Accessibility links

Осыдан бір жыл бұрын Австрия соты өз елінде үстінен қылмыстық іс қозғалған президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевті Қазақстанға беруден бас тартқан еді. Осыған орай Қазақстан Австрия сотының бұл шешіміне наразылық білдірген болатын. Рахат Әлиевтің маңында болып жатқан мәселе қоғамда түрлі пікір туғызуда.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Вена қаласындағы қылмыстық іске байланысты жергілікті соттың шешіміне толық наразылығын білдіреді деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. Австрия соты Рахат Әлиев бастаған төрт азаматы ұстап, Қазақстанға беруден бас тартқандығы айтылған еді. Осы мәселе төңірегінде саясаткер Әзімбай Ғали өз ойын төмендегідей жеткізді:

- Көптеген БАҚ-да Рахат Әлиев жексұрын болып көрсетілді. Ол рас та шығар. Бірақ ондай адамдар біздің қоғамға керек. Мүмкін оның айтқандарының, жазғандарының шындығы аз шығар. Аз болса да, шындықтың бар болуы мүмкін. Сондықтан қоғамда альтернативалық пікірлер болуы керек деп ойлаймын. Оның бұрынғы әрекеттері дұрыс емес, алайда батылдығы, азаматтығы жоқ емес.

Рахат Әлиевтің соңғы мәлімдемелері билік пен оппозиция арасында да түрлі пікір туғызды. Осыдан бір ай бұрын оппозицияға жақын бір топ қоғам белсенділері мен жекелеген тұлғалар президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке қатысты мәлімдеме жасаған болатын.

Мәлімдеме жасаушылар қазақстандық құзырлы мекемелердің Австрияның заң орындарымен тығыз байланыс орнатып, оны шешуді тез арада қолға алуын сұраған еді. Олардың талаптарында: «Австриядағы тиісті органдар аталған қылмыстық іспен танысу үшін ресми Астана қажетті құжаттарды түгел әзірлесін, екіншіден - қылмыстық іс бойынша куәларды, қамауда отырғандарды Венаға жеткізуді қарастырсын, үшіншіден - ҚР аумағында қылмыстық іске қажетті процестердің жүргізілуі толық қамтамсыз етілсін» деп атап көрсетілген.

Сондай-ақ олар Австрия билігі Рахат Әлиевті қайтарған жағдайда «Адам құқықтары сақталмай, іс әділетсіз қаралуы мүмкін» деген желеумен оны Қазақстанға бермей отырғандығын, алайда Вена үкіметінен Рахат Әлиевке қатысты сот процесін сол елдің заңы бойынша жүргізу туралы шешім қабылдауын сұраған болатын.

Өткен жылдың басынан бері хабарсыз кеткен «Нұрбанк» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтер әлі табылған жоқ. Қазақстанның сот орындары Жолдас пен Айбарды соңғы рет 2007 жылдың 9-шы ақпанында Әлнұр Мұсаев, Вадим Кошляк пен Рахат Әлиев көлікке салып, алып кеткен деген ұйғарым жасап қойған.

Алматыдағы Алмалы аудандық сотында өткен жылдың қараша айында басталған атышулы «Нұрбанк ісі» бойынша сот үкімі 15 қаңтарда шыққан еді. Аталған қылмыстық іс бойынша 24 айыпталушының аты аталса, Қазақстан аумағынан тыс жерде жүрген олардың бесеуі – басты айыпталушы Рахат Әлиев, оның «оң қолы» Вадим Кошляк, Әлнұр Мұсаев, Төлеген Имашев және Виктор Сапожников еді. Алайда олардың сырттай сотталғанымен, әлі бостандықта жүргендігін Жолдас Темірәлиевтің жұбайы Армангүл Қапашева бұған Қазақстан Үкіметінің араласпағандығымен түсіндіріп отыр:

- Жоғалған екеуін іздестіруге олардың жақындары ғана емес, осы қылмысты жасаған адамдардың да туыстары араласуы керек. Әлнұр Мұсаев, Вадим Кошляк, Рахат Әлиевтің де туыстары осы елде өмір сүріп, бала сүйіп, тіршілік еткісі келсе, олар да бізбен бірге іздестіруге атсалыссын. Түптің түбінде сол адамдардың жасаған қылмысына оның туыстары жауапты болады. Сондықтан олар қоғам алдында тазалансын, - деді Армангүл Қапашева.

Саясаткер Жасаралы Қуанышәлі президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің маңайында болып жатқан атышулы дау-дамайға ата мен күйеу баланың өзара келіспеушілігі негізгі себеп болып отыр деді:

- Рахат Әлиевтің кезінде лауазымды жоғары қызметтерде болуы, үлкен мүмкіндіктерге ие болғандығы қазіргі қолындағы бар материалдарды шығарып жатқандығынан көрініп тұр. Бұл жерде ол елдің, халықтың, мемлекеттің мүддесін ойлап, осындай әрекеттер жасап отыр деп айту күмәнді. Рахат Әлиев өзінің жасаған нақты-нақты қылмыстық істері үшін бұндай емес басқа жағдайда сотталуы керек. Қазір президент Н.Назарбаевтың берген нұсқауымен жүргізіліп жатқан соттар. Соттың қай-қайсысы да заң аясында жүргізілуі керек. Сол кезде ғана шындықтың бет пердесі ашылады. Ал нұсау арқылы жасалынып отырған соттан айқатты күту мүмкін емес.

Рахат Әлиевтің «шарықтау» мен «құлдырау» кезеңдері жайында Азаттық радиосы талай мәрте хабар да берген болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG