Accessibility links

АҚШ мемлекеттік хатшысы Пекинде Қытай төрағасымен кездесті


АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен қол алысып тұр.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен қол алысып тұр.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қытайға сапары барысында 26 сәуірде Қытай төрағасы Си Цзиньпин және өзге де бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктермен кездесті. Ол екіжақты келіспеушіліктерді шешуге "жауапкершілікпен қараудың" маңыздылығын атап өтті, деп жазды Associated Press.

Агенттіктің жазуынша, кейінгі айларда АҚШ пен Қытай арасындағы байланыс ұлғайғанмен қайшылықтар да тереңдей түскен. Блинкеннің сөзінше, Си Цзиньпинмен кездесу кезінде ол Қытайдың Украинамен соғысып жатқан Ресейді қолдағанына алаңдаушылық білдірген. Атап айтқанда, Блинкен Пекиннің Мәскеуге материалдар, оның ішінде станоктар мен микроэлектрониканы да жеткізгенін айтқан. Ресей билігі оны әскери қабілетін арттыруға пайдалануы мүмкін.

"Қытайдың қолдауынсыз Ресейге Украинаға қарсы шабуылын жалғастыруы қиынға түспек" деді Блинкен Симен кездесуден соң өткізген брифингте.

Пекиндегі келіссөз кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысы сонымен бірге Тайвань мәселесін, Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізіндегі әскери белсенділігін және адам құқығы ахуалын қозғаған. Энтони Блинкен бір мезетте екіжақты қарым-қатынастың кейбір тармақтарына оң баға берген. Арасында әскери байланыс, есірткімен күрес, жасанды интеллект саласындағы әріптестік те бар.

  • Блинкеннің сапары алдында дереккөздерге сүйенген Financial Times басылымы АҚШ мемлекеттік хатшысы Қытайға сапары кезінде Ресейді әскери тұрғыда қолдауына байланысты Пекинге қатаң ескерту жасайтынын жазған.
  • Ресей президенті Владимир Путин осы аптада мамырда Қытайға баратынын мәлімдеген.
  • Киевтің одақтастары Қытай Ресейге әскери технология тасымалдап жатқанын талай мәлімдеген. Мәскеу оны Украинаға қарсы соғыста пайдаланып жатыр. Мәскеу мен Пекин айыптауларды жоққа шығарады.
XS
SM
MD
LG