Accessibility links

Тоқаев Ұлттық құрылтайда елтаңба өзгеретінін жариялап, "қазақ тілін ешкімді мәжбүрлемей дамыту" жайлы айтты


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) Ұлттық құрылтайда. Атырау, 15 наурыз 2024 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) Ұлттық құрылтайда. Атырау, 15 наурыз 2024 жыл.

Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін" мәлімдеді. Бірақ Тоқаев қазақ тілін "ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы нығайта береміз" деді.

Бұған қоса, құрылтайда Тоқаев Қазақстан елтаңбасы өзгеретінін жариялады.

"Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек" деді ол.

Қазақстан басшысы тіл туралы мәлімдемесін елде халық бизнес орындарынан қазақ тілінде қызметті ашық талап етіп, кейбір бизнес нысандарына бойкот жариялау оқиғалары жиілеген тұста жасап отыр. Бұған қоса, ресейлік депутаттар мен пропагандистердің Қазақстанда "қазақ тілі дамып, орыс тілі шеттетіліп жатыр" деген сарындағы мәлімдемелері де көбейген.

Жиында Қазақстан президенті қазақ тіліндегі кітаптарды көбейтуді, халықтың кітап оқуға ынтасын ашуды да ұсынды. Ол Ұлттық құрылтай мүшелерінің "Ұлттық кітап күнін" белгілеу ұсынысын қолдап, Алматы мен Астанада 24 сағат бойы жұмыс істейтін кітапхана ашылатынын айтты.

Бұған қоса, Тоқаев діни киімдерді сынап, "мұны дәстүрлі құндылыққа жасалған ашық шабуыл" деп мәлімдеді.

"Радикал неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық" деді ол.

Қазақстан Конституциясында зайырлы ел ретінде діни наным-сенімге еркіндік берілсе де, кейбір қаулылармен діни киімдерге тыйым бар. Мәселен, оқу-ағарту министрлігінің қаулысымен елде оқушыларға мектепке орамалмен келуге шектеу қойылған. Әр жыл сайын оқу жылы басталғанда хиджаб киетін қыздардың мектепте кіруі мәселеге айналады. Халықаралық ұйымдар Қазақстанды діни еркіндікке шектемеуге бірнеше рет шақырған.

Ұлттық құрылтайдағы сөзінде Қазақстан басшысы "қыз алып қашуға құқықтық баға беріліп, тосқауыл қойылуы керегін" айтты.

"Елімізде қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс" деді Тоқаев.

Ұлттық құрылтайдағы сөзінде Тоқаев елде "тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, қатігездік күшейіп бара жатқанын" айтып, "заң қатаң сақталуы керек" деді.

"Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. "Ауруын жасырған өледі". Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек" деді ол.

Қазақстан президенті жиында Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енгізу үшін жұмыс істеуді де тапсырды.

  • 2019 жылы президенттікке келген соң болған наразылықтардан кейін Тоқаев "билік пен қоғам арасындағы диалогты дамыту" мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Құрамына саяси партиялар мен азаматтық қоғам өкілдері кірген кеңес заң дайындап, саяси реформаларды жүргізуге атсалысады делінген. Алайда көп ұзамай оған кірген Бақытжан Бұқарбай, Мұхтар Тайжан, Арман Шораев сынды азаматтар оның тиімсіздігін, саяси шешімдерге ықпал ете алмайтынын айтып, құрамынан шығып кетті.
  • 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін бұл кеңестің орнын "ұлттық құрылтай" басып, құрамы бұрынғыдан да кеңейді. Тәуелсіз сарапшылар мен саясаткерлер оны "авторитаризм құралы", "шайқалған билікті нығайту әрекеті" деп сынға алды.
  • Құрылтай 2022 жылы Ұлытауда, 2023 жылы Түркістанда өткен. Түркістандағы құрылтайға 390 млн теңге бөлінгені де айтылған.
  • Биылғы құрылтай алдында Атыраудағы көлік жолдары жөнделіп, көше тазалығына ерекше көңіл бөлінгені байқалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG