Accessibility links

Шешенстан үкіметі оқушы қыздардың етегін тобығына түсірді


Сұлулық байқауына қатысып тұрған орамал таққан шешен әйелдер. Грозный, 16 қыркүйек 2010 жыл

Сұлулық байқауына қатысып тұрған орамал таққан шешен әйелдер. Грозный, 16 қыркүйек 2010 жыл

Шешенстан мектептерінде оқушы қыздар жетінші сыныптан бастап енді орамалға қоса ұзын юбка киіп жүруге міндетті. Жаңа дресс-код, яғни киіну ережесі қызу талқылау тудырды.


«КИІМГЕ ЕМЕС, БІЛІМГЕ НАЗАР АУДАРУ КЕРЕК»

Енді қабылданатын ережеге халықтың пікірі әртүрлі. Кейбір ата-аналар мен мұғалімдер бұған наразы. «Мектепте жетінші сыныпта оқитын қызыма мұғалімдері енді тобыққа дейін жететін юбка киіп келулері қажет екендігін айтып ескертіпті. «Жоғары жақтан» сондай бұйрық келген көрінеді. Сынып жетекшісінен осы мәселенің жай-жапсарын сұрағанымда, ол жарытып ешнәрсе айта алмады. Меніңше, баласының мектепке қандай киіммен баратынын білім министрлігі емес, ата-ананың өзі шешу керек. Білім министрлігі мұнан гөрі білімнің сапасын көтеру, мектепті компьютер сыныптарымен жабдықтау, интернетке шығуға мүмкіндік жасау жағымен бас қатырғаны жөн болар еді» деген «Кавказский узел» интернет басылымына ойын білдірген Индира К. Есімді Грозный тұрғыны.

Ал Раиса есімді Грозный мұғалімі: «Баланы бірінші сыныптан бастап тұмшалау барып тұрған шектен шығушылық. Егер Шешенстанда екі-үш жылдан кейін Иран немесе басқа да ислам елдеріндегі сияқты хиджаб тағу міндет болатындай жағдай орнаса, бұған таңдануға болмайды» дейді.

БІРІНШІ БАСШЫНЫҢ КӨҢІЛІН ТАБУҒА ҰМТЫЛУ

Құрылыс министрлігіндегі бір шенеунік: «Бізде бар нәрсенің Қадыровтың тұсында орындалып жатқандығы таңданарлық жайт емес. Мәселен, Сталиннің тұсында көптеген басшылар соған ұқсап киінуге тырысты, ал Хрущевтің кезінде бәрі жаңа бас хатшыға қарап еліктеді» дейді.

Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың 2007 жылы шыққан жарлығы бойынша, елде әйелдерге, оның ішінде студент қыздарға да қоғамдық орындарда орамалсыз жүруіне тыйым салынған. Ал 2008 жылдан бастап мектеп оқушыларына да (қыздар) бірінші сыныптан бастап басына орамал тағып жүруі жайында ереже шықты.
Шешенстан үкіметінің басшысы Рамзан Қадыров Шешенстан-Бразилия достық футбол ойынының бірінші таймынан соң ұлттық би билеп тұр. Грозный, 8 наурыз 2011 жыл

Басына орамал тағып жүруге мемлекеттік мекемелерде қызмет істейтін әйелдер де міндеттенген. Бірақ республикалық билік органдары шешен әйелдеріне ұсынған бұл ереже тек ұсыныс ретінде ғана пайда болған. Оған қатысты ешқандай жазбаша нұсқау шықпаған. Биылғы қаңтардың 25-і осындай жарлық шығарған республиканың вице-премьері, республика жетекшісі әкімшілігінің басшысы Магомед Селимханов бұл құжатқа қол қоюына Рамзан Қадыровтың ауызша тапсырмасы негіз болды деп мәлімдеген.

Human Rights Watch («Хьюмен Райтс Уотч») халықаралық құқық қорғау ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша бөлімінің директоры Рейчел Денбердің пікірінше, хиджабты зорлап таққызу да, күшпен шешкізу де халықаралық заңдарға қайшы.

Осы ұйымның Мәскеудегі бюросының басшысы Татьяна Локшина Шешенстан шенеуніктеріне бірыңғай киім үлгісін міндеттеу жайлы жарлықтың Ресей Федерациясының заңдарына қайшы екенін айтады. Мұндай іс-әрекет көбіне республика басшысының риторикасын заң ретінде қабылдаудан туады. «Мысалы, Рамзан Қадыров жергілікті телеарнада әйелдердің қалта телефонымен сөйлесуі олардың зина жасауына себеп болуы мүмкін деп сөйлей салысымен, оған бағынышты полиция жасақтары көшеде сөйлесіп тұрған жас қыздардың қол телефондарын жұлып алған әрекеттер болған» дейді ол.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG