Accessibility links

Жовтисті қолдап акция өткізген Свиридовтің ісі әкімшілік сотқа жіберілді


Полиция Андрей Свиридовтың ұсталғаны турал хаттаманы толтырып жатыр. Алматы, 16 қыркүйек, 2009 жыл.
Полиция Андрей Свиридовтың ұсталғаны турал хаттаманы толтырып жатыр. Алматы, 16 қыркүйек, 2009 жыл.

Құқыққорғаушы Евгений Жовтистің ісіне қатысты соттың әділ өтуін талап еткен журналист Андрей Свиридов сәрсенбі күні Алматының Арбатында наразылық акциясын өткізгені үшін үсталып, оның ісі әкімшілік сотта қаралатын болды.

«Бүгін – Жовтис, ертең – сен!» наразылық акциясы жалғасын тапты: тәуелсіз журналист Виктор Ковтуновскийдің қазақстандық құқыққорғаушы Евгений Жовтиске шырағылған сот үкіміне қарсы пикетін тура бір апта өткенде журналсит құқыққорғаушы Андрей Свиридов қайталады.

Андрей Свиридов қолына: «Евгений Жовтиске соттың әділ болғанын талап етемін» деген жазу ұстап тұр. Алматы, 16 қыркүйек 2009 жыл.
- Саяси репрессиялар заманы артта қалған сияқты көрініп еді. Өкінішке қарай ол қайтып оралыпты. Совет үкіметі Александр Жовтисті қамауға батылы бармап еді. Бүгінгі күні оның ұлы Евгений Жовтисті билік, қайғылы оқиғаны пайдалана отырып, құқық қорғау әрекеті үшін жазалағысы келіп отыр. Мен оны босатсын деп отырған жоқпын, мен Жовтиске қатысты соттың әділ өтуін талап етемін, - деді Андрей Свиридов.

Оның пікірінше, сот әділ өткен жағдайда Евгений Жовтис ақталып шығуы әбден мүмкін еді.

- Соған қарағанда, жүйе күн өткен сайын жаңа реңмен түлейтін сияқты. Мұндай эволюцияны тоқтату керек. Бізге заңның сақталуы мен процестің тұтастығы бағытындағы эволюция қажет. Осының бәрін әділ сотқа қатысты айтып отырмын, - деді наразылық акциясын өткізуші.

ЗАҢ КОНСТИТУЦИЯДАН ЖОҒАРЫ

Андрей Свиридов осы күн үшін арнайы дайындаған жейдесін киіп, әділ сотқа қатысты өз ойын білдіре бастаған сәтте-ақ бұл маңға Алмалы аудандық прокурорының орынбасары Гүлнәр Ахмедиева келді.

Алмалы аудандық прокуратурасының өкілі Гүлнәр Ахмедиева. Алматы, 16 қыркүйек 2009 жыл.
- Мұндай акцияны өткізу заңсыз. Өйткені сізде жергілікті атқарушы органның рұқсаты жоқ. Әлде бар ма? Бар болса көрсетіңіз, – деп сұрады ол.

Свиридов болса талап етілген құжаттың орнына ҚР Конституциясын көрсетіп, азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын қарастыратын баптарды оқып берді. Алайда прокуратура өкілі заңдар басқаша сөйлейтіндігін түсіндіріп бақты.

- Бірақ бұл құқық заңдармен шектелуі мүмкін. Бейбіт жиналыстар, шерулер, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткізу туралы заңда тіпті басқаша көрсетілген. Сондықтан мен сізге заңды түсіндіріп тұрмын: сіздің әрекетіңіз заңсыз. Оның үстіне (Евгений Жовтиске қатысты шығарылған сот шешімін) апелляциялық инстанция қараған жоқ. Ал бұл дегеніңіз сотқа қысым жасау, - деп ескертуін еселей түсті Гүлнәр Ахмедиева, пикет өткізушінің қолына ұстаған қағаздағы жазуды меңзеп.

Андрей Свиридов қолына «Евгений Жовтиске әділетті сот талап етемін» деген жазуы бар плакат ұстап, үстіне «Бүгін Жовтис, ертең сен» деген жазуы бар жейде киіп алған-ды.

Свиридов прокурор өкілінің ескертуімен келіскісі келген жоқ:

- Сотқа қысым жасап отырғанның дәл өзі сіз боласыз. Менің ондай қысым көрсететін өкілетім жоқ.

Ахмедиева мен Свиридов арасындағы пікірталас көпке созылған жоқ. Өзінің ескертулерінен нәтиже шығара алмаған соң прокуратура өкілі Арбаттың қақ ортасында Свиридов маңына жиналған топтан шетке ығысып, погондылардың қасынан табылды.

ХАТТАМА АРБАТТА ТОЛТЫРЫЛДЫ

Осы сәтте Арбатта полиция формасындағылар саны көбейе түсті. Бұл уақытта Свиридовтің өзі қағазын орап кетуге бет алған еді. Оны Алмалы аудандық ішкі істер басқармасының капитаны Жасұлан Байкенов тоқтатып, өзімен бірге полицияға жүруін талап етті. Свиридовтің маңайына жиналған жұртшылық заң бұзышылық туралы хаттама толтырылмағандығын айтып шулады.

Полиция капитаны бұл құжаттың мекемеде дайындалатындығына көпшілікті сендіргісі келіп еді, Свиридов оған келіскісі келмейтін ишарат білдірді. Капитан Байкенов өзінің қарамағындағыларға хаттама толтыр деп бұйырды. Сөз арасында ол қызметтестеріне «саспаңдар» деп ескерту жасағандығын да айта кету керек. Ал құқыққорғаушы Свиридов болса қажетті рәсімнің оқиға болған жерде жүзеге асырылғанына қуанды, бірақ хаттамаға қол қоюдан бас тартты. Оның пікірінше, хаттама дұрыс толтырылмаған.

- Бұл жерде әкімшілік кодекстің 373- бабы деп жазылған, оның қандай бөлімі екендігі айтылмайды. Сипаттамасы берілмеген. Сонда заң бұзушылықтың сипаты, заң бабының сипаты қайда? – деп сұрады Свиридов хаттама толтырушыдан.

«Қол қоясыз ба?» деп бірнеше мәрте сұраған полиция капитаны, Свиридовты көндіре алмаған соң, өзінің көмекшілеріне «бас тартты деп жаз» деген нұсқау берді де, наразылық акциясын өткізушіден полиция көлігіне отыруын талап етті. Свиридов қарсылық білдірген жоқ.

Сәрсенбі күні Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы Андрей Свиридовты үш сағат ұстап, оның әкімшілік ісін түстен кейін сотқа жолдады. Сот қыркүйектің 17-і күні Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында сағат 10-да болады.
XS
SM
MD
LG