Accessibility links

Баспанасыз «жаңа алматылықтардың» ескі зары


Ризада Жақыпбек, "Арын" қоғамдық ұйымының төрайымы. Алматы, 2 қараша 2010 жыл
Ризада Жақыпбек, "Арын" қоғамдық ұйымының төрайымы. Алматы, 2 қараша 2010 жыл

Алматының Алатау ауданында жерін заңдастыра алмай жүрген мыңға жуық отбасының мәселесі қашан шешілетіні белгісіз. Сейсенбіде олардың бір бөлігі биліктің уәдесіне кезекті мәрте алданып қалғанын айтысып тарқасты.


«Біз - өз елімізде өзіміз босқынбыз» атты Алатау ауданы тұрғындарының жиыны үйін су шайып кетіп, әлі күнге дейін баспанаға қол жеткізе алмай жүрген отбасының мұң-зарымен басталды. Алты баланың анасы Ақылшы Біттібаева жергілікті билік өкілдерінен көрген озбырлығын айтып, тауыса алмаған еді.

- Мен осы бір жарым жылдан бері Алатау ауданы әкімдігінің үйімді бұзып тастағаны жөнінде арызданып келем. Балаларым жұмыста болған кезде «Жоғары жақтан нұсқау берілді. Сенің үйіңді бұзып, Саялыдан үй береміз» деп жалған айтып, менің үйімді бұздырыпты. Бұзғаннан кейін олар не кепілхат не акті бермеді. Бармаған есігіміз жоқ. Бірі-біріне сілтейді.

«МЕНІ АЛДАП ОТЫР МА, ЖОҚ ҚОРЛАП ОТЫР МА?»

Қазір құжат тұрмақ, ешқандай қағазым да жоқ. Сонда олар мені алдап отыр ма, жоқ мені қорлап отыр ма, түсінбедім. Өзімнің денсаулығым жоқ. Балаларымның бәрі жан-жаққа қаңғып тентіреп, жұмыс істеп, тапқан таянғанын не ішкенімізге, не жегенімізге жетпейді. Маған араша түсетін адамдар бар ма? Жоқ, елбасымыз «көп балалы аналар далада қаңғып қалсын» деген заң шығарды ма? Бізді кімдер қорғайды? – деді ашынған ана.

2009 жылы жазда жауын-шашын мол жауып, нәтижесінде Алатау ауданына қарасты 152 отбасының үйі құлап, далада қалған болатын. Дәл осы кезде жергілікті билік өкілдері табиғи апаттың кесірінен үйі қираған отбасылардың ешқайсысы далада қалмайтынын айтып, сол ауданға қарасты Саялы елді мекенінен үйлер салып, 62 отбасыға жаңадан үй берген еді.
Ақылшы Біттібаева, көп балалы ана. Алматы, 2 қараша 2010 жыл

Дегенмен сейсенбілік жиынға келген аудан тұрғындарының айтуынша, апаттан зардап шеккен отбасылардың бәріне Саялыдан үй жетпегініне қарамастан, қайсыбір баспаналар заңсыз түрде апатқа еш қатысы жоқ «бөтен» біреулерге беріліп кеткен. Есесіне баспанаға шын мәнінде зәру адамдар пәтерден пәтерге көшіп, далада қаңғырып жүр деп күйінеді Алатау тұрғындары.

- Біздің пайымдауымызша, зардап шеккен отбасылардың тізімі жасалып жатқан кезде дені дұрыс билік әрбір отбасыға кепілхат беруі тиіс еді. «Баспанаға кезекте тізім бойынша осындай орында тұрсың» дегендей. Онда мынау сияқты жайттар болмас еді. Тізім жасалған да, қайта-қайта өзгертіліп отырған, - дейді Конституциялық құқықтарды қорғау бойынша халықтық комитеттiң жетекшiсi Зәуре Нұрмұхамбетова.

