Accessibility links

МАГАТЭ халықаралық агенттігі Иран туралы баяндаманы талдауды аяқтайды


Бүгін атом қуаты бойынша Халықаралық МАГАТЭ агенттігінің басқармасы Кеңесі Иранның ядролық бағдарламасы туралы жаңа баяндаманы талқылауды аяқтауға тиіс. Агенттіктің Бас директоры М.Әл-Баради өзінің осы баяндамасында Иранның бұрынғы ядролық ізденістеріне түсініктеме бергенін, бірақ өзінің ядролық бағдарламасына жататын барлық ізденісін МАГАТЭ инспекторларына толық ашып бергеніне көзі жетпейтінін мәлімдеді.

М.ӘЛ-БАРАДИ: “Жұмыс жоспарына” сәйкес, біздің өткен 2 айдағы қол жеткізген жетістігіміз Иран жағының кеңірек ықылас білдіруінің арқасында мүмкін болды. Әйтсе де мен Иранды ақпарат беруге келгенде әлдеқайда ашық болуға, жыл соңына қарай өзекті деген барлық проблемаға тиянақты жауап табу үшін агенттікпен арадағы ынтымақтастықтың қарқынын жеделдетуге шақырар едім”.

Бұл – халықаралық МАГАТЭ агенттігінің Бас директоры Мухаммад Әл-Барадидің Басқарма Кеңесінің өткен бейсенбі күні Венада басталған мәжілісінде жасаған баяндамасынан үзінді. Баяндамада, екі жақтың да мәлімдеуі бойынша, соңғы айларда Агенттік пен Теһран арасындағы ынтымақтастықтың кеңейе түсуіне қарамастан, 2 арада әлі шешімі табылмаған мәселелердің қалып қойғанын нұсқап көрсетеді. Екі жақтың ынтымақтастығы өткен тамыз айында қол қойылған “жұмыс жоспарына” сүйенеді және осы жоспарға сәйкес, жыл соңына қарай Теһран өзінің ядролық бағдарламасына қатысты барлық маңызды сауалға жауап беруге міндеттенді.

“Жұмыс жоспарының” басты мақсаты – Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі барлық күдікті сейілтіп, ол бағдарламаның тек бейбіт мақсатта ғана іске асырылып жатқанына толық көз жеткізу. Алайда МАГАТЭ-нің жаңа баяндамасы Иранның барлық сауалға ашық та тиянақты жауап беруге әзір тұрғанына көп күмән келтіреді. Баяндамада атап көрсетілгендей, Иран бастапқы кезеңде қол жеткізген ядролық материалдары мен уран шикізатын байытуға қажетті жабдықтарын ашық көрсеткенімен де, МАГАТЭ инспекторларын ядролық ізденістерінің бұрыннан-ақ белгілі элементтеріне ғана жіберіп отыр. Оған қарама-қатар Иран уран шикізатын байыту жұмыстарын доғару жөніндегі БҰҰ-ының Қауіпсіздік Кеңесінің талабын орындамай келеді. Соның салдарынан өткен желтоқсан айынан бері Қауіпсіздік Кеңесі оған қарсы жеңіл жаза – санкция қолдану туралы 2 Қарар қабылдап үлгерді.

Соған қарамастан ресми Теһран уран шикізатын байытатын технологиясын жетілдіруге бар күшін жұмсау үстінде. Батыс елдері бұл технологиясын Иран бір кезде ядролық қару жасау ісіне пайдалануы мүмкін деп күдіктенеді. Өз кезегінде Иран өзінің ядролық бағдарламасы тек атом қуатын өндіруді көздейді деп дәлелдеумен келеді. Өткен бейсенбі күні Венада МАГАТЭ агентігі Басқармасының Кеңесінде Иранның осы ұйымдағы елшісі Әли Асғар Солтани (Ali Asghar Soltanieh) Иранды уран шикізатын байыту жұмыстарын доғаруға мәжбүр ету үшін Қауіпсіздік Кеңесі Теһранға қысым көрсетуін тоқтатсын деп мәлімдеді.

Ә.А.СОЛТАНИ: “Біз ынтымақтасу әрекетін халықаралық қауымдастық пен бейбітшіл елдер АҚШ пен өзгелердің айқай-шу көтеріп, іс жүзінде, БҰҰ-ының Қауіпсіздік Кеңесіндегі салиқалы іс-қимылға бөгет жасап, проблема туғызуын қойғызғанда ғана жалғастырамыз. Қауіпсіздік Кеңесінің ондай қысымға деген қатысы мейлінше тез доғарылса, дұрыс болады”.

Сонымен қатар ресми Теһран өзінің ядролық бағдарламасына байланысты барлық мәселе жалғыз МАГАТЭ агентігі аясында қаралып, шешілуге тиіс деп санайды. Бірақ “Иран мәселесінің” тұйыққа тірелуі алдағы апталарда осы проблеманың маңайындағы тіке-тіресті ушықтыра түсетін тәрізді. Атап айтқанда, егер МАГАТЭ-нің жаңа баяндамасы мен Еуропа Одағы әзірлеп жатқан дәл сондай есебі “оң нәтиже бар” деген қорытындыға келмеген жағдайда, Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты 5 мүшесі болып табылатын 5 мемлекет және оған қоса Германия өткен қыркүйек айында Иранға қарсы қолданған жазаны қатаңдату мәселесін Қауіпсіздік Кеңесінде дауысқа салуға келіскен болатын.

Ендігі жерде Қауіпсіздік Кеңесіндегі Батыс елдері үшін МАГАТЭ-нің жаңа баяндамасында “оң нәтиже бар” деген қорытынды болмады деп айтуға толық негіз бар сияқты. Алайда Иранға жаза қолдануды онша қолдамайтын Ресей мен Қытайдің үшінші санкция қабылдау мәселесін кейінге қалдыру үшін “ресми Теһран МАГАТЭ-мен арада ынтымақтастыққа барды” деп мәлімдеуі де мүмкін. Ал енді кімнің, қай жақтың уәжі басым түсетіні – көбіне Еуроодақтың әзірлеп жатқан баяндамасынан кейін мәлім болады. Ол баяндаманың қашан жарияланатыны белгісіз, бірақ таяу уақытта жарыққа шығуға тиіс.

Өткен бейсенбі күні Иранның Еуроодақпен арадағы келіссөзге қатысатын ресми өкілі Саид Джалили (Saeed Jalili) елдің ядролық бағдарламасы мәселесін талдау үшін Еуропа Одағы басшылығының мүшесі Хавьер Соланамен Лондонда 30-ыншы қараша күні кездесетінін хабарлады. Әйтсе де, Х.Солананың кеңсесі бұл кездесудің өтетін күнін әлі растауға тиіс.

Ресми Теһран БҰҰ-ының Қауіпсіздік Кеңесі Иранның ядролық бағдарламасына байланысты оған үшінші жазаны қолдану туралы Қарар қабылдайды деп күтпейді. Иранның БҰҰ-ындағы елшісі Мохаммад Хазаи Нью-Йоркте журналистерге осылай деп мәлімдеді. Оның атап көрсетуінше, өзінің ядролық бағдарламасы мәселесін шешу үшін Иран атом қуаты бойынша халықаралық МАГАТЭ агенттігімен ынтымақтасты және Теһранның мұндай қадамын Ресей мен Қытай қоштап отыр. Қауіпсіздік Кеңесінің Қарар қабылдауына Мәскеу мен Бежиннің вето, яғни бөгет қоятын құқы бар.
XS
SM
MD
LG