Accessibility links

АҚШ-Мұсылман елдері қарым-қатынасы жаңа арнада


“Құрама Штаттар мен Мұсылман әлемінің қарым-қатынасы туралы жоба” деп аталатын жаңа топ сәрсенбі күні баяндамасын жариялады.

Бұл құжат тараптар арасындағы байланыстарды нығайту арқылы мұсылман экстремистерінің әрекетіне тосқауыл қою мүмкіндіктерін қарастырып отыр.

Бір айдан кейін жаңадан сайланатын АҚШ президентінің басты міндеттерінің бірі - Мұсылман елдерімен байланыста дипломатияға көп жүгіну. Құрама Штаттардың түрлі салалардағы аса танымал басшыларынан құралған бұл топ осы тақырыпты зерттеу ісімен бірнеше айлардан бері айналысып келеді.

Қыркүйектің 24-інде жарық көрген бұл баяндама “Бағытты өзгерту: Құрама Штаттардың Мұсылман әлемімен байланысындағы жаңа межелер” деп аталады.

Баяндаманың жасаған басты қорытындыларының бірі - толып жатқан қақтығыстарға қарамастан, америкалықтардың және әлем мұсылмандарының көпшілігі бейбітшілікті, достық байланыстарды, әділ билікті, берекені, құрметті қалайды. “Арамыздағы түсініспестіктердің төркіні өркениеттер теке-тірестері емес, саясаттар мен іс-қимылдардың қақтығыстары”, делінген аталған құжатта.

“Құрама Штаттар мен Мұсылман әлемінің қарым-қатынасы туралы жоба” деп аталатын бұл жаңа топтың құрамында түрлі салаларда тәжірибелер жинақтаған, америкалық 34 белгілі азамат жұмыс істеуде. Олардың үштен бір бөлігі - мұсылмандар. Екеуі - Конгрестің бұрынғы мүшелері. Сондай-ақ бұрынғы АҚШ мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт пен Ақ үйдің бұрынғы жоғары лауазымды тұлғасы Ричард Армитейж де топ құрамына еніп отыр.

“АҚШ-тың Мұсылман әлемімен байланысын жақсарту - Құрама Штаттар мен әлемдік қауіпсіздік үшін өте қажет бағыт” деген ұстаным басшылыққа алынған негізгі идеялардың бірі. Зерттеулер барысында аталған топ мынандай қорытындыға келді: президент Джордж Буштың “Лаңкестікке қарсы әлемдік күрес” деген саясаты жеткіліксіз, тіпті кейде "қауіпсіздікті нығайту ісіне нұқсан келтіретін ұстаным" болған. Себебі, бұл бағыт "экстремизмнің себептерін анықтап, онымен күресе алмады" делінген ол баяндамада.

Зерттеу тобының анықтағанындай, билігі нашар жұмыс істейтін, саяси қуғындау белең алған, сауатсыздық пен жұмыссыздық жайлап кеткен елде экстремистердің Ислам атын жамылып, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік туады екен.

“Құрама Штаттар мен Мұсылман әлемінің қарым-қатынасы туралы жоба” деп аталатын бұл жаңа топтың жасаған қорытындысы бойынша, теке-тірестердің себептерін жаңаша тәсілмен талдап, жаңа бағытты айқындау арқылы АҚШ-тың да, Мұсылман әлемінің де негізгі қызығушылықтарын бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік бар болып отыр.

Ол үшін АҚШ үкіметі мен жеке секторлардың Мұсылман елдеріндегі әріптестерімен төрт бағыт бойынша жұмыс істегені ләзім. Атап айтқанда: теке тірестерді дипломатия арқылы шешу, мұсылман елдеріндегі билік жүйесін жақсарту, Мұсылман әлеміндегі экономикалық жан-жақты дамуға қолдау көрсету, өзара құрмет пен түсіністікті қалыптастыру. Осы бағыттарды жүзеге асыру тәсілдері аталған баяндамада жан-жақты түсіндірілген.

Бұл баяндаманың жеке даналары президенттікке үміткерлер Джон МакКейн мен Барак Обамаға және Конгрестің кейбір мүшелеріне жіберілген болатын. Егер олар әлгі баяндаманы мұқият түрде оқып шықса, онда жаңа қызметтерінде басшылыққа алуға болатын талай кеңестерді табар еді.

АҚШ-тың келесі президенті бұл қызметіне ресми түрде келер жылдың 20-шы қаңтарында кіріспекші. Сол салтанатта сөйлейтін сөзінде “жаңа президенттің АҚШ пен Мұсылман әлемі байланыстарын жақсартудың маңыздылығына тоқталуына мүмкіндік туар еді” дейді баяндама авторлары.
XS
SM
MD
LG