ҚҰРҒАҚ УӘДЕ

Жиынға келушілердің шағымы мұнымен бітпеді. «Арын» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ризада Жақыпбектің айтуынша, жергілікті билік «жер береміз» деп тұрғындарды ылғи алдарқатқанмен, әзірге, «құрғақ уәдеден көз ашпай отырмыз» дейді. Ол мысал ретінде бірқатар қоғамдық ұйым өкілдері мен Алатау ауданының әкімі Бағдат Манзұровпен болған «өзара келісімді» алға тартады.

- Қыркүйек айында Манзұров бізге мынадай ұсыныс айтты. Жерін заңдастыра алмай жүрген 41 азаматқа жер берсек, онда оларды қолдап жүрген үкіметтік емес ұйымдар, оппозициялық партиялар жерлерін заңдастыра алмай жүрген азаматтардың ісімен айналыспау туралы кепілхат жазыңдар деді. Біз әрине, Шаңырақта жерлерін заңдастыра алмай жүрген азаматтардың көп екенін түсінеміз. Бірақ биліктің біз жаққа қырын болса да қарағанын жақсылыққа жорып, келіскен едік. Сөйтіп, өтінішке қол қойдық, - деді Ризада Жақыпбек.
Әмірбек Тоғысов, "Азат" ЖСДП Алматы қалалық бөлімшесінің төрағасы (сол жақтан бірінші), Айгүл Сүйінбаева, екі баласымен киоскіде тұрып жатқан тұрғын (сол жақтан екінші), Ақылшы Біттібаева, үйсіз қалған алты баланың анасы, Ризада Жақыпбек, "Арын" қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Алматы, 2 қараша 2010 жыл

Дегенмен «билік кепіл-хатта айтылған шарттарды орындамағандықтан бұл келісімді бұзуға мәжбүрміз» деп «Арын» ұйымы өкілдері жиын барысында кепілхатты көптің көзінше жыртты.

Бұл мәселеге қатысты Алатау ауданы әкімшілігіне хабарласқанмен жауап ала алмадық.

ҮЙБҰЗҒЫШ ТОПТЫҢ ЕКПІНІ

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Алматы қалалық бөлімшесінің төрағасы Әмірбек Тоғысовтың пікірінше, билік бұл мәселені қанша елемеуге тырысқанымен, бүгінгі таңда қалада баспана дауы ушығып кеткені анық.

- Бұл көптеген заңсыздықтардың жекелеген фрагменттері ғана. Әсіресе, үйлерді бұзу үшін құрылған мобильді топтардың әрекеттерін сөзбен сипаттап жеткізу мүмкін емес. Сот шешімінсіз үйлерге баса-көктеп кіріп, азаматтарды жеке меншігінен айырып қана қоймай, оларға қатігездік көрсетеді. Жүкті әйелдерді, балаларды ұрады. Тіпті Сейдалиеваның үйін бұзар сәтте баласы үйдің ішінде қалып, көршілері алып үлгермегенде бұзылған үйдің астында қалушы еді. Екі аяғы жоқ мүгедекті үйінен сүйреп шығарып, далада қалдырғаны да естеріңізде болар. Бір жарым айға толмаған сәбидің аяз қаққан беті. Осы фактілерге қатысты қалалық және бас прокуратураға, президент әкімшілігіне жаздық. Бәрі бір-біріне сілтейді. Соңғы рет мамыр айында хат жолдаған едік. Әлі күнге дейін жауап алмадық, - деді Әмірбек Тоғысов.
Әмірбек Тоғысов, "Азат" ЖСДП Алматы бөлімшесінің төрағасы. Алматы, 2 қараша 2010 жыл

Оның айтуынша, қазіргі таңда тұрақты тіркеу құжатының болмауы себепті, үйсіз қаңғырып жүрген бұл отбасылардың балалары қайда бармасын кедергіге кезігеді. «Туу туралы куәлігі жоқ балаларды мектепке де қабылдамайды. Ал кәмелетке толған жастары 18-19 келсе де жеке куәлік ала алмай жүр» деді олар.

Бүгінгі күні билік «заңсыз» деп есептейтін 4523 баспананың үш жарым мыңға жуығы заңдастырылған. Ал қалған жер телімдері жергілікті биліктің түсіндіруінше, үй салуға қауіпті, санитарлық талаптарға сай келмейтін көрінеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG