деп санайды. Жұмағалиев осы аптаның соңына жоспарланып "Демократиялық партияның" съезіне бармақшы болғанын айтады. Жаңаөзен полициясы Азаттықтың сұрағына "көлік өртеу оқиғасы бойынша тергеу басталды, өзге ақпарат бере алмаймыз" деп жауап берді.

Бұдан бөлек, "Демпартияның" съезіне келуі тиіс атыраулық белсенді Қасым Қожантаев та жолға шықпай қалды. Атыраулық белсенді Талғат Аянның сөзінше, Қожантаев "сот шешімін орындамады" деген айыппен бес тәулікке қамалған.

Белсенді Талғат Аян ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингіде тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Белсенді Талғат Аян ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингіде тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

- Ақпанның 18-іне Алматыға билет алып қойған еді. Бірақ 17-сі күні оны полиция алып кеткен. Қожантаевқа "сот шешімін орындамады" деген айып таққан. Екі жыл бұрын микрокредиттік ұйымнан, терминал арқылы 75 мың теңге несие алған, сол несиені қайтармады деп айыптап отыр. 2018 жылы несиені қайтару туралы сот шешім шығарған екен, бірақ Қасым ол шешімді білмейтінін айтты. Несие алғаны да есінде жоқ. Соған қарамастан бес тәулікке қамау туралы сот шешім шығарды, - деді сотқа қатысқан Талғат Аян.

Талғат Аянның сөзінше, Атыраудан "Демпартия" съезіне баруы тиіс біраз адам билеттерін кері тапсыруға мәжбүр болған.

- Біреулері өздерін "жұмыстан шығарамыз деп қорқытты" деп ашық айтты, енді біреулері "ауырып қалдым", "өзге шаруалар шығып қалды" деп отыр. Бірақ бәрібір жиырмаға жуық адам ақпанның 18-іне таңертең [жолға] шығуымыз керек, қызықтың көкесі сол кезде болатын шығар деп отырмыз, - дейді Талғат Аян.

Журналист, белсенді Жанболат Мамай, құқық қорғаушы Сергей Дуванов, Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Төлеген Жүкеев былтыр қазанда Алматыда жиын өткізіп, "Қазақстанның демократиялық партиясын" құратынын мәлімдеген. Қазақстан заңнамасы бойынша, партия құру үшін алдымен мың адам қатысатын съез өткізу қажет, одан соң 40 мың адамның қолын жинап, билікке өткізу керек. Жанболат Мамай "Демпартия" жақтастарының сотқа шақырылуының саяси астары бар деп санайды.

Белсенді Жанболат Мамай.
Белсенді Жанболат Мамай.

- Бұл жерде екі мәселе болуы мүмкін сияқты. Біріншіден, осы азаматтардың көпшілігін, кейбірін қорқытып, "сіздерге, отбасыңызға, жұмысыңызға зиян болады, ертең сіздерге қылмыстық іс қозғаймыз не басқада әкімшілік жаза қолданамыз" деп кейбірін үгіттеп, "мен бұл партияға қосылған жоқпын" деген сияқты қолхат жаздырып алып, ертең "сіздердің тапсырған бастамашыл топтырыңыз заңсыз" деген сияқты мәселені шығаруы мүмкін. Екіншіден, съез жинау оңай емес, мың адамнан бір адам кем болса бұл съез заңсыз болады. Яғни, кворум жоқ деген сөз. Мысалы, бір мың деп, 990 адам болса, атқарған жұмыстың бәрі, еңбектің бәрі зая кетеді. Яғни, биліктің қазір көздеп отырған мақсаты – осы съезе бізге кворум жинатпау, - дейді ол.

2019 жылы желтоқсанның 26-сы күні Нұр-Сұлтанда 1122 адамнан тұратын "Қазақстанның демократиялық партиясының" бастамашыл тобын тіркеген.

Қазақстан билігі белсенділердің, бастамашыл топтың және құқық қорғаушылардың кедергі жайлы айтқан мәлімдемелеріне ешқандай пікір білдірген жоқ.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG