Accessibility links

Байқоңыр: Қазақстан азаматтары әкімшілік тәртібіне наразылық білдірді


Ғарыш айлағындағы ресейлік күзет. Байқоңыр, 31 наурыз 2010 жыл.

Ғарыш айлағындағы ресейлік күзет. Байқоңыр, 31 наурыз 2010 жыл.

Байқоңырдағы Қазақстан азаматтары қаланы басқаратын әкімшілік орнатқан ережеге наразылық білдірді. Қарашаның екінші аптасында болған оқиға жайында әзірге ресми түсінік берілген жоқ.


Байқоңырда тұратын Қазақстан азаматтары қалаға кіріп - шығатын бақылау пунктінің маңындағы мотовоз жүретін теміржол желісін жауып тастаған еді. Олар Байқоңыр қаласына кіріп - шығудың белгілі сағат аралығында реттелуіне қарсы. Әсіресе, қала төңірегіндегі ауыл тұрғындары қатынастың осылай шектелгеніне қатты алаңдаушылық білдіріп отыр.

ҚОЗҒАЛЫС ШЕКТЕЛДІ

Қараша айынан бастап Байқоңыр қаласы маңындағы елді мекен тұрғындары кешкі оннан кейін қалаға не кіре алмайды, не одан шыға алмайды. Қаладағы қазақстандық тұрғындардың түсіндіруінше, бұған Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Александр Мезенцевтің көлік қозғалыстарын шектеу туралы қазанның 28-інде шығарған қаулысы себеп болған. Осының салдарынан бүгінгі таңда қала маңындағы Ақай мен Төретам тұрғындары кешкі мезгілде қалаға қатынай алмай, қиналып отырған көрінеді.

Мезенцев шығарған қаулы қарашаның 5-сі күні жергілікті «Байқоңыр» газетінде жарияланған. Онда қала басшысының қалада адамдар мен көлік санының уақыт өткен сайын артып бара жатқанын алға тартып, осы мақсатта арнайы ереже шығарғанын жазады. Оған сәйкес, Байқоңыр қаласында тіркелген тұрғындар көлігімен тәуліктің кез келген уақытында еркін қозғала алса, ал Төретам мен Ақайда тіркелген көліктер таңғы сағат алтыдан кешкі онға дейін ғана қалаға кіріп-шыға алады.

Сондықтан олар қалаға кіріп-шығатын бақылау пунктінің маңына өз наразылықтарын білдіру үшін жиналған екен. Сол наразылық жиынына қатысқандар өз талаптарының мәнісін былай түсіндіреді. Байқоңырда тұратын Қазақстан азматтарының көбісінің әке-шешесі мен туыстары Ақай, Төретам ауылдарында тұрады. Тұрғындардың айтуынша, қала мен бұл елді мекендердің арасы тіпті екі шақырымға жетпейді. «Олай болса неге бұл тұрғындарға қала тұрғындарының құқығын бермеске?» дейді олар.

Күнкөріс қамымен Байқоңырға күнде ағылатын қарапайым тұрғындар инфрақұрылымның жоқтығынан қаламен қатынасқа тәуелді болып отыр.

НАРАЗЫЛЫҚ ШАРАСЫ БАЙҚОҢЫРҒА ДА ЖЕТТІ

Байқоңырдағы Қазақстан азаматтары өз талаптарын жоғарғы жаққа жеткізу үшін соңғы кездері наразылық шарасын өткізуді жөн көріп отыр. Тұрғындардың айтуынша, қалада бұрын-соңды мұндай шара өткізілген емес. Қалаға келудің ресейлік әкімшілік енгізген соңғы тәртібін қаладағы қазақстандықтар бұрын болмаған оқиға ретінде атайды.

Наразылық шарасына қатысқан қала тұрғыны Нұржан Еспембетов өз басынан өткерген жағдайдың бірін Азаттық тілшісіне былай деп баяндап берді.

- Жақында бір кісінің келіні аяқасты ауырып, түнде ауруханаға түскен еді. Ата-енесі Төретамда тұратын. Келейін деп еді, оларды қалаға кіргізбей қойған. «Таңғы алтыдан соң келесіңдер» деген. Таяқ тастам жерде тұрып, туыстарына бара алмау деген енді құдай бетінен аулақ қылсын, өліп кеткен жағдайда жақындарын көре алмай кетеді ғой, - дейді ол.

Байқоңырда өткен наразылық шарасына қатысқандар қаладағы тәртіптің Қазақстан заңымен реттелуіне мүдделі. Осы шарада болған Төретам тұрғыны Серік Оспанов Азаттық тілшісіне былай деді:

- Түнде істейтін жұмысшылар бар. Олар енді қайтеді? Машина көбі көп қой. Бірақ олардың көбісі қаланың машиналары ғой. Машинаның көптігі деген меніңше, жай ғана сылтау ғана. Бұл не масқара?! Түсінбей отырмыз. Мұндай жағдай қала тарихында болмаған! Өзіміздің жерімізде тұрып өзіміздің қаламызды айыра алмағанымыз масқара боп тұр, - дейді


«НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ЕЛЕНБЕЙТІН ҚАЛА

Осы уақытқа дейін тұрғындар талабының негізінде жергілікті ардагерлер кеңесі осы мәселенің реттелуін сұрап «Нұр Отанның» Байқоңырдағы бөлімшесіне арыз жазған. Тұрғындардың айтуынша, әзірге жауап жоқ. Бұлай жалғаса берсе, байқоңырлықтар өз талаптарын ереуіл арқылы білдіретінін айтады.

- Жергілікті әкімшілік қанша шырылдағанмен Ресейдің әкімшілігі оларды көзіне де ілмей отыр. Мұнда осылайша Ресей заңымен өмір сүріп, Ресейдің заңына бағынып жүрміз. «Нұр Отанға» жауап беруге міндетті емеспіз» дейтіндер де бар. Қалаға депутаттар, министрлер келгенін естиміз. Облыстың әкімі келіп жатыр. Олардың кімдермен сөйлесіп жүргенін білмейміз, әйтеуір, қарапайым қазақтың жағдайын сұрап жатқан адам жоқ. Қай елдің заңымен өмір сүріп жатқанымызды білуден қалдық. Ана жерге барсаң: «Бұл – Ресей» дейді, мына жерге барсаң: «Сен – Қазақстанның азаматысың, Қазақстандікіне бар» дейді. Баратын жер жоқ болғандықтан амалсыз осы жерде жұмыс істеп келе жатырмыз, - дейді Нұржан Еспембетов.

ҚАЗАҚСТАН ӨКІЛДІГІ НЕ ДЕЙДІ?

Бұл мәселеге қатысты Байқоңырдағы Қазақстанның өкілдігіне хабарласқан кезде Қазақстан президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнайы өкілі, облыс әкімінің орынбасары Сәбит Қожаметов орнында жоқ болып шықты. Қабылдау бөлімінде отырған жігіт арнайы өкілдің бұл жайттардан хабардар екенін жеткізді.

- Бұл қаулы жөнінде негізі хабарлар түсті. Сәбит Қожаметовтың өзі Астанадан жаңа ғана келіп отыр ғой. Онымен жұмыстар енді жүргізіледі ғой, - деді Тұрар Жолмағамбет қарашаның 15-сі күні Азаттық тілшісіне.

Мәліметтерге қарағанда, Байқоңыр тұрғындарының үштен екі бөлігін Қазақстан азаматтары құрайды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG