Accessibility links

Бас прокуратура 22 ақпанда митингіге шыққандар жазаланатынын ескертті


Нұр-Сұлтандағы Қазақстан Бас прокуратурасының ғимараты

Қазақстан бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының 22 ақпанға шақырған митингісін "заңсыз" деп атап, жұртты наразылыққа шықпауға шақырды.

Дембаевтың 20 ақпанда орган сайтында жарияланған мәлімдемесінде шетелде жүргендер және елде қызметіне тыйым салынған ҚДТ қозғалысының жақтастары әлеуметтік желіде тұрғындарды 22 ақпанға митингіге шақырып жатқаны, бұл митингіге қатысқандар Әкімшілік кодекстің "Бейбіт митинг өткізу ережесін бұзу" бабымен жауапқа тартылатыны жазылған.

Дембаев "рұқсат етілмеген митингіге шыққандар қоғамға, адамдардың құқығына, мемлекетке залал келтіріп жатса, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын" ескерткен.

Қазақстан соты қызметіне тыйым салған ҚДТ қозғалысы 22 ақпанға жұртты билікке қарсы бейбіт митингіге шақырған. Жоспарланған митинг алдында Қазақстанның бірнеше қаласында ондаған белсенді ұсталып, 5-15 тәулікке қамалған. Олардың көбі ақпанның басында өткен билікке қарсы пикет, акциялар үшін жазаланды. Құқық қорғаушылар "билік белсенділерді жоспарланған бейбіт митинг алдында ұстап жатыр" деп санайды.

2018 жылы Қазақстан соты елдің бас прокуратурасының сұрауымен ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Билік ҚДТ жетекшісі Әблязов "билікті күшпен құлатуға және басып алуға, әлеуметтік араздықты қоздыруға жария түрде шақырды" деп айыптаған.

2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер, билікті сынаушы Әблязов ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп таныған Қазақстан сотының шешімімен және өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Ол сот шешімінде саяси астар бар деп санайды. 2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Қазақстанда халық қандай да бір бейбіт шеру, митингіге шығатын болса, жергілікті әкімдіктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат берілмеген митингінің бәрін "заңсыз" деп тауып, қатысушыларын ұстайды және жауапқа тартады. Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт митинг заңын" қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Жақында үкімет Бейбіт митинг туралы заңның концепциясын жұрт талқылауына ұсынған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер "ұсынылған концепцияда аса үлкен өзгеріс жоқ" деп сынаған. Концепцияға сай, 250 адамға дейін қатысатын шараны өткізу үшін билікті хабардар ету жеткілікті болмақ. Егер ондай хабарламадан кейін заңда белгіленген мерзім ішінде жергілікті атқарушы органнан жауап болмаса, акция өткізу келісілген болып саналады. 250 көп адам қатысатын шараға атқарушы биліктің келісімі болуы шарт. Митинг билік белгілеген жерде ғана өтуі керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG