Accessibility links

Ресейдің Қорған облысында өзен деңгейі 30 жыл бұрынғы шамаға көтерілді


Ресейдің Қорған облысы, 16 сәуір, 2024 жыл.
Ресейдің Қорған облысы, 16 сәуір, 2024 жыл.

Ресейдің Қорған облысындағы Тобыл өзенінің бірнеше бөлігінде су деңгейі он метрден асып, 30 жыл бұрынғы шамаға жетті. Бұл туралы "Сибирь.Реалии" сайты хабарлады.

Өңірдегі Вороновка шағын ауданын қорғап тұрған бөгет жарылу қаупі туып отыр. 2014 жылы тұрғызылған бөгеттен су ағып, бүлініп жатқан тұстары байқалған деген хабар тарады.

Қорған облысының губернаторы Вадим Шумков бөгетке жақын маңайда тұратын халықты эвакуациялауға шақырды.

18 сәуір күні түсте Қорған қаласы Тобыл өзеніндегі су деңгейі 977 сантиметрге дейін көтерілді деген ақпарат тараған.

30 жыл бұрын, 1994 жылы Қорған облысында ауқымды су тасқыны болған еді. Сол кезде Тобыл деңгейі 10 метрге дейін көтеріліп, облыстың 22 ауданындағы жолдар, көпірлер мен бөгеттер қирап, 62 мың адамға қауіп төнген.

Тасқыннан зардап шеккен Ор қаласында (қазақша тарихи атауы - Жаманқала) су тартыла бастаған, бірақ халықты сумен қамтамасыз ету қиындаған. Қала мэрі Василий Козупицаның айтуынша, қазір қалада 60 ұңғыманың 21-і жұмыс істеп тұр.

Ор қаласында тұрғындар ауыз суды сатып алуға мәжбүр екенін, оның тұрмыс қажетіне жетпей жатқанын, кей жерлерде шалшық пен жаңбыр суын жинап жатқанын айтып шағынды.

  • 2024 жылы Ресейдің Алтай өлкесінде, Новосибирск пен Орынбор облыстарында ауқымды су тасқыны болды. Салдарынан Ор қаласында бөгет бұзылды, үш адамның өлі табылды. 10 мыңнан астам үй мен 13 мың учаскені су басты. Орынбор облысы аумағында төтенше жағдай режимі енгізілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG