Accessibility links

Мұнай компаниялары үшін экологиялық төлемдер ұлғайды

  • Баян СӘРСЕМБИНА

Облыстық мәслихаттың 14 сессиясы. (солдан оңға қарай) Ақтөбе облысының әкімі Е.Сағындықов, сессия төрағасы,депутат Нұр Сабдықов, облыстық мәслихаты хатшысы Амангледі Есіргепов. Ақтөбе, 13 наурыз, 2009жыл.

Облыстық мәслихаттың 14 сессиясы. (солдан оңға қарай) Ақтөбе облысының әкімі Е.Сағындықов, сессия төрағасы,депутат Нұр Сабдықов, облыстық мәслихаты хатшысы Амангледі Есіргепов. Ақтөбе, 13 наурыз, 2009жыл.

Шикізат шығарушы компаниялар биыл жергілікті бюджетке 17 миллиард теңге экологиялық төлемдер аударады. Жаңа Экологиялық Кодекске сай ауаға шығарылатын ластаушы заттар қатары толыққан. Облыстық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сессиясында экологиялық төлемдер үшін облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа депутат Жеңіс Сейітмағанбетов қарсы шықты.

Облыстық мәслихаттың депутаты Жеңіс Сейітмағанбетов Ақтөбе жерінен жылына 6 миллион тонна мұнай шығарып отырған, бақылаушы пакеті Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясына тиесілі Ақтөбедегі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясынан жергілікті мәслихатқа сайланған депутат. Оның айтуынша, экологиялық төлемдердің артуы онсыз да қиындыққа тап болған мұнай компанияларының жұмысын тұралатып тастайды.

Бұл жерде депутаттың келіспеушілігін тудырған жайт: жаңа Экологиялық Кодекс бойынша мұнай өндіруші компаниялар бұрын ауаға ілеспе газбен бірге шығатын көмірсутегі, метан, көмірсутегі тотықтарына ғана айыппұл төлесе, ендігі жерде ластаушы заттар тізімі күкірт диоксиді, азот диоксиді, күкірт сутегі және метанмен толықтырылды. Бұл жерде таңдау айқын: кез келген компания не экологиялық айыппұл төлейді, не төлемдерден қашса, қалдықтарды өңдеуге тиісті.

Депутат Жеңіс Сейітмағанбетовтың қарсылығына облыс әкімі Елеусін Сағындықов:

«Жеңіс, мұның саған несі ұнамайды? «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» газ өңдеуші зауыт салып, ілеспе газды кәдеге жаратып жатыр. Қайта азот пен күкірт диоксидін ауаға таратқаны үшін бірнеше миллиардтар төлеуге мәжбүр болған басқалары ілеспе газды өңдеп бер деп сендерге жалынады. Сіздің компания үшін алаңдатарлық реті жоқ. Қайта олардан шикізат қабылдап, пайда таппайсыңдар ма?» - деп, депутатқа қарсы сұрақ қойды.
Ақтөбе облыстық мәслихатының 14 сессиясының жұмыс сәті. Ақтөбе, 13 наурыз, 2009 жыл.


Бірақ депутат Сейітмағанбетов облыс әкімінің пікірімен келіскен жоқ. Бір қарағанда, Жаңажол елдімекенінде үш бірдей газ өңдеуші зауытқа иелік етіп, Ақтөбе рыногына мықтап бекінген «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жағдайға қарай әрекет етіп жатыр. Бұл жерде алаңдатарлық мәселе басқада.

Соңғы жылдары Ақтөбенің мұнай өндіретін аудандарында қытай капиталымен құрылған серіктестіктестер қаптап кетті. Бұл серіктестердің қожайындары жергілікті кәсіпкерлер. Олар мұнай өніруші «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ын және кеніштерде құрылыс салумен айналысатын Қытай инженерлік-құрылыс компаниясын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді өз міндетіне алған.

Серіктестіктер мемлекеттік сатып алу жөнінде тендерге қатысып, нәтижесінде жеңіске жетпейді. Себебі, тапсырыс беруші қытайлық компания ұсынған қажетті жабдықтар Қазақстанда табылмайды да, әлгі серіктестіктер Қытайдан тапсырыс береді. Сөйтіп, қазақстандық үлестегі серіктестік Қытайдан жабдықтар жеткізуші рөлінде ғана. Осылайша мұнай өндірісінде қазақстандық тауар пайдаланылмайды.

Ал, сырт қарағанда, «СНПС-Ақтөбемұнайгазға» қатысы жоқтай көрінген мұнай шығарушы шағын компаниялар жаңа Кодекс бойынша бұрын ластаушы заттар тізіміне енгізілмеген азот диоксиді, күкірт диоксиді және метанды ауаға таратқандары үшін ірі компаниялармен бірдей айыппұл төлемекші. Жеңіс Сейітмағанбетовтың айта алмай отырғаны осы жағдайлар болса керек. Өткен жылдың желтоқсанында Жаңажол мұнай кенішінен 8 шақырым жерде мұнай шығарумен айналысатын «Северная Трува» серіктестігінде дәнекерлеу жұмыстары кезінде цистерна жарылып, бірнеше жергілікті жұмысшы оқиға орнында қаза тапты. Өндірістегі апатты тексеруге кіріскен еңбекті қорғау департаменті мамандарының қорытындысы әлі жарияланған жоқ.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Жақсығали Иманқұлов «бұрын ең ластаушы заттар экологиялық төлемдер санатына енгізілмеген еді», - дейді.

Айыппұл мөлшерін арттырғанымен де, Ақтөбе облысының мұнай шығарушы Мұғалжар, Темір, Байғанин аудандарында экологиялық ахуал бірден түзеліп кетеді деу қиын.

Облыстық мәслихаттың депутаты, жергілікті фермер Аманғос Төлеуов «мұнай кеніштерінен ашық далада жанып жатқан алау, онымен қоса күкірттің таралуы ауыл шаруашылығына қатты әсер етуде. Соның кесірінен құрғақшылық жылда қайталанып, жауын-шашынның мөлшері күрт азайды», - дейді.

Айта кету керек, соңғы үш жылдан бері Ақтөбе облысындағы экологиялық ахуал төңірегінде мәслихат сессиясында бірде-бір рет көтерілмеді. Бірыңғай «Нұр Отаннан» жасақталған депутаттар үшін де осы күрделі де ауқымды мәселе жабық тақырыпқа айналды.
XS
SM
MD
LG